Замана тақырыбын жазу өте қиын. Замандас бейнесін жасау одан да күрделі. Ал драманың әдебиеттің бір төл баласы екендігін ескерсек, бүгінде шығармада заманауи кейіпкерлер бейнесінің сомдалуы – кезек күттірмейтін мәселелер қатарында.

Иә, заманауи драматургия дегенде, өнерді бағалаушы ең әуелі шығарманың көркемдігінен бөлек, қоғамның өзекті түйткілдерін драма арқауына айналдырып, кейіпкер сомдауды да сол өлшем аясынан өрістетуді көксейді. Сахналық шығармадан әркім айналасындағы ахуал мен өз замандастарының бейнесін көркем образда көре алса һәм туынды оқырманын (көрерменін) соны ойларға жетелей алса – драматургия жанрының басты талабының орындалғаны. Осы талап тұрығысынан келгенде Оралхан Бөкейдің драматургиядағы қайталанбас қолтаңбасы, әсіресе замандастар бейнесін сомдауда айрықша дараланады.
«Құлыным менің» – психологиялық драма. Айтулы пьесаның сахналанғанына жарты ғасырдан асыпты. Алғаш рет 1974 жылы режиссер Қадыр Жетпісбаевтың қолтаңбасында көрерменімен қауышқан драма ұзақ жыл бойы М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ драма театры сахнасында үзіліссіз қойылды.
Айтулы шығармада әр кейіпкер өзіндік мінез ерекшелігімен, өмірге деген көзқарас-танымымен, өскен ортасымен ерекшеленеді. Сол өмірді тану мен қабылдаудағы таным алшақтығы да драманың негізгі қайшылығын түзеді. Қаланың шулы ортасының көрігін қыздырған жастардың психологиясы мен Бозтайлақ сынды даланың еркін өскен ұланының ұлттық тіні берік, тамыры бекем, тұнығы шайқалмаған болмысы текетіреске түседі. Бозтайлақ – қаймағы бұзылмаған қазақы қалыптың айнасы. Ардакүреңдей арғымақты айнымас серігіне балаған Бозтайлақтың бойында бүгінгі ғылыми-техникалық төңкеріс тонаған тектілік пен тұнықтықтың лайланбаған қайнары бар. Сондықтан да ол өзгелер өре түрегеле ұмтылып, таңсық көре тамсанып жатқан тексіздену мен ұлтсыздануға үрке қарап, айналасын қоршаған қоғамнан оқшауланады. Шетсіз, шексіз ен далада еркін тірлік кешуді таңдайды.
Пьесадағы Жанның да, Анардың да мінезі өзінің күрделілігімен қызық. Әсіресе Анар болмысының қыр-сыры мол. Анар үшін ауыл, қазақылық, еркіндік дейтін ұғымдардың басында әже деген аяулы есім тұр. Сол үшін де бойжеткен Бозтайлақтың құтмекенін – ауылды бетке алады. Бозтайлақпен жақынырақ танысып, сыр алысқан жастардың танымында енді шын мәнінде төңкеріс жүреді. Әжесінің бойынан ғана сезінген қазақы дарқан пейіл мен шексіз мейірімді Анар енді Бозтайлақтың тау тұлғасы мен текті тұрпатынан табады.
Ал шығармадағы бас кейіпкерлер диалогтері арқылы қоғамның түйткілді мәселелері талқыға түседі. Жастар психологиясының қатпары мол күрделі қырлары ашылады. Театр сыншысы Әшірбек Сығайдың өз зерттеуінде қалдырған тұжырымына сүйенсек, «Оралхан, негізінде, проблема қоюға, тартысты материал жасауға, шынайы шыншыл кейіпкерлер сомдауға құштар еді. Қаһармандарының барынша қаны тулап, қайратқа мол болып жатуын қалайтын қаламгер философиялық өреге ұмтылып, қажымас, қайтпас жандардың нақтылы кескінін жасауға құмар болды».
Жазушының шығармаларында кескіндеген кейіпкерлері – рухы мықты, арманы асқақ, өмірге бар пейілімен ғашық романтик жандар. Сол мөлдір әлемі көп жағдайда оларды өз ортасынан, қоғамынан жатсындырып, оқшау тіршілік кешуге итермелейді. Мәселен, «Текетірестегі» Ақтанның әлеміне, «Атау кередегі» Ерік пен Тағанның өмірге деген көзқарасына, «Мен сізден қорқамын» драмасындағы Ақбота мен «Жылымықтағы» Жанардың рухани қиналысына, болмаса «Қар қызындағы» Аманжан, Бақытжан, Нұржандардың ішкі жан дүние қатпарларына үңіліп зерделер болсаңыз, әрқайсысының бір-біріне мүлдем ұқсамайтын мөлдір мұңы мен жан әлемінің жалғыздығына жолығасыз.
Жалпы, шығарма (оқиға) түйінін жұмбақ күйде қалдырып, соңғы түйінді оқырман (көрерменнің) өзіне қалдыру – әсіресе драматургия жанрындағы ұтымды тәсіл екенін қаламгер жақсы түсінеді және осы жұмбақтап жеткізуді – қызықты сюжет құрудың құпия кілті ретінде әр шығармасының өзегіне айналдырады. Сондықтан да Оралхан Бөкей туындылары бірсарынды, бірсыдырғы емес, керісінше, құпиясы мен сыры мол, қым-қиғаш оқиғаға құрылған, қиялға бай, динамикасы күшті туындылар ретінде оқырманы мен көрерменінің жүрегінен бірден орын алады. Мәселен, «Дегенмен, деп ойлаймын мен, Құмар суға кетерде қолын неге бұлғады екен?» деп түйіндейді «Құмар қол бұлғапты» хикаятының соңын. Қаламгер жұмбағы. Осы жұмбақ оқыған жанның ойында қалып қояды. Шығарма соңында автормен бірге оқырманы да: «Құмар суға кетерде қолын неге бұлғады екен?» деп тұңғиық ойдың тереңіне батады. Оқиға әсерінен айыға алмай, ұзақ уақыт рухани толғанысқа түседі. Теңіз үстімен ботасын жетелеп күнге бет алған қыз суреті... («Жетім бота»). Айқай мен Жаңғырық! («Біздің жақта қыс ұзақ»), Оспандар қай вагонда кетіп барады екен? («Өз отыңды өшірме»), Ақшағыл шыңға ДТ-54 тракторымен өрмелеп бара жатқан Есен... («Аспирант қыздың тракторшы жігіті») немесе иен далада дүрсілдеп әрі-бері өтіп жатқан пойыздар... Аспанда ерсілі-қарсылы ұшып жатқан самолеттер... Сол алып ғаламның бауырында құмырсқадай қыбырлаған қарапайым пенделер тірлігі... – мұның барлығы да сиқырлы ғаламның пендесіне ұсынған тосын сауалдары, қаламгердің өз оқырманына жасырған жұмбағы, суреткерлік құпиясы. Оқырманды да, авторды да, ғаламды да ойланбасына қоймайтын түйіндер бұл.