Қоғам 27 Қаңтар, 2025

Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару тәркіленді

95 рет
көрсетілді

2025 жылдың басынан бері жедел іздестіру шаралары барысында 20 бірлік атыс қаруы мен травматикалық қару тәркіленді, оның ішінде 4 қару қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, сондай-ақ 6 граната мен әртүрлі калибрлі 150-ден астам оқ-дәрі тәркіленді.

Алматы қаласының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы тергеу изоляторының қызметкерлерімен бірлесіп, Түрксіб ауданында қару жасырылған жерді анықтады. 3 шолақ мылтық, 3 тапанша, 4 граната, шамамен 50 патрон, сонымен қатар қаңтар оқиғасы кезінде қару-жарақ дүкенінен ұрланған карабин тәркіленді.

Тараз қаласында 2 шолақ мылтық және қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған жауынгерлік арбалет табылды.

Ақтөбеде 56 патроны бар ТОЗ винтовкасы мен Ф-1 гранатасы тәркіленді.

Алматы облысында 2 қару, РГД-5 гранатасы және Калашников автоматының 20 патроны, сондай-ақ қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 2 Макаров тапаншасы табылды.

Талдықорған қаласында жергілікті тұрғынның автокөлігінен 5 травматикалық тапанша тәркіленді.

«Соңғы екі жылда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністері заңсыз айналымнан 1000-нан астам қару-жарақ тәркіледі, оның ішінде қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 130 қару бар. Бұл бағыттағы жұмыс Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында», деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.