• RUB:
    6.06
  • USD:
    515.18
  • EUR:
    570.66
Басты сайтқа өту
Өнер 01 Ақпан, 2025

Алматыда «Birlik» ансамблі өнер көрсетті

54 рет
көрсетілді

«Almaty Theatre» сахнасында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы «Birlik» ансамблінің концерті өтті. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған Гала-концерт – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеу аясын­дағы 2025 жылдың басты оқиғаларының бірі.

Концерттік бағдарламада Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Татарстанның танымал хореограф­­­тарының қойылымдары ұсы­­­нылды. Жаңадан құрылған жас шы­ғар­ма­шылық ұжымның Алма­­тыдағы алғашқы концертін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сондай-ақ мәдениет, өнер және қоғам қайраткерлері тамашалады.

Белгілі өнер шеберлері мен жас таланттар жаппай және жеке хореографиялық композиция­лар, аспаптық және вокалдық нөмір­лерді орындады. Алматылық тал­ғампаз көрермен алдында шабытпен орындалған «Күй шашу» биі, халық әндерінен попурри, ұйғыр, корей, татар билері және басқа да сахналық қойылымдардан заманауи ізденіс іздері танылып, тамашалаған қауымды тәнті етті.

Іс-шараға Роза Бағланова атын­дағы «Қазақконцерт» мемлекет­тік академиялық концерттік ұйы­мының «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры, А.Жұбанов атын­дағы музыка мектебінің талантты оқушылары, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық кол­леджінің «Достлуқ» ұйғыр ха­лық аспаптар ансамблі, «Рухсара» би ұжымы, «Нава» ансамблі және «Бахар» кавказ би ансамблі қатысты.

– Бұл – ұлттар мен мемлекеттер арасындағы мәдениетаралық диалогтің үлгісі. Бейбітшілік пен мәдени дипломатияның туын көтерген ансамбль Орталық Азияның ғана емес, күллі әлемнің бірлігі үшін үн қатады. Шығармашылық ұжымның құрамында әртүрлі ұлт­тың талантты ұл-қыздары өнер көр­сетеді. Негізінен хореография академиясының түлектері жұмыс істейтін «Birlik» ансамблінің құрыл­ғанына бір жыл ғана болса да, осы уақыт аралығында ол Түркия, Ресей, Түрікменстан көрермен­де­рі­нің ал­дында табысты өнер көрсетті. Ансамбль құрамында өзге әртістен бөлек, 24 биші бар. Биыл алғаш рет Еуропаға сапар шегіп, Париж төрінде концерт беруді жоспарлап отырмыз, – дейді «Birlik» ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі бишісі Анель Марабаева.

Концерттің басты мақсаты – көрермендерді әртүрлі этностар­дың би, ән және музыкалық шығар­ма­ларын қамтитын еліміздің бай ұлттық өнерімен таныстыру. Кон­церт еліміздің бірлігі мен мәдени әртүр­лілігін көрсететін, келісім идея­ларын насихаттауға шақыратын шығармашылық алаңға айналды.

Айта кетейік, «Birlik» ансамблі 2024 жылдың 1 наурызында құрыл­ды. Бұл – Қазақстан мен ТМД-дағы алғашқы көпұлтты ән мен би ансамблі. Ұжымның бірегей репертуары қазақ халқының тарихымен және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуымен тығыз байланысты этностардың музыкалық мұрасы мен өнерін қамтиды.

Елдің ынтымағын дә­ріп­­теп, әр ұлттың өнері мен мә­дениетін өрістетуді мақсат еткен «Birlik» ансамблінің құрылғанына жылға жуық уақыт өтсе де, ұжым мүшелері осы концерт арқылы қысқа мер­зім ішінде репертуар қорын толық­ты­ру­да талмай еңбек еткенін танытты. Концерт соңында Мәдениет және ақпарат министрлігінің атынан шығармашылық ұжымға ықылас гүлі тарту етілді.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар