Халықтық дәстүрде ән салу, жыраулық өнер, ұлт аспаптарында ойнап, сүйемелдеу дәстүрі бүгінде бізге атадан-балаға, ғасырдан-ғасырға мирас болып келе жатқан қасиетті құндылықтар болып саналады. Сол дәстүрлі өнердің өкілдері туралы айтқанда, көш басында маржандай тізіліп Дина Нұрпейісова, Кенен Әзірбаев, Майра Шамсутдинқызы, Күләш Байсейітова, Жамал Омарова, Рахия Қойшыбаева, Әміре Қашаубаев, Әбікен Хасенов, Жүсіпбек Елебеков, Роза Бағланова, Рабиға Есімжанова сияқты тағы да басқа шоқтығы биік тұлғалар тұрар еді. Солардың ішінде мен үшін әншілік мектебінің орны бөлек, кезінде жезтаңдай әнші атанған қоңыр үнді аяулы апамыз Қазақстанның халық әртісі, әнші-актриса Рабиға Есімжанқызы туралы әлі де айтылмаған, шертілмеген сырлар ұшан-теңіз.
Рабиға апамыз 1914 жылдың 5 қаңтарында Ақмола облысы Қорғалжын ауданының «Талдысай» ауылында дүниеге келген. Ерекше дарын иесі өнерлі отбасынан шыққан жан. Арғы атасы Бабақ, әжесі Өрік өткен ХІХ ғасырда қазіргі Ақмола облысы, Қорғалжын ауданында туып-өскен, екеуі де ел таныған әйгілі әнші болған көрінеді. Олардан туған балалары, төрт ұл, төрт қыз, атап айтқанда: Сейітжан, Қосымжан, Досымжан, Есімжан, Гүлжәмила, Бижан, Қанша, Бағира бәрі де әншілік, күйшілік өнерді сүйген сауықшыл жандар болған. Бабақ қарттың үйінде күн сайын ертелі-кеш ән шырқалып, күй тартылып, домбыраның әсем үні естіліп жатқан. Өйткені, өздерінің өнерлі ұл-қыздарын жинап алып, оларға кезекпен ән айтқызып, күй тартқызып, сауықшыл жастардың көкірегіне өнердің отын маздатып отыру отбасында әдетке айналған. Бабақтың өзі ән салғанда даусы алты шақырым жерге жетеді екен. Рабиға сол Бабақ ақсақалдың Есімжан баласынан туған жалғыз қыз. Анасының аты – Тайкен. Рабиғаның бойындағы өнердің ұшталуына ағасы Қосымжанның көп ықпалы тиген. Ал оның өзі кезінде әйгілі әнші, /даусы тенор/ белгілі композитор еді. Қосымжанның «Темірші», «Завод», «Машина», «Отан үшін» деген белгілі әндері қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы. Кезінде М.Әуезов Қосымжан Бабақовтың даусын ерекше ұнатып, жылы пікір білдірген. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, жас Рабиға алдыңғы аға-апаларының өнерлерін көре жүріп, әнге бала күннен ғашық болып өседі. Сөйтіп, сырнайдың сүйемелдеуімен жұрт алдына шығып ән шырқай бастайды. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде-ақ, «әнші қыз» атанып, аудандық, аймақтық ән жарыстарында жүлделерге ие болады. Өзінің табиғи дарындылығымен халықтық дәстүрдегі әндерді үйреніп, оның мектебінен өтіп, музыкалық сауатын ашады.
Сырнайға қосылып салған оның Мәриям Жагорқызының «Дударайы», халық әндері «Әпитөк», «Әупілдек», «Маусымжан», «Маңмаңгер», «Ләйлім шырақ», «Жалғыз арша», «Секіртпе», т.б. халық әндері ауылды ұйытып, қоңыр үнге қойлы ауылдың аспаны түгел тербеліп тұрды.
Рабиғаның орындауындағы сазды да назды әндер жүрегіңді елең еткізбей қоймайды. Ән еркесі атанған арқаның аруы Рабиға Есімжанқызы КСРО халық әртісі, халқымыздың бұлбұлы атанған Күләш Байсейітова, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Шара Жиенқұлова, Әбікен Хасеновтермен қатар ән қанатында самғады.
Рабиға апамыз өнер жолындағы аға-апалары туралы былай тебіренген екен: «Біз Сәкен Сейфуллин ағайды қонаққа шақырдық ( ол 1932 жыл). Әміре, Жүсіпбек, Күләш және мен ән салдық. Әбікен бірнеше күй тартып берді. Тыңдап болған соң, бізге Сәкен ағай: «Төртеуің төрт түрлі әншісіңдер, бірақ Күләш алдына жан салмайтын әнші болады» – деді. Мінеки, Сәкен ағаның бұл сөзі көрегендік екеніне көзіміз жетті. Күләш мені еркелетіп Рәш деуші еді. Театрға жиі алып баратын. «Сен менің залда отырған көзімсің» – дейтін. Менің Күләш Байсейітовамен ұзақ жылдар жастық шағым бірге өтті. Елден келген бетімде Күләш құшағын жайып «әнші қыз келді!» деп қуанып қарсы алды. Үйінде үш жыл өзімен бірге тұрдым. Бірге жүрдік, ол кезде театр киімге кедей болатын. Бір көйлекті сахнаға кезек киіп шықтық. Концертке Күләш бұрын шықса, ол киіп, мен бұрын шықсам, мен киетінмін. Нөміріміздің арасында уақыт тығыз болса, күтіп тұрып, «тез шеш!» деп бірімізді-біріміз асықтыратынбыз. Жарты нанды бірге бөліп жедік, бірге ән салдық осы күнді сағынамын, іздеймін».
Сөйтіп, Рабиға отбасы жағдайымен Семейге көшеді. Еңбек жолы Семей облыстық музыкалық драма театрында актриса болудан басталады. Бойындағы талантымен, әншілігімен өнерлі аға-апаларының назарына ілігеді. Семей облыстық музыкалық драма театрының белді мүшесі атанып, өзінің армандаған «әнші-актер» болу мақсатына жетеді.
1931-1946 жылдары Қарағанды, Алматы қалаларындағы театр труппасында қызмет етеді. М.Әуезовтың «Еңлік-Кебегінде» – Еңліктің, «Айман-Шолпанда» – Айманның, Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде» Жібектің бейнелерін, т.б. рөлдерді шеберлікпен сомдап, халықтың шексіз ризашылығына ие болады. Өзінің көп қырлы, алуан сырлы дарынының арқасында, драмалық бейнелерді сомдап, актерлік шеберлігінің шыңдалғанын көрсете алды.
Рабиға апамыздың Алматы қаласында 1946 жылы Қазақ радиосының әншісі болып қызмет істей жүріп, көптеген халық әндерін радиоға жаздыруы өз алдына бөлек әңгіме. Әсіресе, өзінің туып-өскен, балалық шағының өткен жері Қорғалжын ауданына концерттік бригадамен барып, Арқаның аязына қарамастан, қаңтар-ақпан айларында «Құмкөл», «Майшұқыр», т.б. совхоз-колхоздарды аралап, еңбекші халықтың көңілін көтерген қыруар еңбектері дала қызының табиғатына ғана тән өнеге еді.
Рабиға апамыздың орындауындағы халық әндері «Бір бала», «Екі жирен», «Ахау, Семей», «Бипыл», «Көкемай»,«Ағажан, Ләтипа», «Секіртпе» және композитор С.Кәрімбаевтың «Жетісу», т.б. әндері бүгінгі күнге дейін тыңдаушыларының жадында сақтаулы. Рабиға әнші өнер мен өмірде бірдей шыңдалған жан. Өзінің адамгершілік тұлғасымен де ерекшеленген аяулы апамыз, әріптестерінің ешқашан көңілін қалдырған емес.
Біздер бала кезімізден Қазақ радиосының әуе толқыны арқылы талай күміс көмей әншілерді тыңдадық, солай бола тұрғанмен, олардың өнері мен өмірі жайлы аса көп біле қоймайтынбыз. Ал өткен ғасырдың 80-жылдары Алматы қаласында құрылған халық музыка аспаптары мұражайы жанындағы «Сазген» этнографиялық ансамблінің дайындығы кезінде әншімен жақынырақ танысудың сәті түсті. Орта бойлы, бұрымды, жүзі жылы Рабиға апамызды сонда алғаш рет көріп едім. Өзімнің әке-шешем де /марқұм Бихаят Ғалиахметқызы мен Бахриден Жаубасұлы/ Күләш Байсейітова, Рахия Қойшыбаева, Жамал Омарова, күйші Әбікен Хасенов, Жүсіпбек Елебеков пен Рабиға Есімжанова сияқты танымал тұлғалардың өнерлеріне куә болғандарын талай мәрте ықыластана әңгімелеп еді. Содан болар бұл есімдер санамызда сары алтындай сақталған. Өз заманында әкем де, анам да әжептәуір әнші, сырнайшы, домбырашы болған жандар.
Мінеки, Бабақ ақсақалдың ұрпақтарына киелі өнердің даруы Қорғалжынның қасиетті топырағынан-ау деген ой келеді кейде. Себебі, Қорғалжын елі құт береке қонған, қазақ халқының салт-дәстүрлерінің қаймағы бұзылмай сол қалпында сақталған қасиетті топырақ десек, мұндағы айна көлдер мен мөлдір бастауларға дейін сыңғырлап ән салып, күй шертіп жатқандай әсерге бөлейді.
Қорғалжын өңірі әрқашан өнерлі адамдардан кенде болмаған. Айталық, әйгілі тума талант ақындар Құлтума мен Үлебай ақын, Мәриям Жагорқызы, белгілі қылқобызшы Дәулет Мықтыбаев, композитор Кенжебек Күмісбеков, Қалимұса Құсайынов, Есімжан, Қосымжан Бабақовтар мен әнші Рабиға Есімжановалар. Осыдан кейін Қорғалжын жерін қасиетті демей не дейсіз? Табиғаты бай өңірде осындай адамдардың дүниеге келмеуі мүмкін бе?
Қорғалжын жерінен қанат қағып, түлеп ұшқан Рабиға апамыз өзінің табиғи қоңыр даусымен (меццо-сопрано) тыңдаушы жүрегіне әсем де сазды әуенді жеткізе білген хас шебер.
Бүгінде Қорғалжында апа-ағаларының өнер жолын қуып талай талантты өрендер өсіп келеді. Дауыс диапазоны кең, иірімдері ерекше әншілерден Даниар Мұқан, композитор Марат Әлімжанов, Дәулет Тілеулесов, әнші Бану Сәдуақасова сияқты және т.б. өнерпаздарды айтпай кете алмаймыз. Рабиға Есімжанқызының 100 жылдық мерейтойына орай өзі еңбек еткен Қарағанды облысы мен Семейде, туып-өскен Қорғалжын ауданында еске алу шаралары аталып өтті. Рабиға апамыздың есімімен аталатын музыка мектебіне әншінің бюсты қойылып, өзі киген ұлттық киімі сыйға тартылды.
Тілеукеш ЖАУБАСОВА,
филология ғылымдарының кандидаты, өнер зерттеуші.
Суретте: солдан оңға қарай: Г.Ғалиева, Р.Бағланова, Г.Әділова, Ж.Омарова, Ш.Жиенқұлова, Р.Есімжанова 1962 жыл.