«Егемен Қазақстанның» арнаулы беті
ЖОО-лардағы жолсыздықтарды жөнге салайық Парламент Сенатының соңғы өткен жалпы отырысында Мұрат Баяқтиярұлы бастаған бір топ депутат Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке сауал жолдаған еді. Онда былай делінеді: «Осы депутаттық сауалдың жолдануына еліміздегі жоғары білім беретін көптеген оқу орындарындағы келеңсіздіктер мен білім сапасының төмендігі себеп болды. Өйткені, әрбір елдің өркендеп дамуы ондағы кадрлардың біліктілігіне тікелей байланысты екені белгілі. Елбасымыздың білім сапасын көтеру туралы талабы бүкіл білім жүйесіне әсер ететін жоғары оқу орындарында қалай жүзеге асуда? Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 1991 жылы 17 миллион халқы бар Қазақстанда небары 55 жоғары оқу орны, соның ішінде екі-ақ университет жұмыс істеп, ел экономикасының барлық саласын жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етіп отырған еді. Ал қазір елімізде 127 ЖОО (оның 72-і жекеменшік) болса, 63 миллион халқы бар Англияда небәрі 89 жоғары оқу орны бар екен. Дамыған Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде 320 мың адамға бір жоғары оқу орнынан келсе, бізде 133 мың адамға бір жоғары оқу орнынан келеді. Қазір Қазақстанда жарты миллионға жуық студенттің 130 мыңы мемлекеттік грантпен, қалған 340 мыңы ақылы негізде оқиды. Демек, біз жоғары білім беру жөнінен дүниежүзі бойынша алдыңғы орынға шыққанымызбен, сол беріліп жатқан білімнің сапасы сын көтермейді. Біздің ойымызша, Қазақстанда білім сапасын төмендетіп отырған бірнеше себептер бар: біріншіден, коммерциялық жоғары оқу орындарының көпшілігі сапалы білім бере алмайды. Жоғары білім алудың коммерциялық негізі пайда болғалы, білім деңгейі төмен, ешқандай дайындығы жоқтардың өздері оқу ақысын төлейді де, ешбір қиналмастан өздері қалаған ЖОО-да оқитын болды. Мысалы, Ұлттық бірыңғай тестілеуден 50 баллдан төмен алған мыңдаған талапкер ақылы ЖОО-ның творчестволық (дизайн, денешынықтыру және т.б.) мамандықтарына жаппай қабылданып жатады. Коммерциялық жоғары оқу орындарында төмен баллмен оқуға қабылданғандар бір семестрден кейін өзге мамандықтар бойынша өздері қалаған факультеттерге жаппай ауысу үрдісі кеңінен белең алған. Жуырда Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің қызметін тексеру барысында мына бір келеңсіздіктерді анықтаған. Осы жоғары оқу орны 2013-2014 оқу жылында «Дизайн» мамандығына ҰБТ-дан өте алмаған 1488 талапкерді қабылдаған, ал екінші курста осы мамандықта олардың 26-сы ғана қалып, қалған 1462-сі басқа мамандықтар бойынша білім алуға ауысып кеткен. Биылғы оқу жылында осы мамандыққа 2741 талапкер қабылданып, оның 2617-сі басқа мамандыққа ауысуға арыздарын жазып қойған. Мұндай заң бұзушылықтар еліміздегі көптеген ЖОО-ларда жаппай сипат алып бара жатыр. Алдағы уақытта аталған мәселеге қатысты Қазақстанның прокуратура органдары кең көлемде тексерістер жүргізіп, бұл заңсыздыққа тыйым салғаны жөн. Сонымен бірге, көптеген оқу орындарында сырттай білім беру бөлімдеріндегі студенттер саны олардың жалпы санының 50%-ынан асып кеткен. «Ақшаңды төле де, оқи бер» қағидатымен жаппай жоғары білім беру етек алғалы, жастарымыздың басым көпшілігінің қаржы шығындап, төрт-бес жыл уақыттарын жұмсап алған дипломдары қажет те болмай қалатындығын көріп те, біліп те отырмыз. Екіншіден, аймақтардың және республиканың сұранысы есепке алынбай кадр дайындау күшейіп барады. Қазір елімізде жоғары білімі бар, бірақ өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмайтын жастардың саны жыл сайын көбейе түсуде. Мысалы, 2000-2014 жылдар арасында елдегі жоғары оқу орындарын 1 млн. 800 мың жас бітірген. Бұл әр жыл сайын 128 мың адам жоғары білім алғандығын айғақтайды. Яғни, біз жыл сайын мемлекет және ата-аналардың қаражаттары есебінен қазіргі нарыққа қажет емес он мыңдаған жоғары білімі бар мамандарды даярлап, жұмыссыздар санын қолдан көбейтудеміз. Осыдан төрт жыл бұрын араб елдерінде болған азаматтық қақтығыстардың басты себептерінің бірі жүз мыңдаған жастың жоғары білімі бар, бірақ жұмыс жоқтығы еді. Демек, бұл мәселені мемлекеттік тұрғыда реттемесек, келешекте ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіруі мүмкін. Қазір Қазақстанның жоғары оқу орындарында жастарымыздың 63%-ы оқып жатса, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алып жатқан жастардың үлесі небәрі 17%, ал 20% жастарымыздың ешқандай мамандықтары жоқ екен. Демек, еліміздегі ЖОО-лар өздерінің өңірлеріне қажетті мамандар дайындауды мүлдем назарға алмайды деуге болады. Қазір бакалавр деңгейіндегі мамандықтардың 61%-ы бір-бірін қайталайды. Әлемнің барлық елдерінде жоғары білімді мамандардың қажеттілігін болжап, анықтап, есептеп отыратын тиісті орталықтар жұмыс жасайды. Сондықтан да, Қазақстанның да Білім және ғылым министрлігі Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен бірлесе отырып, болашақта әртүрлі сала бойынша жоғары білімді қанша маман керек екендігін алдын ала болжап, есептеп біліп отыруға тиісті деп санаймыз. Жоғары оқу орындарына студенттер қабылдау мөлшері де осы сұранысқа сәйкес реттелуі керек. Біз осылай ғана ЖОО-лардағы қайталанатын мамандықтарды барынша қысқарта аламыз. Үшіншіден, Елбасымыздың сапасыз білім беретін ЖОО-лардың санын қысқарту туралы берген тапсырмасына Білім және ғылым министрлігі құлықсыздық танытып отырған сияқты. Өйткені, көптеген сапасыз білім беретін жекеменшік ЖОО-лардың иелері мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорлары, не Астанада отырған жоғары лауазым иелері болып келетіндігі жасырын емес. Бір таңғаларлығы, сол лауазым иелері өздерінің ұл-қыздарын өздері құрған, өздері мақтап жүрген оқу орындарында оқытпайды, балаларының шетелдік оқу орындарында білім алғанын қалайды, солай жасап та отыр. Мемлекеттік мүдде жекелеген лауазым иелерінің мүддесінен жоғары тұруы тиіс емес пе?! Сонымен бірге, сапасыз жоғары оқу орындарын қысқарту үшін саны аз мамандықтардың лицензияларын министрлік кері шақырып алу жүйесін енгізуі қажет. Төртіншіден, еліміз бойынша жоғары білім алудың қолжетімділік қағидатын сақтай отырып, оларға қойылатын талаптарды барынша күшейтіп, оқу орындарын тек өңірлердің қажеттілігіне қарай мамандар дайындауды қолға алуымыз керек. Қазіргі уақытта еліміздегі ЖОО-лардың 82-і университет мәртебесіне ие екен. Сол университеттердің басым көпшілігінде 2-7 мың аралығында ғана студенттер оқиды. Классикалық формадағы университеттерде студенттер саны 10 мыңнан кем болмауға тиісті. Сондықтан да, 10 мыңнан төмен студенттері бар ЖОО-ларды университет мәртебесінен айырып, профильдік бағыттағы институт не академия мәртебесіне түсіру тетіктерін заңдастыру қажет деп есептейміз. Бұл шараның алдағы уақытта Қазақстандағы жоғары білім берудің сапалық деңгейін арттыруға барынша қажеті бар деп санаймыз.Тендер уақтылы өткізілуімен ұтымды
Мұхтар ТІНІКЕЕВ, Мәжіліс депутаты. Президенттің «Нұрлы Жол» Жолдауындағы перспективалық жоспарға сәйкес, Қазақстанның көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту ел экономикасын дамытудағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Осыған орай, жеті автожолдың жобасын іске асыру жоспарлануда. Осы жобаларды іске асыру үшін қаржы республикамыздың Ұлттық қорынан бөлінді. Бұл ретте 200-ден астам жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Алайда, осы арада әлі әзірленбеген жобалар мәселесі туындайды. Мысалы, Астана – Ақтөбе – Атырау автожолын жобалауға тендер 2014 жылғы 24 желтоқсанда жарияланды. Жобалау мерзімі 2016 жылғы наурызға дейін белгіленді, ал бұл салынатын жолдың тек бір ғана бөлігі. Тиісінше бірінші учаскелердің құрылысына тендер 2015 жылдың қыс мезгіліне тұспа-тұс келеді. Яғни, жұмыс 2016 жылдың көктемінде басталады. 2015 жылы және 2016 жылдың жартысында жаңа жұмыс орындары ашылмайды, ал дағдарыс пен жобаны қаржыландырудың жоқтығы салдарынан жол-құрылыс саласының әлеуетін жоғалту қаупі төніп тұр. Дәл осы жағдай «Нұрлы Жол» бағдарламасына кіретін басқа да өңірлердегі инфрақұрылымдық жобаларға қатысты. Мысалға, Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды, Үшарал – Достық жолдарын алуға болады. Ал «Орталық – Батыс» автожолының бағыты тіпті анықталмаған. Парламент Мәжілісінде өткен«Нұр Отан» партиясы фракциясының отырысында және ағымдағы жылдың 26 қаңтарындағы Үкімет сағатында министр В.С.Школьник 600 000 тоннадай қара мұнай өнімдерінің (битум) іркіліп қалу қаупі туындап тұрғанын айтты. Жоғарыда айтылғандардың негізінде мына мәселелерді жүзеге асырған жөн деп білеміз. Біріншіден, тікелей жол құрылысына және инфрақұрылымдық жобаларға тендерге дайындықты тез арада жүргізу керек. Екіншіден, жобаның құрылыс бөлігінде мердігер анықталғаннан кейін уәкілетті органды жобалаудың орындалған көлемін кезең-кезеңімен тапсыруға міндеттесек те тек ұтысқа шығамыз. Осылайша, мердігерлер материалдарды дайындауды, карьердің аршылымын және оны қазуды жүргізуді, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша қажетті мамандарды дайындауды (грейдерші, жүргізуші және т.б.) бастай алады. Бұл ретте, құрылыс бөлігін қаржыландыруды дайындалған материалдардың нысаны бойынша бастау керек, ал осындай көлемнің орындалуына қатысты тексеруді толықтай қамтамасыз ету түк қиындық туғызбайды. Осы шаралар, біздің пайымымызша, ел экономикасын жандандыруға, биылғы жылдың өзінде-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға, құрылыс мерзімін қысқартуға және бюджетке салықтың уақтылы түсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Тыл ардагерлеріне де құқықтық мәртебе керек
Азат ПЕРУАШЕВ, Мәжіліс депутаты. Биылғы жылы бүкіл адамзат екінші дүниежүзілік соғыста фашизмнен құтқарған Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жасалған бұл датаны атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспары бүгінде белгілі. Әрине, тікелей соғыс қимылдары Сталинград шайқасы кезінде бомбалауға душар болған Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек пен Сайхын теміржол стансаларын қоспағанда, біздің еліміздің аумағын айналып өтті. Бірақ, қазақстандықтардың Ұлы Жеңіске адам саны бойынша қосқан үлесі 1 млн. 200 мыңнан астам адамды құрайды. Ал солардың жартысы майдан даласынан оралған жоқ. Боздақтарға мың тағзым. Ал көзі тірі Жеңіс жауынгерлеріне қал-қадерімізше құрмет көрсетіп жатырмыз. Осы орайда, тыл еңбеккерлеріне де ризашылығымыз бен құрмет көрсету аса маңызды деп санаймыз. Олар 460-тан астам зауыт пен фабрика салды, миллиондаған тонна астық өсіріп, жинап, майданға жөнелтті. Жүздеген мың тонна ет және басқа да азық-түлік өнімдерін, 2,5 млн.дана жылы киім, 1600 вагоннан астам сәлемдемелер жіберді. Әр кеңестік танкте, ұшақ, корабль, снарядта, Қазақстан кеніштерінде шығарылған мыс, қорғасын, вольфрам, молибден болды. Фашистік басқыншыларға қарсы атылған әрбір он оқтың тоғызының қазақстандық қорғасыннан жасалғанын айтсақ та жеткілікті ғой деп ойлаймыз Қазақстандықтар қорғаныс қорына 4 млрд.700 млн. рубльден астам ерікті жарналар салған. Бұл ақшаға көптеген танктер мен ұшақтар жасап шығарылған. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұран сол кезде көптеген жерлестеріміздің өмірлік мәніне айналды. Бұған қоса, Қазақстан жарты миллионнан астам көшіп келгендерді қабылдады, оларды жергілікті отбасылар үйлеріне алып, барларымен бөлісті. Ең кереметі, тылдағы еңбектің барлығы сол кезеңдегі майданға кеткен ерлерді алмастырған, халық шаруашылығы еңбеккерлерінің 80%-ын құраған әйелдер, қариялар және балалар күшімен жасалды. Жасыратыны жоқ, тыл еңбеккерлерінің Жеңіске қосқан үлестері мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Алайда, бүгінде немере мен шөбере тәрбиелеп отырғандардың ішінде тылда мектеп жасында жұмыс істеп, Жеңіске өз үлестерін қосқандар да аз емес. Бүгін олардың ең жасы 80-ге келіп қалды. Өкінішке қарай, ардагерлердің бұл санаты еңбегіне сай лайықты бағаланбай келеді. Бұл жерде әңгіменің оларды танып, құрметтеуге де және әлеуметтік қолдауға да қатысы бар. Мысалы, заңнама бойынша, тыл ардагерлері Ұлы Отан соғысының қатысушысына да, не қатысушыларға теңестірілген тұлғаларға да жатқызылмаған. Бірақ олардың еңбектегі ерлігі бұдан төмендеп қалған жоқ қой. Күні кеше, 2015 жылдың 19 қаңтарында Президент Н.Назарбаевтың Жеңістің 70 жылдығының құрметіне арналған бірыңғай мерекелік медаль туралы Жарлыққа қол қойғаны кездейсоқтық емес, онымен майдангерлер де, сонымен қатар, соғыс кезінде халық шаруашылығында 6 айдан кем емес жұмыс істеген тыл еңбеккерлері де марапатталады. Сонымен, Мемлекет басшысы ардагерлердің еңбектегі ерліктерінің маңызын атап өтті. Осыған байланысты «Ақ жол» партиясы Үкіметтен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы шеңберінде майдангерлерге құрмет көрсетумен қатар, Президенттің тыл ардагерлерінің еңбегіне берген жоғары бағасына орай, оларды әлеуметтік, материалдық және медициналық қолдау мүмкіндігін, сондай-ақ, құқықтық мәртебесін бекітуді қарастыруды сұрайды.Атом энергиясын пайдалану жайы қаралды
Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің хатшысы Шавхат Өтемісов жетекшілік ететін жұмыс тобының отырысында «Атом энергиясын пайдалану туралы» заң жобасы талқыға салынды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Жұмыс тобының отырысына қатысқан Мәжіліс депутаттары Төлеген Ибраев, Серікбай Нұрғисаев, Құралай Қаракен, Жанат Жарасов, Виктор Киянский, Глеб Щегельский салыстырма кестеге енгізілген түзетулерді жеке-жеке қарады. Жаңа заң жобасына салалық комитеттер мен депутаттардан барлығы 162 түзету келіп түскен. Энергетика министрлігі Атом мен энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Тимур Жантикин заң жобасына ұсынылған түзетулер бойынша депутаттардың сұрақтарына жауап беріп отырды. Айта кету керек, жаңа редакциядағы заң жобасы ядролық, радиациялық және электрфизикалық қондырғыларды орналастыру, салу, пайдалану және пайдаланудан шығару кезінде қауіпсіздіктің қағидаттары мен негізгі талаптарын айқын белгілеуге бағытталған. Заң жобасында қауіпсіздік талаптарының аражігін ажырату үшін қондырғылар мен иондаушы сәуле көздерінің радиациялық қауіптілік санаты белгіленген. «Заң жобасының маңызды екені анық. Өйткені, еліміз – атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану қажет екендігі жөнінде бастама көтерген елдердің бірі. Депутаттар да осы заң жобасын талқылауға қатысуға қызығушылық танытып отыр. Әріптестеріміз әлі де түзетулері мен ұсыныстарын беріп жатыр», деді Ш.Өтемісов. Жұмыс тобының келесі отырысы алдағы аптада өтеді.Бұлай жұмыс істеуге болмайды
Мәжілістің кезекті жалпы отырысында Қазақстан мен Халықаралық Қайта құру және Даму банкі арасында «Қазақстандағы энергия тиімділігін арттыру» жобасы бойынша грант бөлу туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы талқыланып, мақұлданды. Халықаралық банк грант бөліп тұрса, ол туралы келісімді Парламент қуана-қуана ратификациялауы керек еді ғой. Алайда, осы заң жобасы төңірегінде депутаттар қызу талқылаулар жасады. Баяндама жасаған Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рауға сұрақ берген депутаттардың арасында Тұрсынбек Өмірзақов та болды. Ол вице-министрге: «Энергияны пайдаланудың тиімділігін арттыру арқылы оған кететін шығынды жылына 30-40 пайызға дейін үнемдеуге болатынын халықаралық тәжірибелер көрсетіп отыр. Осыған байланысты аталған жобада нақты қандай мақсатты қорытындылар көзделеді?» – деген сұрақ берді. Сонымен бірге, ол жобаны іске асыруға жеті аймақтан 19 объектінің таңдап алынғаны айтылғанын еске сала келіп, олар қандай критерийлер бойынша таңдалғанын сұрады. Оған А.Рау жалпы еліміздің барлық аймағынан шамамен 70 объект қарастырылғанын айтты. Оларға энергоаудит жүргізіліп, соның нәтижесі бойынша қатысатындар таңдап алынғанын жеткізді. «Таңдалғандар ең кем дегенде 20 пайызға дейін электр қуатын үнемдеуге қол жеткізе алатындар», деді вице-министр. Ал депутат Рауан Шаекин Семей қаласында жаңадан ашылған аурухананың айына 60-70 млн. теңгеге электр қуатымен жылытылатынын айта келіп, осы жобаға қосылатын объектілер қатарында оның бар-жоғын сұрады. Оған А.Рау бұл аурухананың жобаға енгізілмегенін жеткізді. Бұл жауапқа қанағаттанбаған депутат: олай болса, бұл жоба тереңнен зерттелмей, үстірт жасалған, деп айтып салды. Депутат Владислав Косарев талқылауда сөйлеген сөзінде электр қуатын үнемдеу мәселесі неге тек сырттан келетін гранттар кезінде қолға алынатынына кейістік білдірді. «Біздің министрліктер өздері де бұл істі үнемі назардан шығармауы керек еді ғой. Қазір кейбір мектептер өздерін күн қуатымен жылытып отыр. Тіпті, қыстың қақаған аязында да мектептің ішін ғана емес, ауласындағы жылыжайды да осы қуатпен жылытады. Осыны қолға алып, электр қуатын үнемдеп отырған – орта жастағы мектеп директоры болып істейтін әйел адам. Ал осы мектептің тәжірибесін үш жыл өтсе де Үкімет тарапынан бірде-бір адам келіп үйренуге талпыныс қылмапты. Қарағандыда экономикалық тиімділігі жоғары қазандықтар шығаратын кәсіпорын бар. Өзімен бірдей жылу беретін қазандықтармен салыстырғанда, ол көмірді 30 пайызға дейін үнемдей алады. Экологиялық жағынан да таза. Теміртауда да автоматты режімде жұмыс істеп, шикізат үнемдей алатын қазандықтар шығарылады. Олардың тиімділігі де орасан. Алайда, Үкімет тарапынан осындай қазандықтарды жаппай шығаруға қолдау білдірілмей отыр. Неге? Біз біреудің берген грантына мәз болғанша өзіміздің қол астымыздағы ресурстарды іске қосып, неге үнем жасамаймыз? Үкімет тек басқа жақтан келетін көмекке ғана алаңдап отырады. Бұлай жұмыс істеуге болмайды», деді депутат. Сонымен бірге, ол 100 мың теңгеге көмір алып, қыс бойы жаққан қожайын 150 мың теңге экологиялық салық төлейтінін де айтып, мұның ақылға қонымсыз екенін жеткізді. Депутат Нұртай Сабильянов та қызық деректер келтірді. Ол Шығыс Қазақстан облысын аралағанда кейбір мектептердің соңғы 4-5 жылда Ресейде жасалатын теплофондармен жылытылатынын көргенін айтты. Ол электр қуатын үнемдемейді, керісінше, барынша көп тұтынады екен. Оның үстіне, электр қуаты өшіп қалса, қақаған қыста мектеп бірден суып сала беретін көрінеді. «Ал сапасыз теплофондар мұндайда тез істен шығады. Осы жерде тиімсіз теплофондарды алу қайдан шыққан деген сұрақ туады. Бұл сұрақтың да еш қиындығы жоқ. Мұндай жылыту құрылғылары мектеп жүйесі немесе әкімдіктегі басшылардың бірінің немесе бірнешесінің мүддесі үшін алынады. Сөйтіп, шенеуніктер бюджет қаражаты арқылы өздерінің бизнесін жүргізіп жатады. Ал бұл, сайып келгенде, бюджетке артық салмақ салып, қаражатты тиімсіз жұмсауға соқтырады. Осындайды тиісті министрліктер қадағалап, мемлекет қаражатының орынды жұмсалуын және үнемделуін неге тексеріп отырмайды?», деді ол. Осындай қызу талқылаулардан кейін ғана заң жобасы тұтасымен мақұлданды. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».Фотокүнделік
Суретті түсірген Ерлан Омаров.