• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
19 Маусым, 2015

Қазақ өнерін танытудың көкжиегі

452 рет
көрсетілді

Мамыр айында Астана және Алматы қалаларында ұлы Абай мен Шәкәрімнің шығармалары бойынша үлкен концерттер болып өтті. Бұл жобаның қалай дүниеге келгендігі жөнінде оның авторы – бизнесмен Медғат Құлжанов баяндап берді. Балалық шақтың құпиясы Сонау бір кезеңдерде Медғат Құл­жа­­­­новтың әкесі есікті тарс жауып алып, ­­тыйым салынған Шәкәрімнің шығарма­ла­­­рын тыңдайтын, ол кезде Медғат бар ­бол­ға­ны он-он екілердегі бала болатын. Халық жауы Құдайбердиевті кештеу 1958 жылы ақтаған болатын, ал шын мәнінде оның шығармалары халыққа тек 1986 жыл­дары ғана толық жетті. Сондықтан, ол бір кезеңде ақынның шығармаларын және музыкасын тыңдау өте қауіпті еді. «Әкем өзінің досымен бірге елдің бәрінен жасырын домбыраға қосылып, әлдебір әнді шырқайтын. Мен, неге олар бұл әндерді жасырын түрде орындайтынына таңғалатынмын, – деп еске алады Медғат Кәрімұлы. – Міне, нақ сол кезеңде менің Шәкәрім ақынның шығармашылығына деген қызығушылығым оянып, өмір бойы жалғасып келеді». Содан бері өткен жарты ғасырға жуық уақыт ішінде Медғат Құлжанов бизнес саласында үлкен табыстарға жетіп, танымал меценатқа айналды. Сөй­тіп, оның меценаттық саладағы ең бір ауқым­ды жобасы Шәкәрім мен Абайдың шығар­малары негізінде британдық компози­тор Карл Дженкинске тапсырыс беру арқы­лы жасатқан сюитасы болып табылады. – Медғат Кәрімұлы, сіз осындай ауқымды музыкалық шығарманы өмірге әкелу үшін қашан және қалай шешім қабылдадыңыз? –  Мен бұл идеяны жүзеге асырмас­тан бұрын – 2005 жылы Астана қаласында Абай Құнанбаевтың 160 жылдық мерейтойын, ал 2008 жылы Шәкәрім қажы­ның 150 жылдық мерейтойын өткізуге мұрындық болдым. Астанада мен Шәкә­рімнің екі томдық шығармасын жарық­қа шығарып, оның музыкалары орындалған кеш өткіздім. Өйткені, оның әндері тыңдарман қауымға кеңінен таныс емес еді. Ал Шәкәрімнің әндерін әнші Келденбай Өлмесековтен артық білетін ешкім жоқ болатын. Мен оны Семейге арнайы іздеп барып, Алматы қаласындағы үлкен студияда  Шәкәрімнің 20 әнін жаздырып алдым. Сонымен бірге, әкемнің досынан Ниязбек Алдажаровтың орындауындағы Шәкәрімнің өлеңдері жазылған ескі күйтабақтарды таптым. Көне белдек күйтабақтарға жазылған әннің сапасы өте нашар екен. Соған қарамастан, біз бұл әндердің барлығын қалпына келтіріп, тыңдаушыларына жолдама бердік. Олардың ноталық жазбалары менде сақталған еді. Кейін олардың барлығын мен зерттеу жүргізу үшін Карл Дженкинске бердім. Бұл британдық сазгердің қазақ музыкасымен жүргізген алғашқы жұмыс тәжірибесі емес еді. Бұдан бұрын, яғни, 2006 жылы ол екінші бір қазақстандық меценат Сапар Ысқақовтың тапсырмасымен қазақ композиторларының шығармалары бойынша «Тілеп» атты музыкалық диск жазған еді. Міне, нақ осы диск Медғат Құлжановтың қолына тап болып, өзінің орындау сапасының  жоғарылығымен таңғалдырған еді. – Сол дискідегі өлеңдердің ішінде маған Абайдың бір өлеңі өте қатты ұнаған еді, – деп еске алады Медғат Кәрімұлы. – Менің ұлым Шыңғыс  сол уақытта Лондонда тұратын еді. Мен оған дереу хабарласып, Дженкинспен байланысқа шығып, оған Шәкәрімнің музыкасы бо­йынша симфония жазып шығуға өтініш жасауды  сұрадым. Жазба «Тілеп» дискісін жазуға қазақстандық белгілі скрипкашы Марат Бисенғалиев белсенді қатысқан екен. Осыған байланыс­ты Шыңғыс Құлжанов Бисенғалиевпен байланысқа шығып, Карл Дженкинспен кездесу ұйымдастыруды өтінеді. Барлық материалдар – Шәкәрім шығармалары бойынша жасалған дискілер және ноталар Лондонға жөнелтіліп, британдық композиторға беріледі. Бұл материалдармен толық танысып шыққаннан кейін британдық сазгер келісімін береді. – Сізге жасалған жұмыстың нәти­жесі бірден ұнады ма? – Иә, бірақ барлығы емес. Жұмыстың бірінші вариантында Шәкәрімнің барлық әндері пайдаланылмаған екен. Неге екені белгісіз, оның есесіне көпшілікке кеңінен мәлім «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні енгізіліпті. Алайда, бұл әннің Шәкәрімге ешқандай қатысы жоқ қой! Батыс тыңдаушылары арасында оны ешкімнің байқамауы мүмкін, ал қазақ тыңдаушылары үшін бұл өте қиянат болар еді. Мен Дженкинстен бұл әнді «Анадан алғаш туғанда» әнімен ауыс­тыруды сұрадым, тіпті, оның алдында осы әнді өзім орындап бердім  (күледі). Оны білгеннен кейін Бисенғалиев жатып ашуланды. Маркетинг үшін ештеңені өзгертудің қажеті жоқ екендігін алға тартты. Бірақ бұлай істеуге болмайды ғой? Сондықтан мен тапсырыс беруші ретінде өз дегенімді жасаттым. Құлжанов мырза бүкіл жобаны толық қаржыландыруды жүзеге асырды. Карл Дженкинстің және Марат Бисен­ғалиевтің атқарған жұмыстары үшін, музыканттардың жатын орындары мен жолақылары үшін, жазбалар үшін төлемдерді толық төледі. Атақты Abbey Road студиясында Короле­ваның симфониялық оркестрінің сүйемел­деуімен диск жазу үшін ұлттық аспап­тарда ойнайтын музыканттар Лондон­ға жеткізілді. 2010 жылы 31 қазанда Ұлыбри­танияның үздік концерт залдары­ның бірі – Royal Festival Hall–да Карл Джен­кинстің жетекшілігімен Королева­ның симфониялық оркестрінің үлкен концерті болып өтті. Концерттің бірінші бөлімінде оның көпшілікке белгілі The Armed Man шығармасы орындалып, ал екінші бөлімінде Қазақстаннан келген фольклорлық сазгерлер мен Ұлыбританияның ұлттық жастар қорының сүйемелдеуімен «Шәкәрім» сюитасының әлемдік тұсаукесері болды. Зал толы, 3 мың адам бүгінгі заманның ең үздік композиторларының бірі аранжировка жасаған, Еуропадағы ең таңдаулы оркестрдің сүйемелдеуімен атақты Британ хорының орындауындағы қазақ әуенін селт етпей тыңдады. Сюита аяқталысымен зал толы көрермендердің ду қол шапалақтауынан құлақ тұнды. Бұл – Медғат Кәрімұлы үшін зор жетістік еді. – 2012 жылы Бисенғалиев Алматыда бірінші қазақстандық концерт ұйым­дас­тырды, – деп жалғастырды әңгімесін Медғат Құлжанов, – мен оған қатыса алмадым, бірақ туысқандарым қатысты. Олардың айтуынша, зал толы жұрт музыканы өте жақсы қабылдапты. Содан кейін мен жобаны жалғастыруға шешім қабылдадым. Сөйтіп, Дженкинске екінші сюита – енді Абай шығармалары бойынша сюита жазуды ұсындым. Белгісіздік Екінші жұмыс тәжірибесі де біріншіге ұқсас болды. Шығармаларды жеткізу, шығындарды өтеу және гонорарларды төлеу бұрынғыдай болды. Тек тапсырыс берушінің ойы бойынша, шығармада өзгертуге тиіс фрагменттер болған еді. Марат Бисенғалиев концертті Нью-Йорк­тің Карнеги Холлында өткізу үшін қаржы төлеуді сұрады, алайда, Мед­ғат Құлжанов екінші сюитаны әлі де жетіл­діру қажеттігіне байланысты қаржы­ландырудан бас тартты. Содан кейін  барып, музыканттар қаржыландырудың басқа көзін тауып, ақыры гастрольге барып қайтты. – Қазақстандық БАҚ-тардың барлығы «қазақстандық шебер скрип­кашы Марат Бисенғалиевтің шығар­машылық альянсының арқасында ғана қазақ сюиталарының екінші тынысы ашылды» деп жазды, сіздің атыңыз, тіпті, еске де алынған жоқ. Сіз бұны білесіз бе? – Өкінішке қарай, білемін. Мен концертте болған жоқпын, алайда, концертте де, баспасөз беттерінде де кімнің арқасында бұл жобаның дүниеге келгендігі туралы бір сөз айтылмағандығын маған жеткізді. Бастамашыға тиесілі барлық мерей Марат Бисенғалиевтің үлесінде кетті. Біраз уақыттан кейін Бисенғалиев маған Алматыдан телефон шалып, Астанада концерт өткізгісі келетінін айтты. Бұл концертті ішінара қаржыландыратын инвестор да бар екен, тек қойылатын бір шарт – оның атауында Абай мен Шәкәрімнің аттары аталмауы керек... Менің таңданғаннан, тіпті, тілім байланып қалды. Онда ұлы адамдардың шығармасына жүгінудің қажеті қанша? –  Концерттің атауына қарағанда – «May Night», бәрі дәл солай болған сияқты ғой. – Иә, олар дәл солай жасады. Джен­кинс – тамаша композитор, ол Абай мен Шәкәрімнің шығармаларына тамаша аранжировка жасады. Басқа да мәдени жобаларға қолдау көрсетесіз бе деген сұраққа Медғат Кәрім­ұлы бұрын жоспар көп еді, қазір жас келген соң денсаулық қолбайлау болып тұр, деп жауап берді. Дегенмен, меценаттың даусынан негізгі себеп бұл емес екендігі, оған қазіргі мәдениет саласының көптеген өкілдерінің пайдакүнемшілдігі кедергі келтіріп отырғандығы түсінікті болды. Ондай жылпостардың қасында жүріп, жаңа заманның Третьяковы болу өте қиын. «Қазақстан әлемге тек мұнайы және газы­мен ғана танылмауы керек, – дей­ді Құлжанов мырза. – Менің ойымша, мәде­ниет арқылы, оның ішінде Абай мен Шәкә­рімнің музыкасы арқылы да біз әлемге таныла аламыз. Жастар үшін де бірдеңе жасау керек – олар қазір еуропа­лан­ған музыкамен сусындайды. Оларға ба­баларының музыкасы қандай екенін таны­тып, оны ұмытпауға және алға жылжы­туға шақыру керек. Мен қолымнан келген­ді жасадым, енді басталған істі одан әрі жас­тар жалғастырсын», – деді Медғат Кәрімұлы. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».