Оның кітабын тұтас оқып бітпей, екі-үш өлеңін сүзіп шыққаннан кейін-ақ қаның тулап қоя беретіні, кеудеңде әлдебір сезім күмбір-самбыр етіп шыға келетіні несі екен? Егер оқырманның өзі қолына қалам ұстайтыны бар ма, онда осы ақынша тебіреніп кететіні анық. Өйткені бұл – өлеңі де мінезді, өмірі де өзгеше Сағат Әбдуғалиев.

22 ақпан күні өмірге келген Сағат Әбдуғалиев есімі, әсіресе, туған күні қарсаңында айтылып, жазылып тұрады. Сағат ақынды білетін оқырман көп болғанмен, ол туралы жазушы аз. Ол хақында сәл кейінірек. Әзірге Сағаттың биылғы туған күніне тосынсый боп тұрған бір оқиғаны баяндап берсек дейміз.
Алматы қалалық мемлекеттік архиві – қазынаға бай ғимарат. Іздеген дүниеңіз алдыңыздан шыға келсе, сонда қона жатуға барсыз. Ал тозаңданған құжаттар, сарғайған қағаздар арасынан өзіңе беймәлім дүниелер жарқ етіп шықса, қандай күйде болатыныңызды ойлап көріңізші. Қадыр Мырза Әлі ақынның қорын ақтарып отырғанда осы күйді біз де бастан өткердік. Хаттар бірінен соң бірі шығып жатыр. Бәрі де түпнұсқа. Бәрі де аяулы. Мына хат – Төлеген Айбергеновтен, мына хат Әбіштен келіпті. Құдай-ау, жиырмадан енді асқан Әбіш осынша толғанғаны ма? Айбергенов кітап беріп жіберейін дейді. Кенет... «Түрмеден келген хаттар» деген папкаға көз түсті. Қадекеңнің о жақта да оқырмандары болған екен-ау деп ойлап үлгердік. Сөйткенше, хат соңындағы таныс есім-сойды көзіміз бірден тапты. «Сағат Әбдуғалиев». Оның абақтыда отырғанынан хабардармыз. Не жазды екен? Хатты айтам.
«Қымбатты Қадыр аға» деп басталған хат, әлбетте, аман-саулықтан басталыпты. Әрі қарай өз жайын баяндайды. Қапастағы адам сырын ақтармағанда қайтуші еді?
«Өзім шама-шарқым келгенше жырлаған туған елімнің түрмесінде азды-көпті айтқан ақиқат үшін де қағажу көріп, құқай қабылдауға мәжбүр етті. Бірақ ақиқат жеңеді деген дінім мен дәтім берік! Отан кімнің ақ, кімнің боқ екенін түбі айырады». Осы сөйлемдердің асты қызылмен сызылыпты. Оны сызған Сағат па, Қадыр ма? «Елдегі рушыл, ымырашылдарға да зауал жетер, аспанға қараған көздер аяқ астына ағып түсер деп отырмын. Дүниедегі жалғыз сүйенішім – жазу, сосын өзіңіз секілді оң қабақ, ақ сүт емген азаматтар ғой. Алла соларға қуат берсін!».
Хаттың мәтінін тұтас келтіру артық болар. Дегенмен хатқа қарап Сағат ақынның сол кездегі жағдайын, көңіл-күйін біршама шамалауға болады. «Мына жақтағы соңғы жылымды бастадым. Шыққан соң туберкулезден емделемін» дейді. Үміті зор. Өзінің айналасынан біраз құқай көріп жүргенімен, Қадыр секілді қаламгер ағаларының алқауы біраз серпін бергені байқалады. «Қазіргі кәсібім – жазу. «Көзайым-келешек» атты дүниемді дайындап, сізге көрсетіп алайын деп жоспарлап отырмын, тірлік болса... Бір қолжазбам Молдахметтің сейфінде жатыр. Саулығым жараса, шыққан бойда Алматыға тартамын. Қолдан келген көмектеріңізді күтем ғой. Анау-мынаусын реттермін. Жайық – іргемде».
Хатта өзін қаматқандарға кіжінеді. «Ізіме 6 ай шам алып түсті ғой. Соларға, дүниепарастарға қырсыққанда, ақындығымды, азаматтығымды дәлелдеуім керек!».
Хат осы сөйлеммен тәмамдалады. «Түрмеден келген хаттар» ішіндегі Сағатқа тиесілі жалғыз хат. Қадекеңнің ұқыптылығына қарап, Сағаттан өзге хат келмегенін шамалауға болады. Хат сол кездегі «Маңғышлақ облысы, Жаңаөзен қаласындағы УПР ГМ-172/4» мекенжайынан жолданған. Жазылған уақыты – 30.11.1982. Ал Қадыр ағасының Сағатқа көзқарасы қалай болды?
Жоғарыда Сағат ақынның іздеушісі аз екенін айттық. Ал негізгі іздеушісі ақын, зерттеуші Қазыбек Құттымұратұлы десек, ешкім дауласа қоймас. Жыл сайын туған күні қарсаңында Сағат Әбдуғалиев есімін елдің есіне салып отыратын да, мерейтойлары тұсында дүркін-дүркін мақала жазып отыратын да Қазыбек ағамыз. Сағат ақынның жоқшысы бұл хатты кездестірмегенін айтып, Қадекеңнің Сағат поэзиясына, дәлірек «Құлыншақ көктем» өлеңдер жинағына жазған алғысөзін жолдады. Үзінді келтірелік:
«...Сағат Әбдуғалиевтің жөні бір бөлек. Бұл әдебиетке өнерімен де, білімімен де барынша дайын келген тұлға. Тақырып таңдауының өзінде үлкен талғам, оны жұп-жұмыр етіп жазуының өзінде үлкен әдеби мәдениет жатыр. Мұндай жігіттер, мен білсем, үнемі үйренуге, үнемі өсуге бейім. Оларды көре білу, қолдай білу ғана керек. Сағат Әбдуғалиевтерге қызмет ету – түбінде әдебиетке қызмет ету болып шығады... Бір сөзбен айтқанда, Әбдуғалиев Сағаттың «Құлыншақ көктем» атты өлеңдерін жеке жинақ етіп жариялауға әбден болады. Бұл – ойланып айтқан сөз. Қадыр Мырзалиев, 17 октябрь, 1979 жыл».
Бұл алғысөз Сағат ақынға біршама қанат бітіргені кейінгі хат алмасып тұрғанынан байқалады. Тар қапаста жатса да жоғарыдағы хатта «Алматыға барамын» деп жігерленуі Қадекеңнің де дем беруінен болса керек.
Алғысөздегі «әдебиетке өнерімен де, білімімен де дайын келген» деген сөйлемдер тағы бір жайтты еске түсірді. Ол – «Қазақстан пионері» газетінің (бүгінгі «Ұлан» газеті) архивтегі тігіндісін ақтарғандағы студент Сағат Әбдуғалиевтің екі өлеңінің ұшырасуы. 1968 жылғы 17 сәуірде «Сағыныш» және «Ата сөзі» атты екі өлеңі беріліпті.
«Жылағам талай жата қап,
Өзіне оның бәрі ізгі.
Сондағы тиген шапалақ,
Өмірді нұсқау тәрізді»
деп келетін анаға жазған өлеңі студент болса да Сағаттың әдебиет жолына үлкен жауапкершілік арқалап шыққандығын байқатады.
Міне, Сағат Әбдуғалиевтің биылғы туған күні қарсаңында оқырмандарына ұсынып отырған тосынсыйымыз осы еді. Қадырға жазған хаты мен студент кездегі жарияланған екі өлеңін – оның мұрасын іздеушілерге қажет деп есептеп ұсынып отырмыз. Ал оның аз ғұмырында артында қалған шап-шағын болса да шып-шымыр поэзиясы туралы әлі талай айтыла да, жазыла да бермек.
Асылан ТІЛЕГЕН
Алматы