Музей 13 Наурыз, 2025

Киелі мекендегі көне музей

128 рет
көрсетілді

2022 жылғы 8 маусымда Семей ресми түрде Абай облысының әкімшілік орталығы мәртебесіне ие болды. Бұған қуанбаған қазақ баласы кемде-кем шығар. Өйткені қаланы «қазақ елінің тарихи орталығы» десе болғандай.

Семейдің әскери қамалдан қалаға айналуына қазақтың ұлы ханы Әбілмәмбеттің баласы Әбілпейіз сұлтанның ықпалы тиген. Әбілпейіз Қазақ хандығының шығыс­тағы Қытай мен Орысия арасындағы қолтықта ұлт мүддесін жүргізуі үшін ақсақалдардың, билердің қалауы бо­йын­ша тағайындалған еді. Ол 1762 жылы 21 қаңтарда І Петрдің қызы Аннадан туған жиен немересі император Петр Федоровичке (ІІІ Петр) хат жазып, Бекмырза мен Құдайберген батырларын Санкт-Петербургке патшаның өзіне ­аттандырады.

Хатында «Орта Орданың сұлтаны Абылай өкілетін жүргізетін арғын жұрты Троицкі бекінісінде сауда жасағанымен, сол Троицкі қамалы біздің халқымыздан өте алыс. Жердің шалғайлылығынан ол жаққа үш жылда бір-ақ рет қатынап, сау­да жасайды. Ал Орта Орданың басқа адам­дары, атап айтқанда, наймандар мен үйсін­дер және бүкіл Ұлы Орда Троицкіге барып, сауда жасай алмайды. Осы мәселені сіз­дің жоғары құзырыңызға мағлұмдап, аса мейі­рімді өзіңізден көшпелілерге жақын орна­ласқан Семиполат бекінісінде біздің хал­қы­мызға сауда жасауға қолайлылық туды­руға пәрмен етуіңізді сұраймын», деп жазыл­ған еді.

Әб­ілпейіздің патша өкіметіне жазған хаты қолдау тауып, Семейдің әскери бекініс қана емес құжынаған сауда орталығына, келе-келе қалаға айналуына өз нәтижесін тигізді. Өйткені алғыр саясаткер үстемшіл биліктің ықпалын әсте-әстемен халықтың игілігіне айналдыруды амалдаған еді.

Алғаш сауда орны ашылған 1765 жылы Семей бекінісіне 120 қазақ саудагері ат басын бұрған екен. Он жылдың айналасында жергілікті бәдекшілердің қатары 200-ден асып жығылды. Бұл бекініс басшысын қуантты. Өйткені Семейде жиналатын баж (кеден) салығы аз уақытта жүздеген есе өсіп, 14741 рубльге жетеді. Сол кездегі Өскемен бекінісінен түсетін баж салығының көлемі бар болғаны 1051 рубль, ал Омбы – 509 рубльдің айналасында қалып қояды.

Сөйтіп, Семей – әскери бекіністен азаматтық қалаға айнала бастады, мұны Әбілпейіз сұлтан көзі тірісінде көріп, іштей марқайды. Сондай-ақ «Семей» сөзі – көне түркілерге жататын сары ұйғырлар тайпасының тілінде «киелі мекен» деген мағынаны білдіреді екен. Кейін қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытұлы «Ақбілек» романында «Өнер-білімнің, сауда-кәсіптің, от арба, от кеменің тоғысатын кіндігі, қара шаңырағы – Семей. Семей – бір губерния елдің миы. Ақыл-ойдың табысы Семейде. Семей – бір губерния елдің жүрегі. Семей бүлкілдесе, бір губерния ел бүлкілдейді. Ертістің оң қабағында – Семей, солында – Алаш қаласы...», деп жазды.

1854 жылғы 1 қазанда Семей облы­сының салтанатты ашылуы болды. Шағын ғана Семей бірден облыстық қалаға айналды. Қайта құрылған облыс Ресей империясы құрамындағы ең көлемдісі еді. Қалалық дума мен сот бекітілді. 1858 жылы Семей облысында – 261 487 адам тұрды. 1873 жылдан Семейде телеграф, ал 1910 жылдан телефон байланысы жұмыс істеді. 1906 жылы жоғарғы Ертісте су арқылы қатынас түрі ресми ашылды. Сондай-ақ өнімді алғаш өңдеу өнеркәсібі құрылды – жүн, тері дайындалды. 1863 жылы қалада 2 оқу орны жұмыс істеді. Оның ішінде бір уездік училище, 2 шіркеулік-приход училищесі, қазақтардың – 14 және 9 жеке татар мектебі болды. 1864 жылы әйелдер мектебі 2-разрядты училище болып қайта құрылды. Сонымен қатар қалада ерлер мен әйелдер классикалық гимназиялары, мұғалімдер семинариясы жұмыс істеді. Әлімхан Ермеков Семей ерлер гимна­зия­сын алтын медальға бітіріп, содан соң Томскінің технологиялық инс­титутын бітірді. Мұғалімдер семинариясында Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев оқыды. Орыстың ұлы жазушысы Ф.Достоевский Семейде бес жылдан астам тұрып, өзінің «Записки из мертвого дома», «Дядюшкин сон», «Село Степанчиково и его обитатели» секілді клас­­сикалық шығармаларын осында жазды. Е.Михаэлис, Н.Долгополов, С.Гросс сияқты азаматтар Абай Құнанбайұлымен достық қарым-қатынас орнатты.

1878 жылы Семей қаласында облыстық статистикалық комитет құрылды. Семей статистикалық комитетінің бірінші хатшысына Е.Михаэлис бекіді. Әрі Евгений Петрович қоғамдық кітапхана мен өлке­тану музейін құрушылардың бірі болды. Музей ашу жөніндегі жергілікті зия­лы қауым өкілдері мен бұқара халық тілегін Семей облысының губернаторы А.Проценко да қолдады.

Сөйтіп, 1883 жылы қазіргі Семей та­рихи-өлкетану музейі құрылды. Мұра­жай бүгінде 1895 жылы салынған губер­натор үйінде орналасқан. Бұл ғима­рат рес­публикалық тарихи-мәдени ескерт­кіш­тер тізіміне енген, ХІХ ғасырдың сәулет өнерін әйгілейтін ерекше үй. Осы Абай облы­сының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты об­лыстық тарихи-өлкетану музейді өңір­ге бел­гілі азамат Қайрат Сабырбаев басқа­рады.

Қайрат Зекенұлы 2018 жылдың екінші жартысында Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейіне басшылыққа келді. Содан бергі аралықта облыстық музейде қосымша үш жаңа филиал ашылды, қазір облыстық музей қарамағында бес филал, екі бөлімше бар. Оның бірі өңірлік туризмді дамытуға ба­ғытталса, екіншісі археологиялық зерттеу жұмыстарына бет бұрған.

Ағымдағы жұмыстардан бөлек арнайы қолға алған жобалардың маңыздыларының бірі – қорда сақталып келген жәдігерлерге «тіл бітіру». 140 жылдан астам тарихы бар музейдің қор көлемі де осал емес, 136 мың бірлікті құрайды. Музейдің бастапқы жыл­дарында қабылданған бұйымдар да бар­шы­лық. Ертіс бойынан ертеректе табылған бас сүйектер солардың қатарына жатады.

2022 жылы осы бас сүйек қаңқасы зерттеу айналымына енгізіліп, алды­мен қай мерзімге тиесілі екені анықталды. Латвия орталығындағы арнайы зертхана қорытындысы негізінде бұл қаңқа ХІІ ғасырдың соңғы кезеңінде өмір сүрген адамға тән болып шықты. Зертхана дерек­тері мен өзге де зерттеме нәтиже­лерінің негізінде әлгі бас сүйектің антропо­логиялық кескіні жасалды. Бұл қадам осы өлкедегі қоныстану тарихын таразылауға үлкен бір дерек көзі болып қала бермек.

Көне жәдігерлерді зерттеу және реконструкциялау мүмкіндігін арттыру мақсатында Шәкәрім, Әлихан Бөкейхан және С.Торайғыров университеттерінің ғылыми зертеу орталықтарымен меморандум жасалып, әріптестік байланыс қалыптасқан. Келісімдер аясында қордың археологиялық жәдігерлеріне сипаттама толтыру мен каталог даярлау жұмыстары жалғасын тапты. Цифрландыру мен негізгі жәдігерлерді «3D сканер» жүйесіне енгізу де жолға қойылған.

Музей қорындағы үлкен қазынаның бір бөлігі – сирек кітаптар мен басылымдарға бай кітапхана. Онда Императорлық орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімі Семей бөлімшесінің жазбалары сақталған. Жиырма шығарылымнан тұратын бұл жазбалар – ХІХ ғасыр соңында осы жаққа саяси жер аударылған орыс оқымыстыларының өлке зерттеулеріне арналған деректемелері. Аталған еңбек­тердің құндылығы осы өлкенің ХVІІІ–ХІХ ға­сырдағы тарихи оқиғаларынан, тыныс-тіршілігі мен табиғи ерекшеліктерінен мол хабар береді. Орыс тіліндегі бұл зерттеулер топтамасы музей қызметкерлерінің күшімен қазақ тіліне аударылған.

2019 жылы Тарбағатай тауының үш мың метрлік биіктігіндегі Ақберлі петроглифіне экспедиция ұйымдастырылып, «Тар­баға­тайдағы таңбалы тастар» атты деректі фильм түсірілді, мақала жазылды. Ақ­берлі биігіндегі жақпар тастардағы сан алуан кескіндер мен жүздеген сурет түрлері музей қорын толықтырды. Экспонат қорын толықтыруда тағы бір айта кетерлік жетістік, бір жарым ға­сыр­дай тарихы бар мекеменің сақтау қоры 2022 жылы бірінші рет көне алтын жәдігерлерді қабылдады. Олар – Аягөз өңіріндегі Бозай мен Ақсуаттың Елеке саз қорымдарына тән алтын артефактілер. Дәл осы тектес жәдігерлердің бір шоғыры Жарма ауданының Шалабай өңірінен де әкелінді. Мұндай өте сирек кездесетін археологиялық тәбәріктердің мұражайдан орын табуы музей басшылығының археолог ғалымдармен дұрыс байланыс орната білгендігінен болса керек.

Мекеме басшылығының ізденіс-тал­пы­нысының нәтижесінде Семейдің тарихи-өлке­тану музейі 2021 жылы Білім және ғылым министрлігі тарапынан ғылыми-техни­калық субьекті ретінде аккридиттеу куәлігіне ие болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Тәуел­сіздіктің 30 жылдығына орай отыз адам­ға арнап жарияланған «Тәуелсіздік құр­дастары» атты гранттың бірін осы музей­дің жас маманы Дарья Каливошкина иеленді.

Тағы бір айта кетерлік нәрсе – Қ.Сабыр­баевтың бастамасымен жоғары сынып оқушылары арасында «Болашақ өлкетанушы» облыстық байқаудың қолға алынуы. Бұл жердегі басты ерекшелік – бай­қаудың бас жүлдегері Шәкәрім уни­вер­ситетінің грантына қол жеткізеді. Соңғы бес жылда тұрақты жалғасын тауып келе жатқан байқау музей мен университет арасындағы тығыз байланыстың жемісі десек, бұл шара болашақта да дәстүрлі түрде жалғасын таба бермек. Байқаудың негізгі мақсаты – мектеп түлектері арасынан үздігін таңдап, университеттің тарих, археология бөліміне бағыттау. Сондай-ақ жастарды туған өңірін тануға баулитын «Семей өлкесі: табиғат, тарих, мәдениет» облыстық жастар ғылыми-өлкетану конференциясын да жыл сайын ұйымдастыру жолға қойылған.

Музей 2023 жылы 140 жылдық беле­сіне көтерілді. Мерейтойға орай халықара­лық ғылыми-практикалық конферен­ция өткізілді. Барлық баяндаманың басы бірік­­­тіріліп, кітапқа айналды. «Музей ше­­жі­ресі» де өз алдына жеке кітап болып шықты.

Өлке тарихы мен шежіресіне қатысты қылт еткенді қалт жібермейтін музей қызметкерлері Семейдің іргесін қалауға атсалысқан Әбілпейіз сұлтанның еңбегін еш ұмытпайды. Бұған қоғам да мүдделі. Әлеуметтік желілер мен ғалам­торда «Шіркін, Семейдің халқы осы сұл­тан­ның атын қазіргі күні біле ме екен деп ойлайсың, білсе Әбілпейіздің атына­ берілген көшесі қайда, ескерткіші неге алдыңнан шықпайды? Қазақты ХХ ғасырдың басындағы аласапыранда жеке, автономды республикаға бастаған Семей болса, Семейді «Ах-ау, Семей» қылған Әбілпейіз сұлтан еді ғой» деген сияқты кінә қоюшылар да бар. Халық айтса қалып айтпайды. Таяуда ғана Абай облыстық тарихи-өлкетану музейі «Әбілпейіз сұлтан» жылжымалы көрмесін ұйымдастырды. Көрмеде ХVІІІ ғасырдағы көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері және дипломаты, Жоңғар мемлекеті құлағаннан кейін қазақтарды Шығыс өңірге қоныстандыруды бастаған ұлыс билеушісі Әбілпейіз сұлтан туралы нақты деректер кеңінен баяндалады. Ол – Қы­таймен дипломатиялық байланыс­тар орнатып, қазақ-қытай, қазақ-орыс қаты­нас­тарының дамуына зор үлес қосқан тұлға.

Қазақ тарихымен біте қайнасқан киелі мекендегі 140 жылдық тарихы бар көне музей уақыт бедерімен жаңаша ажарлана береді.

 

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,

жазушы