ПЕТРОПАВЛ. 19 маусым. Ғ.Мүсірепов ауданына қарасты «Тұқым» ЖШС жұмысшыларының ұрлыққа қатыстылығы дәлелденсе, 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылуы ықтимал. Бұл туралы ОІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
Егіс алқаптарынан 132 тонна минералдық тыңайтқыштың қолды болғаны жайлы дабыл аудандық ішкі істер бөліміне түсісімен жергілікті полицейлер дереу із кескен. Көп ұзамай ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 15 адам ұсталған. Тергеу амалдары көрсеткендей егіс алқаптарын дәрілеп жүрген механизаторлар аммиак селитрасы мен аммофосты ауданның бір тұрғынына 4 күн бойы тасып, жеткізіп берген. Ол болса,Рузаев ауылындағы қоймада жасырып ұстаған.
«Күдіктілерден минералды тыңайтқыш тиелген екі тіркемелі «КАМАЗ» көлігі нақты айғақ ретінде алынды. ҚР Қылмыстық Кодекстің 188 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», дейді аға тергеуші Нұрлан Ысқақов. Бүгінде 3 күдікті уақытша тергеу оқшаулағышқа қамалды. Қалғандары ешқайда кетпеу жөнінде қолхатпен босатылды.
Өмір Есқали.
Дерек: Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.
Сурет: egemen.kz