• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2015

Жаңа нарыққа жол ашылады

247 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын жиырма жыл бұрын айтқанмен, арада өткен осыншама уақыт бұл ұсыныстың қаншалықты маңызды екендігін толық дәлелдеп берді. Одаққа бірігудегі негізгі мақсат – тиімді әрі табысты интеграциялық құры­лым қалыптастыру. Бұл құры­лым кішігірім емес, жоғары дең­гей­дегі ұйым. Сондықтан, бұл бас­таманың ел экономикасының одан әрі қарышты дамуына, халық­­тың әлеуметтік жағдайының қуат­тануына, бизнес әлемінде жүр­ген әріп­тестеріміздің мүмкін­дік­терін толық пайдалана алуына мүм­кіндік туғалы отыр. Осы Одақ аясында 170 миллион адамдық қуа­ты бар ортақ нарық пайда болады. Демек, қазақстандық кәсіпорындар үшін рынок 10 есеге дейін көбейеді. Сол себептен, енді біздің кәсіп­кер­лерге жаңа экономикалық одақ­тың талаптарына бейімделіп, сырт­қы нарықта бәсекеге төтеп бере­тіндей сапалы тауарлар өн­діру­ге қадам жасау қажет болып отыр. Осы орайда, сыртқы сау­да ай­налымын жолға қоюдың бас­ты шарт­тары, соның ішінде, мә­селен, біріншіден, Еуразиялық эко­но­ми­калық одақ мүшелерінің бір­д­ей құ­қық­тары болуға тиіс. Яғни, одақ мү­ш­елері үшін ортақ ереже және сол ереженің бұзылмауы бас­ты қа­да­ғалауда болуы керек. Ресей жә­не Беларусь елдері қазақстандық тауар­­ларға шектеулер қоймаулары тиіс. Бүгінгі күні интеграциялану, аймақтық бірігу кез келген мемлекет үшін үлкен маңызға ие. Сол себепті де, бұл одақтың қажеттілігін халық жақсы түсініп отыр. Қандай да бір істің бастамасында, әрине, қиыншылықтар мен кедергілердің кездесері анық. Бірақ, ұтымды ойластырылған іс қашанда өз нәтижесін береді. Біздің одақтан ұтарымыз да сол, отандық кәсіпорындар үшін нарық кеңейеді, басқаша айтқанда, қазақстандық сапалы тауарлар үшін жаңа нарыққа жол ашылғалы отыр. Яғни, Ресей, Беларусь елдеріне өнімдерімізді еркін шығара аламыз. Демек, біздің өнімдер үшін сол елдерден сұраныс та көбейеді. Осы орайда, біз қазірдің өзінде өз тауарларымызды Ресей аумағына шығарып отырмыз. Ал, шарт күшіне енгеннен кейін, сол елдермен тәжі­рибе алмасуға қол жетіп және Қазақ­станда жоқ қажетті құрал-жабдықтарды, шикізаттарды алу мүмкіндігіне оң қадам жасалғалы отырғаны даусыз. Өзім жұмыс жасайтын «Шевронмұнайгаз» компаниясына тиесілі Атырау полиэтилен құбырлар зауыты жоғары сапалы полиэтилен құбырлар шығару ісінде көшбасылық етіп келеді. Қазақстанда осындай 70-ке жуық зауыт бар. Зауыт ұжымы Мемлекеттік техникалық басқару комитетімен және Құрылыс жөніндегі комитетпен бірлесіп полиэтилен құбыр өндіру стандартын және сынақ әдістерін дайындап, бекітті. Біз қазір 20-дан астам қазақстандық стандарттарды дайындаушы және бастамашы ұйым ретінде танылғанбыз. Зауыттың өндірістік жетістіктерге қол жеткізуінде оның қызметкерлерінің еңбектері айтуға тұрарлық. Зауыт қызметкерлерінің барлығы Қазақстан азаматтары. Компания үшін ең маңызды мәселе – өндірістегі еңбек қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау. Таяуда зауыт жұмыс уақытын үнемдеп, жарақатсыз 1 млн. адам/сағатқа қол жеткізді. Бұл іске қосылған сәттен бастап, зауыт бірде-бір апатсыз жұмыс істеп келе жатқанын білдіреді. Зауытта Қазақстан бойынша жал­ғыз салалық зертхана жұмыс жасайды. Ондағы қызметкерлер өндірілген өнім сапасын үздіксіз бақылап, әр сатып алушыға қажетті құжаттарды дайындап береді. Шығарылған құбырлар сапасының жоғарылығының арқасында Атырау зауыты өз өнімі бойынша тұтынушыдан ешбір наразылық алған емес. Өндірген өнімінің жоғары сапасы және бизнестегі үздік көрсеткіштері үшін «Еуропалық сапа» халықаралық сыйлығына ие болдық. Бұл – біздің осы саладағы тынымсыз әрі жемісті еңбегіміздің нәтижесі. Бұған қоса, 2013 жылы ашылған Атырау құбырлар арматурасы зауыты Қазақстан және ТМД елдері арасында ең сапалы құбыр арматурасын шығара бастады. Зауыт жұмыскерлері Даниядағы ең үздік мамандардың мектебінде оқытылып, тәжірибе алмасты. Осының бәрін біздің басты жетістіктеріміз деп санаймыз. Біз бүгінгі жетістігімізді алда да жетілдіре түскіміз келеді. Сөйтіп, зауыт өнімдерінің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Ресей және Беларусь мемлекеттеріндегі сатылымын көбейту, өнімдердің сатылу деңгейін жақсарту, шы­ғарылатын өнім түрлерін арт­тыру, сырттан әкелінетін тауар­ларды өз зауыттарымызда шығару қабілетін зерттеп, технологиялық мүмкіндіктерімізді барынша қолдану сияқты басты-басты жоспарларымызды пысықтап отырмыз. Бұларға қоса, жергілікті мамандарды оқытып, олардың біліктілігін арттыру және жақсы тәжірибе жинақтауға мүмкіндіктер туғызу, шетелдік технологияларды өз елімізге әкеліп, өндірісте кеңінен қолдануды іске асырсақ деген ойымыз бар. Үш мемлекеттің президенттері өз елдерінің ортақ мүдделері үшін бір келісімге келді. Демек, еуразиялық ықпалдастықтан ұтыл­масымыз анық. Оның үстіне Елбасы шағын және орта бизнестің дамуына кең жол ашып, зор мүмкіндіктер жасап отыр. Мұндай қолдау басқа мемлекеттерде кездесе бермейді. Сондықтан, бұл жаңа құрылым жанды істің тың бастауы болады және бизнес саласындағы тұрақтылыққа қол жеткізеді деп есептеймін. Ал, отандық өнімдеріміз Еуразиялық одақ аясындағы елдердің сауда сөрелерінен лайықты орнын ие­леніп, тұтынушылар көңілінен шы­ғуымен қатар, жоғары сұра­нысқа ие болары сөзсіз. Демек, еуразиялық интеграциялық ықпал­дас­­тықтан күтеріміз көп, тың құры­лым­ның ел үшін берері де мол болмақ. Меңдіғали САППАЕВ,  «Шевронмұнайгаз ИНК» компаниясының  Атырау аймағы бойынша бас директоры. АТЫРАУ.