• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2015

Нарық ауқымы артатыны қуантады

271 рет
көрсетілді

Бұл күндері облыс орталығындағы «Гофротара» ЖШС кәсіпорны қуаттылығын арттырды. Зауыт басшылығы 200 миллион теңгеден астам инвестиция тартып, гофро өнімдерінің ауқымын 2 миллион 1 мың шаршы метрге жеткізді. Жалпы, бұл жоба елімізде қабылданған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы барысында жүзеге асырылуда. Кәсіпорын жаңа технологиямен жұмыс жасайды. Нәтижесінде үш қабатты және шағын гофрр қатты картон қағаздар шығару мүмкіндігіне ие болды. Кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта Ресей, Орталық Азия нарығына шығуды жоспарлап отыр. Өндірісте 100 адам жұмыс жасайды. – Бәсекеге қабілетті өнімге әрқашан сұраныс бар. Елбасы еліміздегі кәсіпкерлік ұлттық экономиканың ілгерілетуші күшіне айналуға тиіс деп шағын және орта бизнестің үле­сін кемінде екі есеге арттыру қажет­тігін міндеттеп отыр. Ал, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономи­ка­лық одақ өз жұмысын бастады. Еліміздің өсіп-өркендеуіне жол ашатын интеграциялық ұйымға бірігуді, әрине, біздің кәсіпорын өкілдері де қолдайды. Одаққа мүше елдердің арасында бәсекелестік күшейіп, сапалы өнімдердің көлемі арта түседі. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке жол деген сөз. Шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді. Тауар өндіру бір басқа, оны сату бір басқа. Өнімімізді өткізе алатын үлкен нарық керек. Жалпы, Ресей және Белоруссия елдерімен қосылып, сауда-саттық жолында шекарамызды ашқанымыз отандық кәсіпкерлер үшін тиімді. Кеден одағы құрылмай тұрған кезде тауарларымызды шетелге өткізуге еркіндік аз еді, дейді кәсіпорын басшысы Гүлнәр Қайдарова. Гүлнәрдің айтуынша, «Биз­нестің жол картасы-2020» бағ­дарламасының кәсіпкерлерге көмегі тиіп, жеңілдетілген несиеге қолдары жетіпті. Қазір кәсіпорын 2006 жылы алғаш ашылған жылдарға қарағанда өндірісін бұрынғыдан 2-3 есе ұлғайтыпты. Өйткені, жаңадан алынған құрал-жабдықтар зауыттан шығатын қағаз өнімдерінің сапасын жақсартты. Қатты қағаздардан, яғни гофрокартоннан бір-бірімен жалғасқан автоматты құрылғылардың соңына дейін аралап шыққанда не жасалып жатқанын көзіңмен көресің. Ғажайып шетелдік автоматты құрылғылар бірі қағазды қиып, екіншісі өрнектеп, үшіншісі бүктеп, күнделікті көріп жүрген жұмыртқа салатын гофрокартон қорапшалар жасап шығады. Цех іші таза, жарық. Автоматты желімен басқарылатын жаңарған, жаңа заман кәсіпорны деген осы. Ұзын желінің бір басына қойылған қағаз орамасы арнайы қондырғылар арқылы ширатылып, кесіледі де, екінші шетіне дайын қорап түрінде шығады. Желі бойында қалған қағаз қалдықтары жиналып алынады. Қайта өңдеуден өткізіп, өндіріске жаратады. Жаңа технология арқасында «Гофротара» серіктестігі бүгінде еліміздің қағаз өнімдері рыногының 20 пайызын алып отыр. Бүкіл облыстармен жұмыс жасайды. Кәсіпорын өнімдеріне қызығушылық танытқан Ресей, Тәжікстан бизнес өкілдері де келіп кетіпті. Гофрокартоннан жасалған қорапшалар сапалы, бағалары жоғары. Өйткен, қорапшалар жасалатын қағаз құрамында целлюлоза бар. Ол Ресейден жеткізіледі. Гүлнәр алдағы уақытта тетрапак қорап­тарын шығаруды қолға алмақшы. Қазір гофрокартон өнімдері, еліміздің құс фабрикаларына қажетті жұмыртқа салатын шұңқырлы қорапшалар, азық-түлік қораптары жасалады. Мысалы, Қарағанды, Қостанайдың кәмпиттерін цехтардан оралып шыққаннан кейін павлодарлық «Гофротара» серіктестігі шығарған дайын қораптар күтіп тұрады. Шағын кәсіпорын отандық рынокта жұмыртқа қорапшаларын шығару арқылы танылды. – Алғашында небары 100 мың шаршы метр қағаз орамдарын шығардық. Көбі жарамсыз қалатын, өндірістік желі ескі болды. Ал, қазір гофро-жұм­сақ-бүртік картон жасайтын заманауи жоғары технологиялық желі жүйесінде жұмыс жасайды. Кәсіпорын алдында жос­пар-жобалар тұр. Сұраныс көп.Тапсырыс көбейген сайын кә­сіпорын тіршілігі де алға басуда. Сондықтар, біздер секіл­ді кәсіпорындар, шағын және орта бизнес Еуразиялық эконо­ми­калық одақ аясында жаңа қарқынға ие болады деп ой­лай­мын. Экономикалық ықпал­дас­тықтың бізге, кәсіпкер­лерге бас­ты нәтижесі сол – онда кең ау­­қымды нарық ашылады. Бәсе­ке­лестік пайда болады, бір сөзбен айтқанда, бизнес дамиды, – дейді кәсіпкер Гүлнәр Қайдарова. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ПАВЛОДАР.