• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2015

Қуанышың таусылмасын

435 рет
көрсетілді

Жұрттың бәрі Рысжан деп атап кеткен газетіміздің қызметкері Рысбала Нұрсапақызы ӘБДІҚАДЫР асқаралы 60 жастың биігіне көтеріліп отыр. Алғашқы еңбек жолын республикалық  «Лениншіл жас» газетінде бастаған Рысжан 1984 жылдан бергі өмірін «Егемен Қазақстан» газетімен берік байланыстырып келеді. Осынау отыз жыл уақыттың өн бойында өзінің жұмысқа деген жоғары жауапкершілігі, әріптестеріне деген құрмет-ілтипаты, кішіге қамқорлығы, үлкенге ізеттілігі зор абыройға бөледі. Ол ұзақ жылдар қызмет істеген газеттің меншікті тілшілер секторының жұмысы қашанда қайнап жататын. Сол жұмыстың қақ ортасында жарқырап-жайнап Рысжан жүрді. Тапсырмалардың тілшілерге дереу жеткізілуі, олардың мезгілінде орындалуы мен жедел қабылданып алынуы – Рысжанның жылдар бойы жүйелі түрде атқарған ауқымды ісінің нақты көрінісі. Осындай көп жылғы маңдай терінің нәтижесінде «Ерен еңбегі  үшін» медалімен марапатталып, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін кеудесіне тақты. Әр адамға жан жылуын шашып тұратын Рысжан Нұрсапақызының 60 жылдығына арналған басылым ұжымындағы басқосуда оған деген ақжарылқап тілектердің түйдек-түйдегімен ағытылуының да өзіндік бір заңдылығы мен сыры бар секілді. Өйткені, сымбатты да жаны сұлу Рекеңді үлкен де, кіші де әркез мақтаныш тұтып, үлгі етеді. Бір кездегі әдемі қыз, көрікті келіншек Рысжан қазір ұл мен қызын аялап өсірген, олардан немере сүйген асыл әжеге айналды. Ең бастысы – бар байлықтың бастауы, міне, осы емес пе! Қуанышың мен бақытың әманда қатар жүрсін. Аңсаған арманыңның шыңына көтеріле бер  Рысжан! Еліңе адал қызмет етіп, абыройлы болдың, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, мерейің өсті. Қуанышың таусылмай, өмірдің қызығына тоймай жүре беруіңізге тілектеспіз. Егеменқазақстандықтар.