• RUB:
    6.06
  • USD:
    515.18
  • EUR:
    570.66
Басты сайтқа өту
Шымкент 02 Сәуір, 2025

Шымкентте алып самса пісірілді

43 рет
көрсетілді

Ораза айт мерекесі күні Шымкентте өткен «ДәмДәсTour» фестивалінде ең үлкен самса пісірілді. Бұл – елімізде алғаш рет әзірленген салмағы 24 кило тартатын тандыр самса. Дәл осындай самса бұрын-соңды болмағанын Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Сәбитұлы да растады. Сарапшы тағам дайындаудан рекорд жасаған Шымкент шын мәнінде еліміздің гастрономиялық астанасы екенін мойындады.

Рекорд авторы – Немат Нархожаев. «Камал ата» дәмханасының бас аспазы. Оның сөзінше мұн­дай самса пісіру оңай емес, сол үшін екі аптадай дайындалыпты. Дегенмен оның кәдімгі самсадан еш айырмашылығы жоқ екенін айтады. Қамыры да, ішіндегі қоспасы да бірдей. Тек көлемі ғана үлкен. Аспаз бірінші кезекте үйінде пісіріп көрген. Онысы 17 кило шыққан. Ал фес­­ти­вальда, жоғарыда ай­тыл­ған­дай 24 кило етіп пісірді.

Жалпы, «ДәмДәсTour» фестивалі Шымкентте 2022 жылдан бері өтіп келеді. Іс-шара қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше ұнап қалғандықтан, жергілікті әкімдік оны жыл сайын ұйымдастыруды ұйғарған. Мұндағы мақсат – шаһардың бұ­рыннан келе жатқан дәс­түр­лі тағамдары мен қонақ­жай­лы­лығын насихаттап, елге турис­тер тарту. Шымқала өзінің бай асханасымен танымал. Оны мұндай дәрежеге көтерген оңтүстік өлкедегі түрлі мәдениеттердің бір-бірімен тоғысуы. Әрі мол дастарқан қазақ халқының кең пейілі мен дарқан көңілінің бір көрінісі іспетті.

Фестивальда қаланың елуден астам дәмханасы мен тамақ индустриясындағы кәсіпорындары қатысып, өз өнімдерін келушілер назарына ұсынды. Сондай-ақ жергілікті қолөнершілер де өз бұйымдарын қонақтарға таныстырды. Сонымен бірге мереке аясында мотоспорттық іс-шара ұйымдастырылды. Республиканың әр өңірінен және Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен келген мотобайкерлер өздерінің ерекше қызықты мотошоуы мен мотошеруін өткізді.

Фестиваль отшашу мен эстрада жұлдыздарының мере­ке­лік концертіне ұласты.

 

ШЫМКЕНТ 

Соңғы жаңалықтар