Ерейментау ауданындағы «Жаңа Береке» шаруа қожалығының құрылғанына екі жылға енді таяғанымен, жаңашыл өндірісшілердің аяқ алысы облыс аумағында жақсы қырынан атала бастады. Тәжірибелі маман Айгүл Рамазанова әу бастан-ақ жұмыстың уақыт талабына сай үйлестірілуін бірінші кезекке шығаруы өз қайтарымын беруде. Мұндағы басты бағыт – мал шаруашылығын асылдандыру болып табылады.
Новомарковка ауылының 15 тұрғынын жұмыспен қамтамасыз еткен қожалық бұрынғы мал қораларын жөндеумен қатар, қосымша құрылыстар салып, материалдық-техникалық базасын нығайтып отыр. Аудандық әкімдіктің қолдауымен 50 гектар жер бөлініп, 3000 ірі қараға арналған бордақылау алаңы пайдалануға берілді. Жайылымдық жердің ауқымы 1 700 гектарға жетті.
Шаруа қожалығы 2013 жылы қалмақтың асыл тұқымды 93 тайыншасын, дондық 5 бұқа мен 5 жылқы сатып алған. Ал, өткен жылы шаруашылықтағы ірі қараның саны 589 басқа жетсе, оның ішінде 326 құнажын, ал 5-еуі өндіруші бұқаларды құраған. Бұған қоса, башқұрт тұқымды 98 бас асыл тұқымды жылқы мен құшым тұқымды 5 айғыр сатып алынды. Бүгінде жылқы үйірі 109 басқа жеткендігі алға қойылған мақсаттың биіктігін айқындайды.
Мал шаруашылығын асылдандыру бағытындағы республикалық палатаның құрамына енген ерейментаулық қожалық ауыл өмірін жандандырып, ел игілігін еселей түсетіні анық.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Ерейментау ауданы.