• RUB:
    5.97
  • USD:
    504.34
  • EUR:
    556.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Сәуір, 2025

Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақстандықтар туралы тың дерек табылды

213 рет
көрсетілді

Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің бастамасымен тарих ғылымдарының докторы, Satbayev University профессоры Гүлнара Меңдіқұлова Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған еске алу шаралары аясында жұмыс сапарымен Францияға барды. Сапар аясында ол соғыс кезінде қаза тапқан қазақстандық сарбаздар туралы мәліметтер жинап және олардың Франция аумағындағы шайқастарға қатысуын зерттеген, деп хабарлайды Egemen.kz Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Париждегі Қазақстан Елшілігі мен Страсбург қаласындағы Бас консулдығының дипломаттары мен Әскери атташе апаратының көмегімен профессор Г. Меңдіқұлова Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің, Қарулы күштер министрлігінің архивтерін, Ұлттық архивты, сондай-ақ Ұлттық тілдер мен өркениеттер кітапханасының архивін (BULAC) зерттеген. Сонымен қатар ол Нормандия, Лотарингия аймақтарының, Сарргемин, Форбах және Мец қалаларының муниципалдық архивтерін, сондай-ақ «Bains Saint Jean» әскери тұтқындар лагерін тексерген.

Бұдан бөлек Қазақстан солдаттарының Франция жеріндегі жерленген орындары туралы нақты деректерді анықтау мақсатында жергілікті билік органдары, архивтік және қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесулер мен келіссөздер жүргізген.

Зерттеулердің нәтижесінде Г. Меңдіқұлова Қарсыласу Қозғалысына қатысқан 7 қазақстандық туралы құжаттарды және «Chambière» ұлттық әскери некрополінде жерленген 20-дан астам қазақстандықтың тізімін анықтаған.

«Қазақстандық ғалымның қажырлы ізденістерінің қорытындылары Қазақстан Елшілігі ұйымдастырған «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтар: Франциядағы жаңа деректер» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында жарияланды. Іс-шараға Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің, Қарулы күштер министрлігінің, Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығы (CNRS), Ұлттық тілдер мен өркениеттер кітапханасы (BULAC) өкілдері, сондай-ақ белгілі француз тарихшылары, зерттеушілер және Нормандия аймағының аймақтық кеңесшісі қатысты», деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Г. Меңдіқұлова архив деректері мен іздеу зерттеулерінің нәтижесінде алынған жаңа мәліметтерді ұсынып, презентация қатысушылардың қызығушылығын туғызған. Олар бұл материалдардың қазақстандықтардың Францияны азат ету кезіндегі Қарсыласу Қозғалысына қосқан үлесін тереңірек зерттеуде және олардың нацизмге қарсы күресте ерліктерін есте сақтауда ерекше маңыздылығын атап өткен.

Айта кетейік, еліміздің Франциядағы Елшілігі іздестіру жұмыстарын жалғастырады және Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Франция аумағында шайқасып, қаза тапқан отандастарымыздың ерлігін есте сақтау мен олардың Жеңіске қосқан үлесі туралы мәліметтерді кеңінен тарату мақсатында барлық мүдделі тараптарды осы бастамаға қатысуға шақырады.

Соңғы жаңалықтар