Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында ҚР Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен, Ресей ғылым академиясы және Қазақстан мен Ресейдің жетекші ғылыми-зерттеу институттары бірлесуімен Алматы қаласында ауыл шаруашылығы саласындағы Озық технологиялар орталығы құрылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Орталықтың ашылу рәсіміне Қазақстан мен Ресей ғылым академияларының академиктері, жетекші ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, сондай-ақ аграрлық бизнес өкілдері қатысты.
Озық технологиялар орталығы – екі елдің жетекші ғылыми мекемелерімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп, тәжірибе алмасу, инновациялық шешімдер әзірлеу, салаға жоғары технологиялық тәсілдерді енгізу үшін бірегей алаңға айналады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Орталықтың басты мақсаты – екі ел ғалымдарының бірлескен зерттеулерін жүзеге асыру және инновациялық жобаларды дамыту. Атап айтқанда:
Ауыл шаруашылығы дақылдарының геномдық селекциясы бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу; АӨК-дегі цифрлық технологияларды дамыту және ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға арналған инновациялық шешімдерді енгізу; Тұрақты агротехнологияларды енгізу, соның ішінде көміртек және көміртекті үнемдейтін егіншілік технологияларын дамыту арқылы экологиялық қауіпсіздік пен ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын арттыру; Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу технологияларын әзірлеу, жоғары қосылған құны бар жаңа өнім түрлерін жасау.