Араға 25 жыл салып, Астанада ауқымды кәсіби бокс кеші өтеді. Бокс кешінің басты жекпе-жегі отандасымыз, бұған дейін жеңіліп көрмеген боксшы, WBO, IBF белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлы мен франциялық тәжірибелі былғары қолғап шебері Анауэль Нгамиссенге арасында өтеді, деп жазады Egemen.kz.

Жәнібек Әлімханұлы - Анауэль Нгамиссенге жекпе-жек алдындағы соңғы баспасөз конференциясына қатысып, дайындықтары туралы айтып берді.
Жәнібек Әлімханұлы осы кездесуге Түркістан облысында дайындалған. Спарринг қарсыластар ретінді жергілікті боксшыларды таңдап, тәжірибе бөліскен. Ол елімізде өтетін жекпе-жегінің айрықша маңызды екенін, тыңғылықты дайындалғанын атап өтті.
«72 келіде 4 белбеуді жинасақ деген мақсатымыз бар. Қарсыласқа келетін болсақ, қарсылас әуесқой, кәсіпқой бокста жұдырықтасқан өте тәжірибелі, жеңіліп көрмеген боксшы Құдай қаласа бағымызды осы жекпе-жекте сынап көреміз. Қазақстандықтар, жанкүйерлер үлкен боксты сағынып қалған. Үлкен шоулар елімізде болмаған. Сондықтан барымызды салып өнер көрсетеміз. Біз әрдайым қарсылас таңдамағанбыз және мықты боксшылармен шығуды мақсат етіп қойғанбыз. Басты мақсатым - орта салмақта үстемдік ету», деді Ж. Әлімханұлы.
Ал оның қарсыласы Астанаға жекпе-жекке 1 апта қалғанда келіпті. Анауэль Нгамиссенге Қазақ елі, қазақ бокс мектебі туралы оң пікір білдірді. Сондай-ақ, Жәнібек Әлімханұлына қарсы бұрынғы қарсыластарына қарағанда көбірек жаттығып, дайындалғанын жеткізді.
«Жәнібек - мықты қарсылас. Мен онымен жұдырықтасу үшін әдеттегіден ұзақ дайындалдым бірақ өзіме сенімдімін, дайындығым да жақсы», деді франциялық боксшы.
Ауқымды бокс кешін ұйымдастырушы Nomad промоушені Қазақстанда осы форматтағы бокс кешін ұйымдастыру оңайға соқпаса да, алған бағыттан таймай жанкүйерлерді қуантуға дайын екенін тілге тиек етті.
«Мұхиттың арғы жағынан боксшыларды алдыру, деңгейі жоғары бокс кешін ұйымдастыру барысында бюрократиялық кедергілерге тап болсақ та, оны шеше білдік. Бұл шараның жарнамалануы тұрғысынан біраз сын айтылып жатыр. Десе де біз қазір тәжірибе жасап жатырмыз. Келесі ретте барлық сын ескеріледі. Қазір бокс кешіне арналған билеттердің 50 пайыздан көбі сатылып кетті. Соңғы екі күнде билет алу белсенділігі артатынан сенім мол», деді Nomad промоушенінің бас директоры Рустам Қуанышалиев.