• RUB:
    5.97
  • USD:
    504.34
  • EUR:
    556.34
Басты сайтқа өту
Бокс 04 Сәуір, 2025

Әлем кубогінің үмітті кезеңі

31 рет
көрсетілді

Бразилияның Фос ду Игуасу қаласында әлем кубогінің кезеңі бас­талды. World Boxing халықаралық ұйымы қолға алған жобаның аясында өтетін жаһандық додаға бірнеше елдің боксшылары қатысып жатыр. Елімізден әлем кубогіне ерлер додасында 8 боксшымыз сынға түссе, әйелдер арасындағы айқаста 3 боксшымыз бақ сынады.

Дүбірлі додаға Азия құр­лығынан Қазақстан, Өзбекстан, Тайпей, Үндіс­тан елдері боксшыларын үкілеп қосып отыр. Жалпы, 20-ға тарта елден 130 боксшы жарыс көрігін қыздырып жатыр. Біздің боксшылар да алтыннан үмітті.

55 кг салмақ дәрежесінде сын­ға түсіп жатқан Нұрсұлтан Ал­тынбек жартылай финалға шықты. Жерлесіміз алғашқы жекпе-же­гінде бразилиялық Майкл Триндадені ығыстырды. Майкл былтыр Париж Олим­пиадасына қатысты, 2021 жылы Сербияда өткен әлем чем­пионатының ширек финалында Махмұд Са­бырханнан жеңілді. Ширек финалдық жекпе-жекте Франция боксшысы Біләл Бинәлиді еңсерді. Енді үндістандық Маниш Раториді жеңсе, әлем кубогінің алтынына таласады. Нұрсұлтан жастардан ересектер қатарына жуырда ғана ауысқанына қарамастан, жақсы қарым-қабілетін танытты. Ол – 22 жасқа дейінгі боксшылар арасында екі дүркін Азия чемпионы. Ұлттық құрамада өз салмағының серкесі атанудан үмітті.

Мұндай бәсі жоғары сайысқа алғаш қатысқан тағы бір бокс­шымыз Нұрзат Оңғаров (50 кг) бірден ширек финалдық жекпе-жекке түскен еді. Өкінішке қарай, өзбекстандық Асылбек Жалиловке есе жіберді. Асылбек – былтыр Таиландта өткен Азия чемпионатының финалдық ай­қасында филиппиндік бокс­шыны ұтып, құрлық жеңімпазы атанған саңлақ. Жүлде алады деп үміт артқан серкеміздің бірі 60 кг салмақта бақ сынаған Талғат Сырымбетов еді. Ол да алғашқы айналымнан аса алмай, бразилиялық Луиз Оливейраға есе жіберді. Алмат Әбдуәлі де (65 кг) Бразилия боксшысы Юри Рейес Фалькаоның шеңгелінен шыға алмады. Төрешілер бразилиялық боксшыға басым ұпай жазды. Егер Алмат ширек финалға шыққанда, Париж Олимпиадасының чемпио­ны, өзбекстандық Асахуджа Муйдинхуджаевпен шеберлік байқасатын еді. 70 кг салмақта тартысқа түскен Дархан Дүйсебай да ширек финалдық айқастан бас­тап, бірақ француз боксшысы Макан Траореге есе жіберді. 80 кг салмақ дәрежесінде Диас Молжі­гітов поляк боксшысы Никоден Козакты еркін еңсерді. Жартылай финалдық айқаста енді Азия чемпионы, өзбекстандық Жавохир Умматалиевке қарсы айқасады. Өзбек боксшысы ширек финалда әлем чемпионы, америкалық Робби Гонзалесті ығыстырды. Дәулет Төлемісовке де (85 кг) жеребе сәтті түсті. Бұл салмақта 7 боксшы ғана болғандықтан, жерлесіміз бірден жартылай финалдық тартыста бақ сынайды. Қарсыласы француз Абдулайе Траоре мен үндістандық Жунго Жунго жекпе-жегінде анықталды. Екі серкенің айқасында төрешілер Франция боксшысын жеңімпаз деп таныды.

90 кг салмақта Даниял Сапар­бай жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері үндістандық На­рендард айқын ұтып, жар­тылай финалға шықты. Енді өзбекстандық Жахонгир Зоки­ровке қарсы сайысқа түседі. Жастар арасында әлем чемпионы, Азия біріншілігінің екі дүркін же­ңімпазы, кәсіпқой бокста да бағын сынап көрген өзбек бокс­шысы оңай қарсылас емес.

Қыздар арасындағы тартыста екі боксшымыз әлем кубогінің алтын медалінен үмітті. Жазира Орақбаева (51 кг) Бразилия спортшысы Каролин Алмейданы ығыстырып, жартылай финалға өтті. Енді Польша боксшысы Наталья Кужевсканың қарымын байқап көреді. 54 кг салмақта бағын сынаған Анита Әдішева поляк бокс­шысы Виктория Рога­линскаға есе жіберіп, алғашқы ке­зеңнен аспады. 57 кг салмақта Ұлжан Сәрсенбек Польшаның үмітін арқалап келген Юлия Шереметаға қарсы айқасқа түседі.

World Boxing халықаралық ұйымы әлем кубогінің екінші кезеңін жаз мезгілінде Астана қаласында ұйымдастырмақ.