Оқиға 04 Сәуір, 2025

Түркістан жұрты Бекзат Саттархановты еске алды

75 рет
көрсетілді

Түркістанда жыл сайын 4 сәуір күні бокстан Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, «Барыс» орденінің иегері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған іс-шаралар өткізіліп келеді. Оқушылар сарайында өткен, қазақ спорты тарихында есімі алтын әріппен жазылған боксшының жарқын ғұмырына арналған «Жарқ етіп сөнген 20 жас» кітабының тұсаукесері сол игі істердің бірі.

Танымал спортшылар, зиялы қауым және БАҚ өкілдері мен мектеп оқушылары қатысқан тұсаукесерде кітапты шығару туралы идеяны ұсынған Оқушылар сарайының директоры Индира Икапова жастардың жігерін ояту үшін осындай кітаптар жазу, кездесулер ұйымдастыру маңызды екенін айтып өтті. Ал Бекзаттың анасы Сырлыгүл Шойбекова баласының спортқа деген сүйіспеншілігі мен табандылығы туралы естеліктерімен бөлісті. Кітаптың авторы Ержан Арғынбаев туындының жазылу тарихын таныстырып, Бекзаттың жеңісті жолы, рухани болмысы мен армандары туралы баяндады. Жиынға қатысушылар Бекзаттың мұрасын сақтау мен дәріптеу жайлы ой-пікірлерін ортаға салды.

Сондай-ақ Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде Бекзат Саттархановты еске алуға арналған 2007-2008 жылы туған жастар арасында халықаралық турнир өтті. Биыл ХХІII рет ұйымдастырылған бокс додасына Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Әзербайжан, Қытай, Египет, Сауд Арабиясы, Кувейт елдерімен қатар Қазақстанның барлық аймағынан былғары қолғап шеберлері қатысты. Бокс бәсекесінде ерлер 13 салмақ бойынша жұдырықтасса, қыздар 6 салмақ дәрежесінде жеңімпаздарды анықтады. Жалпы 30 команда, 300-ге жуық боксшы бақ сынаған додада Түркістан облысының жігіттер құрамасы толық құрамда өңір намысын қорғаса, қыздар құрамасы 4 салмақ дәрежесінде ринг төріне көтерілді.

Айта кетейік, IBA талаптарына сай өткелі жатқан халықаралық бокс додасында жеңімпаз атанған спортшыларға спорт шебері атағы беріледі.