• RUB:
    5.97
  • USD:
    504.34
  • EUR:
    556.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Сәуір, 2025

Отбасына тиімді карта

62 рет
көрсетілді

Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) – азаматтарға әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілді мемлекет­тік қолдаудың қандай да бір түрін алуға қатысты тиісті органдарға жүгінудің қажеттілігінсіз мемлекеттік қызмет көрсетудің проактивті форматының жаңа, тиімді құралы. Қолданысқа енгізілгелі бері 133,6 мың адамға хабарлама жолданса, 72,3 мың азамат өтініш жазбай-ақ жәрдемақы мен төлем алудың игілігін көрген.

Ілкімді жоба мемлекеттік  органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде жүзеге асырылады. Бүгінде онда еліміздің 20 млн азаматы немесе 6,2 млн-нан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған. ОЦК енгізудің басты мақсаты – азаматтарға мемлекеттік қолдау жүйесін қолжетімді ету. Әлеуметтік кодексте Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы екені жазылған. ОЦК-нің тағы бір тиімділігі – азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланыс­ты кепілдендірілген мем­лекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға құқылы екенін күнделікті «электрондық хабарлама» арқылы біле алады.

Қазіргі уақытта ОЦК мемлекеттік қолдауды алуға құқығы бар азаматтарға тиісті орындарға барып ешқандай өтініш жазбай-ақ жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Мысалы,  еңбек ету қабі­летінен айырылғанда алатын әлеуметтік төлем, жұмы­сынан айырылған жағдайда алатын әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем немесе жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі бо­йынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлемді алады.

Сондай-ақ Отбасының цифрлық картасы арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі, «қандас» мәртебесі берілгенде немесе ұзартылғанда мәртебенің аяқталу мерзімі немесе жұмыссыз адамдар үшін жұмыспен қамту шаралары туралы хабарламалар жіберіледі.

Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуметтік жәрдемді алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама келеді. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу, әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режімде жүргізіледі, содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алаяқтыққа ұрынбас үшін 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беру қажеттігін ескертеді. 

Соңғы жаңалықтар