Астанада мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтановтың «Қазақтың Қонаевы» және «Отыз жылдың ой-толғауы» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті. Жаңа туындыда автор өзі куә болған естеліктерді баяндап, кеңестік тұстағы әділетсіздіктер мен қайшылықтар туралы толғамды ойларымен бөліскен.
«Қазақтың Қонаевы» – ұлтымыздың дара перзенті Дінмұхамед Қонаевтың ұзақ жылдар ұлт мүддесіне сай атқарған қайраткерлік еңбегіне арналады. Қуаныш Сұлтановтың естеліктерінде тарихи оқиғалар мен толқулы сәттер баяндалады. Одақтық үстемдік жағдайындағы әділетсіздіктер мен қайшылықтар сарапталып, қарапайым тілмен оқушы назарына ұсынылады.
Қуаныш Сұлтанов пен журналист Гүлсім Еңсепованың «Отыз жылдың ой-толғауы» атты сұхбаттарына басты құндылық – тәуелсіздік жайы, оны қастерлеу, ұлттық қауіпсіздігімізді күшейту, еліміздің дүниежүзілік қоғамдастықтағы, халықаралық беделінің өсуі, ел тұрмысының сапасын көтеру сынды маңызды мәселелерді арқау еткен. Сұхбат нақты деректерге сүйене отырып, жеңіл әңгіме түрінде баяндалады.
Алқалы жиынның тізгінін ұстаған мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай толымды еңбектің тарихи маңызды тұстарына тоқталды. Сол дәуірдің бейнесін зерделейтін деректер естеліктермен өріле суреттелетінін айтты.
Әдеби іс-шарада сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Қуаныш Сұлтанұлының ел өркендеуі мен игілігі жолында атқарған келелі істерін атап өтіп, жиналғандарға ақ батасын берді.
Сондай-ақ Президент кеңесшісі, академик Бауыржан Омаров қос жинақтың ұлттық мүдде, елдік мақсат жолында қандай маңызға ие екенін тілге тиек етті.
Ал мемлекет және қоғам қайраткерлері Әділ Ахметов тарих парақтарынан сыр шерткен мұндай туындылардың жарыққа шығуы, ең алдымен егемендіктің арқасы екенін атап өтті.
«Қос жинақты парақтап отырып мынадай ой түйдім. «Кез келген іргелі мемлекеттік тұлға – сол өзі өмір сүрген дәуірдің айнасы». Осы сөзді Қуаныш Сұлтанұлына да айтар едік. Сол заманның бейнесі кітап болып шыққан осы естеліктерде тұр. Ең бастысы, сындарлы кезеңнің сырын ақтарған осындай еңбектің жазылуы – ел егемендігінің арқасы. Тәуелсіздігіміз болмаса, мұндай азат ойлы пікірлер ашық жарияланбас еді», деді Әділ Ахметов.
Бұдан бөлек Қырымбек Көшербаев, Абай Тасболатов, Махмұд Қасымбеков, Сайлау Батыршаұлы, Мирболат Жақыпов, Ералы Тоғжанов сынды белгілі тұлғалар да жаңа туынды хақындағы толымды ойларымен бөлісіп, естеліктерін айтты.
Рухани іс-шараға зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен депутаттар қатысты.