Медицина 08 Сәуір, 2025

Отандық онкологтар 74 жастағы науқасқа қатарынан екі күрделі ота жасады

97 рет
көрсетілді

Отандық онкологтар 74 жастағы науқастың өңеші мен бүйрегіне бір мезгілде екі күрделі операцияны сәтімен атқарды, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Жасы келген науқас өңеші мен сол жақ бүйректің қатерлі ісіктеріне ұласқан бастапқы көп синхронды обыр диагнозымен Алматы онкологиялық орталығының хирургия бөлімшесіне жатқызылған еді. Салыстырмалы түрде сирек кездесетін синхронды ісіктер ауыр диагностика ғана емес, күрделі терапевтік тапсырма десек те болады әрі кешенді тәсілдер мен отаны мұқият жоспарлауды талап етеді. Медициналық консилиум науқасты егжей-тегжейлі тексеріп, жағдайын бағалағаннан кейін, өңештің субтотальды резекциясын зардап шеккен органның көп бөлігіне қоса, нефрэктомияны - сол жақ бүйректі толығымен алып тастайтын аралас хирургиялық операция жасау туралы шешім қабылдайды. Онкохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұрлан Балтаев жасаған бұл ота хирургиялық қана емес, анестезиологиялық тұрғыдан да өте күрделі болған. Өңештің субтотальды резекциясы зардап шеккен тіндерді қоршаған мүшелерден дәл бөлуді, тамақтың өтуіне жаңа жол ашып, отадан кейінгі ықтимал асқынулардың алдын алуды талап етеді. Сонымен қатар, нефроэктемия операцияның қиын тұсы еді, өйткені бұл отада бүйрек тамырларын сақтап, қан жоғалтпай, қалған бүйректің толық жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Мамандардың айтуынша, қиындықтарға қарамай, төрт сағатқа созылған ота сәтті өткен.