Қоғам 08 Сәуір, 2025

Елімізде «Франкофония көктемі» басталды

70 рет
көрсетілді

Франкофония көктемі биыл 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында өтеді. Мәдени іс-шараны Армения, Бельгия, Латвия, Литва, Румыния, Франция және Швейцария елшіліктері бірлесіп өткізеді, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Франкофония көктемі - француз тілі мен франкофония мәдениеттерінің алуан түрлілігіне арналған мәдениеттің көпсалалы фестивалі. Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Арменияның еліміздегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Армен Гевондян Франкофония көктемінің 15-маусымы мәдени-гуманитарлық сипаттағы кезекті оқиға емес екендігін, елімізде жыл сайын француз тілі мен мәдени алуандығын ілгерілету, білім беру мен қайта даярлауды ынталандыру, мәдениеттер мен өркениеттер диалогын жандандыру төңірегінде елдер мен халықтарды біріктіруге, ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған іс-шаралар өткізілетінін атап өтті.

«Франкофония – бұл халықтарға мәдениетті тереңірек қабылдауға мүмкіндік беретін, сол арқылы мемлекетаралық ынтымақтастық палитрасын байытатын мәдениеттер, дәстүрлер, ерекше әдет-ғұрыптардың тығыз тоғысуы. Соңғы жылдары Армения мен Халықаралық франкофония ұйымы арасындағы ынтымақтастық жаңа серпін алды. Арменияда Франкофонияның оныншы спорттық және мәдени ойындарына дайындық жүріп жатыр, оны 2027 жылы 23 шілдеден 1 тамызға дейін Ереванда өткізу жоспарланған. Бұл Франкофония елдерімен достық қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, Арменияда француз тілінің таралуына елеулі үлес қосу үшін ұйымдастырылмақ», деді Армения елшісі.

Армен Гевондянның айтуынша, биыл Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкентте көрнекті армян режиссері Серж Аведикянның «Күткен адам» фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылады.

Бельгияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің орынбасары Антуан Бинаме фестиваль аясында өңірлерде франкофондық кино апталығы өтетінін айтты.

«Біз бельгиялық фильмдердің көрсетілімдерін ұйымдастырып жатырмыз. Астана мен Алматыда «Омен» фильмі көрсетіледі. Қарағандыда «Жюли неге үндемейді» фильмін көрерменге ұсынамыз. 18 сәуірде Алматыда қазақ және француз тіліндегі әдебиетке арналған іс-шара өтеді. Бельгиялық авторлар мен иллюстраторлар Элен Делфорж Кентен Гребан онлайн режимінде иллюстрацияланған кітаптар жасау тәжірибелерімен бөліседі. Осы іс-шара аясында Қарағандыда «Комикстер арқылы Бельгия бойынша саяхат» көрмесін тамашалауға болады. Сондай-ақ «Анашым» атты кітапты қазақ тілінде ұсынамыз», деді Антуан Бинаме.

Ал Литва Республикасының еліміздегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Эгидиюс Навикас Литва 1999 жылдан бері Халықаралық франкофония ұйымының бақылаушы мүшесі екенін атап өтті. Француз тілі - Литвада ең көп таралған төртінші тіл. Елде Франциямен мәдени ынтымақтастықтың жоғары деңгейі байқалады.

«Мен үшін «Франкофония көктеміне» қатысу зор мәртебе. Ел тұрғындарын іс-шараларға қатысуға, фильмдер көруге, гастрономиялық іс-шараларға қатысуға шақырамын. Көптеген қызықты және жағымды дүниелермен танысуға мүмкіндік бар», деді елші.

Француз тілі сөйлейтіндер саны бойынша әлемде 5-ші орында тұр. 29 елде және халықаралық ұйымдарда БҰҰ, НАТО, ЕО, Халықаралық комитет, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы сияқты ресми тіл мәртебесіне ие, бұл француз тілінің үлкен дипломатиялық әртүрлілігін көрсетеді.

«Қазақстандағы француз тілінің мәртебесіне келетін болсақ, бүгінгі таңда Франция елшілігі 11 мың оқушыға француз тілін оқытуды қолдайды. Атап айтқанда, елшілік Астана, Алматы, Қарағанды және Ақтау қалаларында екі тілді секциялар құрылған төрт мектепте жұмыс істейді. Сондай-ақ біз Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкенттегі мәдени орталықтарымыз, Француз альянстарымен ынтымақтастық орнаттық. Сонымен қатар Астана мен Алматыда екі француз мектебін ашу жобасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл мектептер мүмкіндігінше тез ашылады деген үміттеміз», деді Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге.