Ұлттық спорт 09 Сәуір, 2025

Деревянко демеушілік еткен көкпар

87 рет
көрсетілді

Оңтүстік жұртының кейбірі «ұлты орыс азамат көкпар берді» деп бұл ойыннан «сенсация» жасап жатыр. Екінші жақ «осы елдің азаматы емес пе, ұлттық спортты қолдағаны жөн» екенін айтып, ел бірлігінің көрінісі ретінде қабылдап отыр. Иә, біз жеткізгелі отырған, Төлеби ауданына қарасты Екпінді ауылында өткен көкпарға жеке кәсіпкер Виктор Деревянко демеушілік көрсетті.

Қазақстан халқы Ас­сам­блея­сының 30 жыл­ды­ғына орай өткізілген қазақтың ұлттық ойыны көкпардың жалпы жүлде қоры – 4,5 млн теңге. Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық ке­лісім» КММ-нің қолдауымен ұйым­дастырылған іс-шараға еліміз­дің бірқатар өңірі мен Германия, Ресей, Қытайдан келген қонақтар, сондай-ақ облыстың барлық аудан, қалаларынан атбегілер мен шабандоздар, ардагер спортшылар, жер­гілікті тұрғындар қатысты. Көк­парда ас беріліп, киіз үйлер тігіліп, патриоттық әндер шыр­қалды.

Шардара ауданының тумасы,­ ұлттық спорттың жанашыры, жеке кәсіпкер Виктор Деревянко еліміздің тұтастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығын ны­ғайту әрбір аза­маттың міндеті екенін атап өтті. «Биыл қоғамдағы достық пен бір­лікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы кең көлемде аталып өтіліп жатыр. Ме­рейлі жылға орай осы елдің азаматы ретінде өз үлесімді қосайын деген ниетпен көкпар өткізуді мақсат еттім. Көкпар – қазақтың төл спорты әрі рухы мықты жігіттердің ойы­ны. Пырақтың үстінде өскен азамат елшіл, ха­лықшыл келеді деп ойлаймын. Сондықтан да, бұл ұлттық спортты насихаттауды алдағы уақытта да жалғастырмақ ниеттемін», деді Виктор Деревянко.

Спорт сайысының қорытын­дысында үздік шабандоздар қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Бұл орайда, келес­тік Ғалымжан Мырзабаев пен қазығұрттық Бәйдібек Сабыров үздік атанып, оларға 500 мың теңге сыйақы табысталды. Басқа да шабандоздарға қомақты сый­лықтар берілді. Дүбірлі дода соңында қариялар жастарға бата беріп, еліміздің ырыс-несібесі молайып, халқымыздың береке-бірлігі арта берсін деген ізгі тілектерін жеткізді.

 

Түркістан облысы