ОРАЛ. 11 ақпан. Венгрияның «Евопро» компаниясы Қазақстанның батыстағы қақпасы Орал қаласында автобустар құрастыруды қолға алмақ. Бұл туралы аталмыш компания деректоры Балаш Боднар еліміздің көне де жаңа қаласына арнайы келген сапарында мәлімдеді, деп хабарлады egemen.kz тілшісі.
Б.Боднардың айтуынша, қазіргі заманғы қоғамдық көліктің бірнеше түрін шығару көзделген. Автобустардың ұзындығы 6,5 – 11 метр аралығында болмақ. Ал негізгі қаңқасы мен сүйегі композиттік материалдардан құралады.
Жобаның тағы бір артықшылығы, венгриялық мамандардың Қазақстанға әкелетін өнімдері бүгінгі пайдаланылып жүрген металл автобустардан әлдеқайа жеңіл, бағасы да біршама арзан. Сонымен қатар, экономикалық жағы мен қолайлылығы тұрғысынан да ұтымды. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандардың мүдделері де ескерілген екен. Автобустың көлік қозғалқышы қуат үнемдейтін технологияға негізделген. Әрі мүмкіндігі мен қажеттілігіне қарай табиғи газбен, жанар-жағармаймен және электр қуатымен қозғала береді.
Орал өңірінде ежелден машина құрастыру саласы жақсы дамығандықтан атышулы венгриялық компанияның да таңдауы нақ осы Орал қаласына түсіп отыр. Мысалы, мұндағы « Оралагрореммаш» акционерлік қорында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері комуналдық және арнайы техника түрлері құрастырылып келеді. Бұл отандық кәсіпорынның венгриялық «Евопро» компаниясымен келісімі де бар екен.
Бұған қоса, аймақта қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Өз кезегінде, венгриялық әріптестерге батысқазақстандықтар тарапынан халықаралық заң нормалары шеңберінде барлық қолдау мен көмек түрлері көрсетілмек.
Темір Құсайын.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: inform.kz.