Атырауда тұратын 3 жасар Дінмұхаммед Жұмажанның шашылған қоқыс жинағаны бейнеленген видео әлеуметтік желіде жарияланып, көпшілікті сүйсіндірген еді. Президент балақайға қоршаған ортаға жанашырлығы үшін алғысын білдірді.

Мемлекет басшысының алғысы жазылған хатты балақайға облысы әкімі Серік Шәпкенов тапсырды. Оның ата-анасымен кездесіп, кішкентай жанашырға велосипед сыйлады.
«Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы уақытша іс-шара емес, әр азаматтың күнделікті атқаратын ісіне айналып отыр. Кейде көп сөзден гөрі осындай нақты қадамның әсері өзгеше болады. Дінмұхаммед әлі де ойын баласы болса да, оның әрекеті, кішкентай балақайдың шашылған қоқыс жинағаны баршаға ой салды. Бұл – отбасындағы тәлімді тәрбиенің жемісі, нағыз отансүйгіштіктің үлгісі», деді С.Шәпкенов.
Балақайдың әкесі Ержан Хайрошевтың айтуынша, тұрғындардың бірі ұлын бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген.
«Біз өзіміз тұратын шағын ауданда Ораза айт мейрамын кең көлемде тойладық. Содан кейін ұлымыз қоқыс жинауға көмектесті. Оның бұл әрекеті елдің ықыласына бөленеді деп ойламадық. Ұлымыздың тілі кеш шықты. Қазір балабақшаға барып жүр. Балабақшадан үйренгені де бар шығар. Өз отбасымызда да тазалыққа мән береміз. Сенбіліктерден қалмаймыз. Мен ұлымның елдің патриоты болып ержеткенін қалаймын», дейді Е.Хайрошев.
Атырау облысы