• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2015

Ақ Орда, Көк Орда, Боз Орда...

14227 рет
көрсетілді

(Қазақ хандығы жерінде болған ордаларға қатысты бір аз сөз) Биыл еліміз Қазақ хандығының құрылғанына бес жарым ғасыр толу мерекесін атап өтпек.  Қазір жер-жерде мерекеге дайындық жұмыстары жаппай  жүріп жатыр. Осы дайындық барысында ел тарихы ұлттық таным тұрғысынан қайта пайымдалып, бұрынғы қалыптасқан кейбір қағидаларға түзетулер енгізу мүмкіндігі де туып отыр. Баспасөз беттерінде жаңалықты ойлар айтылып, жаңа тұжырымдар жарық көре бастады. Осыған орай біз де Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы тарихи жағдайларға қатысты кейбір дүдәмал мәселелер төңірегінде көппен ой бөлісіп, өз  пайымдауларымызды ортаға салуды жөн көрдік. Қазір жұрттың бәрі Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққан Керей хан мен Жәнібек сұлтан бастаған елдің Моғолстанның батыс бөлігіне келіп, дербес Қазақ хандығының шаңырағын көтергенін жақсы біледі. Бірақ, өкінішке қарай, құжаттық құқы бар тарихи шығармалар берген дерек арқылы орныққан осы нақтылықтың арғы жағының, яғни Қазақ хандығы дербестік алғанға дейінгі жағдайдың айқындығынан көмескілігі басым. Содан да болар, тегін білуге ұмтылған жалпы жұртшылықты былай қойғанда, тарихи танымы молырақ деген тарихшыларымыздың өзі кей мәселеде нақтылыққа жол таба алмай, шырғалаң шиырынан шыға алмай жүрген сияқты. Мысалы, тарихтан негізін Бату қалаған Ұлы Ұлыс («Алтын Орда» деп біліңіз) ыдырағаннан кейін сонау Еділ дариядан шығысқа қарайғы иен далада «Жошы ұлысы», «Өзбек ұлысы», «Алтын Орда», «Ақ Орда», «Көк Орда», «Боз Орда», «Жүз Орда», «Ноғай Ордасы», сол секілді «Орда Ежен ұрпақтарының иелігі», «Тоқа Темір ұрпақтарының иелігі», «Шайбанилықтардың жері», «Сібір хандығы», «Әбілхайыр хандығы», «Қазақ хандығы» дегендердің болғанын бәрі біледі. Ал осылардың ішінен Қазақ хандығы бөлініп шыққан Әбілхайыр хандығынан басқасының қазақ халқының тарихына қаншалықты қатысы барлығын нақты біле бермейді. Өз бетіңше ізденіп бірдеме білу тағы қиын. Себебі, бір тарихи шығарма бізді Жошы ұлысына жатқызса, екінші бір шығарма Өзбек ұлысына апарып телиді, үшінші бір шығарма апарып Ақ Орданың еншісіне береді. Осылай жалғаса береді. Сонда біз осылардың қайсысынан шыққан болып табыламыз, әлде осының бәрі әр кезеңде әртүрлі аталған территориялық бір иелік пе? Бұл да сараланбаған. Көптеген ғалымдар Ақ Орданы Орда Еженнің ұрпақтары иеленді дейді. Осыған қарап Орда Еженнің ұрпақтарының жері біздің бабаларымыздың иелігі екен ғой деп іштей малдана бастасаң, «Қазақ ССР тарихы»: «Орда Ежен иеліктері мен Алтын Орда аралығында орналасқан Қазақстан территориясы Шайбан мен оның ұрпақтарының қол астында болды», деп өз кесімін айтады. Қанша құжаттық құқы бар дегенмен, жеке шығарманың аты жеке шығарма ғой, академиялық еңбекке ден қойып, осыған көңіл демдейін десең, Жошы әулетінің генеалогиялық кестесі Қазақ хандығының хандарының бәрі де Орда Еженнің де, Шайбанның да ұрпағы емес, Тоқа Темірдің ұрпағы екенін көрсетеді. Қайсысына сенеріңді білмей дал боласың. Ізденуге тура келеді. Сонда ғана барып әлгі айтылған территориялық иеліктердің түп негізінде Жошы ұлысы жатқанын аңғарасыз. Өйткені, Шыңғыс хан өзі жаулап алған орасан үлкен территорияны төрт ұлына бөліп бергенде, Шағатайдың үлесіне тиген жердің шекарасынан батысқа қарайғы сол кездегі моңғол әскерінің атының тұяғы іліккен өңірдің бәрі Жошыға қараған, ол «Жошы ұлысы» деп аталған. Жошы өлгеннен кейін оның орнын баласы Бату хан (Сайын хан деп те атайды) басты да, осынау ұлан-байтақ жерге сол дара билік жүргізді. Осыдан келіп тарихшыларымыз Жошы ұлысын да, кейін Бату хан кұрған Ұлы Ұлысты (кей деректе «Бату ұлысы» деп те атал ады) да бір ұғым деп қабылдайды, солай деп түсіндіреді. Бұл тұжырымның әкімшілік тұрғыдан алып қарағанда солай екені де рас. Бірақ ғылыми нақтылық тұрғысынан географиялық түсінікпен келсек, бұл пайымдауда ептеп жаңсақтық бар. Себебі, Жошы ұлысының территориясы тек Жошыдан Батуға мұра болып қалған жер ғана. Оған кейін Батудың өзі жаулап алған Шығыс Европа елдерінің жері кірмейді. Ал Ұлы Ұлыс болса (тарихшылар оны қазір «Алтын Орда» деп атайды), жаңағы Жошы ұлысының территориясын және оған қоса Батудың 1235 жылғы Қарақорымда өткен моңғол ақсүйектерінің құрылтайының шешімі бойынша жасаған жаңа жорығы нәтижесінде 1236-1242 жылдар аралығында жаулап алған жерлерін түгел қамтиды. Бұл ретте Ұлы Ұлысқа (Алтын Ордаға) Жошы ұлысынан гөрі «Өзбек ұлысы» деген атау үзеңгі қағыстырады. Бірақ мұның да территориялық тұрғыда нақтылыққа біраз дәл келмейтін өзгешеліктері бар. (Ол өз алдына жеке әңгіме, кейін Өзбек ұлысы жайында сөз болғанда тоқталармыз). Ал жаңағы Ақ орда, Көк Орда, Боз Орда, Жүз Орда, сондай-ақ Орда Ежен, Тоқа Темір, Шайбан (Шабан) ұрпақтарының иеліктері дегендер – бәр-бәрі Алтын Орда территориясына кірген. Мұның әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, анау алай, мынау былай деп саралап жатуды бір мақала көлемі көтермейді. Өйткені, бұлардың қай-қайсысы да жеке әңгімеге арқау боларлық тақырып. Сондықтан босқа шашырамай, осылардың бәріне ортақтығы бар Ақ Орда мен Көк Ордаға қатысты жайларға ғана тоқталып көрелік. Тарихта XIV ғасырдың басына дейін-ақ Алтын Орда Көк Орда, Ақ Орда болып екіге бөлінді деген ұғым қалыптасқан. Бұл – мұсылман тарихшылары шығармаларының дерегіне сүйене отырып, негізінен орыс ғалымдары қалыптастырған пікір. Мысалы, араб және парсы шығармаларынан құралған В.Г.Тизенгаузеннің «Алтын Орда тарихына қатысты материалдар жинағы» атты еңбегі негізінде ой түйген «Алтын Орда және оның құлауы» деген қабырғалы үлкен еңбектің авторлары Б.Д.Греков пен А.Ю.Якубовский осындай тұжырымға келеді. Оны біздің «Қазақ ССР тарихы» (1983 ж.) қайталайды. Меніңше, бұл пікірлерді нақты емес, шартты деп қана түсінген жөн. Қазір ғылымда қабылданғанындай, бүкіл тарихи шығармаларда, соның ішінде бұрынғы «Қазақ ССР тарихында» да, кейінгі «Қазақстан тарихында» да Бату хан ұрпақтарының иелігін «Көк Орда», ал Орда Ежен хан ұрпақтарының иелігін «Ақ Орда» деп атау қалыптасты. Алайда, бұл негізінен қате тұжырым болатын. Мұның қателігін кезінде М.Г.Сафарғалиев, Г.А.Федоров-Давыдов, Т.И.Сұлтанов, В.Л.Егоров секілді зерттеушілер өз еңбектерінде атап көрсетті де. Олар бұл қателіктің әуелде Муин ад-дин Натанзидің Орда Ежен ұрпақтарының иелігін Жошы ұлысының «сол қанаты» деп түсініп, оны «Ақ Орда» деп атап кеткенін айтады. Бұл зерттеушілердің дәлелдеуінде Орда Ежен ұрпақтарының иелігі – Көк Орда да, Бату ұрпақтарының иелігі – Ақ Орда. Бұл тұжырым басқа тарихшы ғалымдардан да қолдау табады. Мысалы, А.Ю.Якубовский «Алтын Орданың құлауы» деген еңбегінде орыс жылнамаларының дерегіндегі Көк Орда терминінің қазіргі қолданылып жүрген Көк Орда атауына келмейтінін, керісінше Ақ Орда ұғымын беретінін айтады. Расында да сол кездің куәгерлері – орыс жылнамашылары (Новгород және Никон жылнамалары) біздің қазіргі «Көк Орда» деп жүргенімізді «Орда» немесе «Волга Ордасы» деп, ал «Ақ Орда» деп келгенімізді «Көк Орда» немесе «Жайықтың сыртындағы орда» деп атайды. Ал тарихшы В.Л.Егоров болса «Алтын Орданың мемлекеттік және әкімшілік құрылымы» деген еңбегінде Бату ұрпағының иеліктері Жошы ұлысының оң қанаты болғанын, Алтын Орданың қашанда «Ақ Орда» деп аталғанын айтады. Алайда, осындай нақты дерекпен негізделгеніне қарамастан, бұл зерттеушілердің пайымдаулары ескерусіз қалды. Ғылым сол баяғы ескі сүрлеуінен шықпай, Ақ Орданы «Көк Орда» деп, Көк Орданы «Ақ Орда» деп тартып келеді. Бұл ретте «Қазақ ССР тарихы» берген түсініктемеде: «Алайда Қазақстан территориясындағы XIV ғасырдағы – XV ғасырдың басындағы Орда Ежен ұрпақтары хандығының атының тарихи әдебиетке ғана емес, сонымен бірге, ортағасырлық Шығыс деректемелеріне енген дәстүрлі атауын өзгертуге негіз болуға деректемелерден келтірілген анықтамалар көрінеу жеткіліксіз», – деген уәж айтады. Сол жеткіліксіз анықтаманың бірі ретінде Тоқтамыс ханның Польша королі Ягайлоға жазған хатының орысша мазмұндамасында «Ұлы Ұлыс» Тоқтамыс мемлекеті мағынасында «Ақ Орда» деп аталған» деген Г.А.Федоров-Давыдов пікірін алып, оған «түпнұсқада Ақ Орда атауы жоқ, тек «Ұлы Ұлыс» сөзі ғана бар» деп сенімсіздік көрсетеді. Тоқтамыс Алтын Орда ыдырағаннан кейін Ақ Орда мен Көк Орданың басын аз мерзімге болса да біріктірген атақты ханның бірі. Оның өз мемлекетін Ягайлоға жазған хатында да, Литва королі Витовитке жазған хатында да «Ақ Орда» не «Көк Орда» деп те көрсетпей, «Ұлы Ұлыс» деп көрсетуінің өзінің мәні де осында. Бұл арада «Ұлы Ұлыс» атауы кейінгі түсініктегі Алтын Орда атауымен пара-пар. Ал В.Л.Егоров айтқандай, «Алтын Орда қашанда Ақ Орда деп аталған» болса, онда бұл арада Ұлы Ұлыс атауының Ақ Орда атауын алмастырып тұрғанын түсіну онша қиындық тудырмаса керек. Демек, мұның бәрі парсы тарихшысы Муин ад-дин Натанзидің бір кезде жіберген қателігін сол күйі қайталап, ұғымды шатыстыра беруге болмайтынын көрсетеді. Тіпті, жоғарыда аты аталған зерттеушілердің пайымдауларының бәрін теріске шығарғанның өзінде, бүкіл түріктектес халықтардың ешқайсысы төрт құбыласының шығыс жағын ешқашанда «ақ» деп белгілемегенін ескермеуге болмайды. Бұл, керек десеңіз, осынау Ұлы даланы мекендеген бүкіл көшпелілерге тән заңдылық. Олардың бәрі бірдей сонау есте жоқ ескі заманнан бері шығысын «көк» деп, батысын «ақ»(«құба») деп атап келе жатқаны баршаға аян, ғылым мойындаған шындық. Ендеше, Алтын Орданың шығысында орналасқан орда қалайша «Ақ Орда», ал оның батыс жағындағысы «Көк Орда» деп аталады? Бұл арада «ақ», «көк» сөзі Орданың жерінің не үйлерінің түсіне орай айтылып тұрмағаны кім-кімге де түсінікті болса керек. Өйткені бұл түстік атаулар тұтас мемлекеттің екі бөлегінің, батыс белегі мен шығыс бөлігінің, яғни Жошы ұлысының оң қанаты мен сол қанатының атаулары. Олай болса, осындай тарихи шындықты мойындап, жұртты шатастырмай, әр орданы өз атымен атап, тарихи шындықты орнықтыру қажет деп білеміз. Шыңғыс хан өзі жаулап алған ұлан-байтақ мол жерді төрт баласына бөліп бергеннен кейін әлгі иеліктердің әрқайсысы солардың атымен аталатын төрт ұлысқа айналғаны тарихтан белгілі. Біз соның ішінде Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының ұлысына қарадық. Сондай-ақ, тарихтан Шыңғыс ханның төрт баласының өздерінің еншісіне тиген ел мен жерді енді олардың өз тарапынан өз балаларына бөліп бергені де көпке аян. Кей деректерден балаларының сыртында олар мұндай үлестен жақын туыстары мен әскербасыларын да құр қалдырмағанын көреміз. Рас, бұл ретте біз Жошының көп баласының бәрінің бірдей тарихын білмейміз. Бірақ Орда Еженнің, Батудың жеке иеліктерге ие болғаны жөнінде нақты деректер бар. Қадырғали Жалайыри «Жошы үлкен екі баласына енші бөліп берді, одан кейінгі тетелес төрт баласы Удур, Тоқа Темір, Сұңқар, Саңгум әскерінің сол қанатын басқарды» деген дерек береді. Бұдан жеке ұлысқа ие болғаны Жошының үлкен екі баласы ғана екені анық аңғарылады. Қалғандары, шамасы, Жошы өз территориясын жеке иеліктерге бөлгенде енші алуға әлі жас болғанға ұқсайды. Өйткені, Жошының ересек баласының бірі деп есептелінетін Шайбанның өзіне (әулеттегі бесінші бала) үлес кейін Батудың тұсында ғана тиген ғой. Бұл жөнінде Махмуд бен Әмір Уәли өзінің «Бахр әл-асрар фи манакиб әл ахиар» деген еңбегінде: «Шыңғыс ханның ұлы Жошының баласы Шайбан хан жеті жылдық жорықта ас, орыс, черкес және болғар елдерін жаулап алған кезде ерекше құлшыныс көрсетіп, сонысымен Бату ханның назарын өзіне аударды да, ағасынан сыйлыққа төрт омақ (аймақ) жер алды», – деп нақты дерек береді. Ал Абдаллах бен Мұхаммед «Зұбадат әл-асар» деген еңбегінде бұл төрт аймақтың аттарын атап көрсетеді. Олар: қосшы, найман, бұйрақ және қарлық тайпалары. Енді осы айтылғандардан қандай қорытынды шығаруға болады? Бұдан Жошының көзі тірісінде үлкен екі баласына – Орда Ежен мен Батуға өзі енші берген және Бату өз ұлысын құрғанға дейін Орда Ежен ұлысы мен Бату ұлысының «Жошы Ұлысы» деп аталатын иелікте қатар өмір сүрген деген тұжырым жасауға толық негіз бар. Ал жоғарыда аталған В.Л.Егоровтың еңбегінде және Плано Карпинидің жазбасында Шайбан ұлысын «Бату ханның он екінші ұлысы» етіп көрсетілуі оның бұл кезде Ақ Ордаға да, Көк Ордаға да түк қатысы жоғын көрсетеді. Егер Шайбанға еншіні Жошы берген болса, онда оны Бату өзіне соғыссыз қоса алмас еді. Иелікті өзгертуге тек енші берушінің ғана құқы бар. Бұған інісі Беркеге енші берген Батудың оған әуелі Солтүстік Кавказ даласын беріп, кейін оны қайтып алып, Беркені Еділдің шығыс жағына көшіретіні де айғақ. Жошы ұлысының ордаларға бөлінуі ертеректе, Жошының көзі тірісінде, нақтырақ айтсақ, 1226 жылы болған. Жошы өз үлесіне тиген осынау көп жерде толық иелік жасап тұру үшін ересек ұлдарына еншіге бөліп беріп, солар арқылы басқартқаны тарихи шындық. Мұның басқаша емес, дәл солай екеніне Көк Орда (тарихи шығармаларда Ақ Орда) хандарының хронологиялық кестесі де куәлік бере алды. Онда Көк Орданың (Ақ Орданың) алғашқы ханы Орда Ежен деп, ал оның таққа отырған кезін 1226 жыл деп атап көрсетеді. (Қараңыз: Қ. Э. Босворт. «Мұсылман әулетінің шежіресі»). Ал бұл осы кезде, яғни әлгі 1226 жылы Көк Орда өз алдына жеке иелік ретінде бар деген сөз. Әкімшілік тұрғыда бәрі Бас Ордаға, яғни Батуға бағынды. Ал Бату Қарақорымға, яғни сондағы ұлы ханға бағынды. Осы орайда «Бас Орда» деген атау тарихи шығармаларда неге кездеспейді?» деген сұрақтың тууы мүмкін. Оған былай жауап беруге болады. Біріншіден, ол кезде аталған ордалардың иелері өз тараптарынан ешқандай әрекетке барған жоқ. Бар билік Жошының қолында болды. Соған орай оларды өз иеліктеріндегілерден басқа сыртқы жұрт «хан» деп танып, қатынас жасап жатпады. Бар іс Жошы арқылы тындырылды, бар иелік Ақ Ордасы бар, Көк Ордасы бар, бәрі «Жошы ұлысы» деп есептелінді. Сол себепті сол кездің мұсылман жазушыларының бар шығармаларында тек «Жошы ұлысы» деген атау ғана болды. Сол дәстүр кейін әр орда өз атымен танылған кезде де жалғаса берді. Екіншіден, Жошының орнына таққа отырған Бату Шығыс Еуропа елдерін жаулап алғаннан кейін өз иелігін «Ұлы Ұлыс» (Бату Ұлысы) деп атады. Ол кезде Алтын Орда деген атау жоқ. Ол кейін Жәнібек ханның алтындатқан ордасына байланысты шығып, орыс жылнамалары арқылы ғылымға енген. Сөйтіп, бұрынғы Бату ұлысының аты кейін Алтын Ордаға алмастырылған. «Алтын Орда» – термин ретінде кейін қалыптасқан атау. Орыс жылнамашылары, тіпті, бері келгенше, XIV ғасырға дейін Бату мемлекетін тек «Орда» деп, ал мұсылман тарихшылары «Жошы ұлысы» деп атайды. К.Э.Босворт болса, тіпті, Алтын Орда атауы XV ғасырда, Тоқтамыс Ақ Орда мен Көк Орданы біріктірген соң шықты деген пікірде. Кейін Көк Орда (тарихи деректерде Ақ Орда) хандары Алтын Ордаға бағынбай, тәуелсіздікке ұмтылған кезден бастап Көк Орда Алтын Ордамен бірге атала бастады. Ал Алтын Ордаға қосылып кеткен Ақ Орда (тарихи деректерде Көк Орда) сол баяғы қалпы атаусыз қала берді. Содан келіп, тарихшыларымыздың біразы Алтын Орда мен Ақ Орданы (оларша Көк Орда) бір ұғым деп түсінді. Үшіншіден, мерзімдік жағынан кейін демесек, Тоқтамыс билеген кездегі Алтын Орданы орыс жылнамашылары XV ғасырдағы, айталық, Тоқтамыс мемлекетін «Еділдегі үлкен орда патшылығы» деп жазады. Сондай-ақ орыс жылнамашылары XV ғасырдағы Ұлығ Мұхаммед кезіндегі Алтын Орданы үнемі «Үлкен Орда» деп атайды. Осы арада басын ашып айта кетер тағы бір жай, кей ғалымдардың Алтын Орда ыдырап екіге бөлінді, Алтын Орда мен Көк Орда бір ұғымды білдіреді деген концепциялары да шындыққа келмейді. Себебі, Алтын Орда ыдырап, шынымен екіге бөлінген болса, онда ыдыраған Алтын Орданың аты тарих сахнасынан шығып қалып, оның орнына тәуелділік шылбырын үзіп, еркіндік алған екі орда – Ақ Орда мен Көк Орданың ғана аты айтылар еді. Алайда, тарихи шығармаларда Көк Орданың (бізше Ақ Орда) аты аталмайды. Оның орнына үнемі Алтын Орда аталады. Сондықтан бұл арада әңгіме Алтын Орданың ыдырауы жөнінде емес, әлсіреуі жөнінде болуға керек. Сонда бұрыннан еншісі бөлек, бірақ әкімшілік жағынан Алтын Ордаға бағынышты Ақ Орданы (бізше Көк Орданы) жаңадан бөліп әуре болмай, оның Алтын Орданың әлсіреуіне байланысты тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемендікке ие болғанын білер едік. Төртіншіден, осы тақырыпты арнайы зерттеген ғалым А.Ю.Якубовский тарихшы П.Савельевтің парсы тарихшылары Рашид ад-дин мен Вассафтың еңбектерінен «Алтын Орда» терминіне қатысты «Сыра Орда», «Сыр Орда» деген атауларды кездестіргенін жазады. Көшпелілер, оның ішінде түріктер, төрт құбыланы түспен атағанда орта тұсты сары түспен көрсетеді. Ал ортада қашан да бас хан отырған. Осыдан әлгі Савельев тапқан «Сыра орда», «Сыр орда» дегендері қате оқылған «Сары Орда» емес пе екен деген ой келеді. Егер осылай болып шықса, бұл да біздің Бас орда немесе Үлкен Орда болды дегенімізге дәлел болмақ. Сонымен, айтылғандарды қорыта келгенде, Көк Орда мен Алтын Орда бір-біріне синоним бола алмайды. Көк Орда Орда Ежен иелігі, Ақ Орда Батудың иелігі. Бату Шығыс Еуропаны жаулап, иелігін кеңейткеннен кейін «Ұлы Ұлыс» аталып, Ақ Орда соның құрамына кірген. Енді В.П.Юдиннің «Ордалар: Ақ, Көк, Боз, Алтын» деген еңбегінде айтылған пікірлерге қатысты бірер сөз. Автор бұл мақаласын негізінен бір тарихи шығарманың, дәлірек айтсақ, Өтеміс қажы ибн Маулена Мұхаммед Достидің «Шыңғыснама» деген еңбегінің деректеріне сүйеніп жазған. Оның айтуынша, аталмыш ордалар Жошы өлісімен Шыңғыс ханның көзі тірісінде бөлінгенге ұқсайды. Оған «Шыңғыснамадан» келтірілген мынандай деректі айғақ етеді. Жошы өлгеннен кейін Бату мен Орда Еженнің арасында таққа талас басталады. Ағайынды екеуі келісімге келе алмайды. Содан олар ақыры өздері шеше алмайтын болғандықтан, ағайынды екеуі және өзге әйелдерінен туған он жеті інісін ертіп, жүгінуге аталары Шыңғыс ханға барады. Шыңғыс хан бұларға арнап үш үй тіктіреді. Алтын босағалы ақ орданы – Сайынханға, яғни Батуға; күміс босағалы көк орданы – Орда Еженге; болат босағалы боз орданы Шайбанға арнайды. Міне, В.П.Юдин осы дерекке сүйеніп, «Ақ, Көк, Боз Ордалар осылайша пайда болды және олар Шыңғыс ханның кезінде бөлінді» дегенді айтады. Алайда, ғалымның бұл пайымдауларымен келісу қиын. Оған бір емес, бірнеше себеп бар. Солардың ең бастысы, В.П.Юдин пайдаланған «Шыңғыснама» авторы Өтеміс қажының берген деректерінің жаңсақтығы. Алдымен, Бату мен Орда Еженге енші Жошының көзінің тірісінде берілді. Демек, бұл екеуінің иеліктерінің атауы Жошының кезінде-ақ бар деген сөз. Сонсоң Бату мен Орда Еженнің арасында әкелері өлген соң ешқандай тақ таласы болған жоқ. Орда Ежен жасының, жолының да үлкендігіне қарамай, билік тізгінін Батуға өз еркімен берген және өле-өлгенше інісіне қамқоршы болған, әрі мүлтіксіз бағынған адам. Екіншіден, Шайбанға енші Шыңғыс хан өлгеннен кейін он жылдан соң берілді және оған енші берген – атасы Шыңғыс та емес, әкесі Жошы да емес, ағасы Бату. Жоғарыда айтқанымыздай, Ас, орыс, черкес және болғар елдерін жаулап алуда көрсеткен ерлігі үшін Бату оған төрт аймақ елді еншіге берген болатын. Бұл – 1237 жылдың шамасы. Олай болса, Шыңғыс хан өлгеннен кейін он жылдан соң пайда болған иелік, оның кезінде қалай «Боз Орда» деген атауға ие болады? Үшіншіден, Шыңғыс ханның Жошының қалған балаларынан Шайбанды бөліп алып, оған арнап «болат босағалы боз орда» тіге қоярлықтай оның өзге бауырларынан ерекшеленетіндей ол кезде еш қасиеті танылған жоқ. Ең арғысы жасы жөнінен де Бату мен Орда Еженге таяуы емес, Жошы үйіндегі бесінші бала. Оның алдында Берке мен Беркешар бар. Мұның Беркесінің кейін хан болғаны белгілі, ал Шайбанның қолы хандыққа жеткен емес. Сондай-ақ хан атасы оның бір ерлігін ерекше бағалап, көңілі құлаған шығар дейін десең, оған да келмейді, ол онда, тіпті жас бала. Мұның бәрі – «Шыңғыснама» авторы дерегінің жаңсақтығына дәлел ретінде басқа тарихи деректер берер айғақтар. Енді осыған қосымша «Боз Орда» атауының өзі берер мағлұматтарға келейік. Атауды талдамас бұрын басын ашып алатын бір мәселе – В.П.Юдиннің өзі әділ атап көрсеткеніндей, «Шыңғыснама» авторының еңбегінде Шайбан әулетіне үнемі іші бұрып, оларды асыра мақтап, керісінше олардың жауы Тоқа Темір әулетін өшіре даттап, әділдік таразысын тең ұстамайтындығы. Сондықтан да ол өз еңбегіне нақты тарихи деректі емес, жауласушы жақты тұқыртатын шайбанилықтарды жақтаушылардың ойдан шығарған әңгімесін өзек еткен. Шайбанилықтар Тоқа Темір әулетіне: «Жошы бабамыз өлгеннен кейін аталарымыз ұлы бабамыз Шыңғыс ханға барғанда, ол біздің атамызға Орда Ежен мен Батудан кейінгі үйді берген, ал сендердің аталарыңа қара қос та бұйырмаған», деп мақтанатын болған. Жошы балаларының Шыңғыс ханға баруы, оның бұларға арнап үй тіктіріп беруі қиял жемісі екенін өзіміздің қазақ рулары арасындағы, болмаса қазақ пен өзбектің, қазақ пен қырғыздың арасындағы бірін-бірі кемсітуге құрылған ойдан шығарылған толып жатқан әңгімелерді еске алсақ та жетіп жатыр. Өмірі бір өңірде жүріп, үнемі билікке өзара таласып келе жатқан Шайбан әулеті мен Тоқа Темір әулетінің арасында ондай әңгімелердің талайының ойдан шығарылғанына ешқандай күдік тумаса керек. Шайбан балаларының мерейін үстем еткісі келген Өтеміс қажының «болат босағалы боз орданы» басқа емес, өзінің де ойдан шығаруы әбден мүмкін. Сондай-ақ «алтын босағалы ақ орда», «күміс босағалы көк орда» да оның қиялының жемісі болуы ғажап емес. Бұл арада автордың осылайша еркін көсілуіне тарихи шығармаларда бар Ақ Орда, Көк Орда атауларымен бірге Боз Орда атауының да кездесуі ой түрткі болғанға ұқсайды. Ал шындығына келгенде, «Боз Орда» ерекше мәнге ие жеке атау емес, бар болғаны «Ақ Орда» атауының синонимі ғана. Түрік тілінде де, моңғол тілінде де «ақ», «боз» сөздері бір-ақ мағынаны білдіреді. Оның моңғолшасы – «цагаан». Сондықтан да түрік халықтары ақ түсті боз деп те айта береді. Қазақтар кейде бір түсті білдіру үшін екеуін қосып «ақ боз» («ақ боз үй», «ақ боз ат» және т.б.) деп те атайды. Осындай себеппен көне шығармаларда Ақ Орданы Боз Орда деп атау сирек те болса кездесіп қалып отырады. Нақтылық үшін айтсақ, мысалы, Махмұд ибн Уәлидің «Бахр әл-асарында», Шырмұхаммед бен Әмір Әуезби-мирабтың «Фирдаус әл-икбалында» осы сықылды Ақ Орда «Боз Орда» болып аталады. Өтеміс қажы осындай ретте кездесетін «Боз Орданы» Ақ Ордадан бөліп алып, үшінші орда етіп көрсетеді де, оны Шайбанға еншілейді. Ал В.П.Юдин болса, әлде тіл семантикасына мән бермегендіктен, әлде сөз мағынасын түсінбегендіктен, «боз» сөзін «серая» деп аударып алады да, ордалардың атауын анықтауда ақ пен алтынды, көк пен күмісті, сұр мен болатты шендестіріп, оны Жошы балаларының билік дәрежесінің көрсеткіші ретінде қарайды. Мұның бәрі діттеген жеріне барар түзу жолдан ауытқып, басқа жолға түсіп кеткен жолаушының тірлігі секілді көрінеді. Сондай-ақ, реті келгенде айта кетейін, маған осы автордың «йүз орда» жөніндегі пайымдаулары да осындай әсер қалдырады. Атау тегін табу мақсатында сөз мағынасын қуалап, «жүз орда», «жүздің ордасы» деу де, тіпті, оны қазақтың үш жүзімен сабақтастыру да, меніңше, басы артық шаруа сияқты. Себебі, араб графикасында «боз» және «жүз» сөздерінің жазылуы бірдей. Мысалы, боз орда – «        », йүз орда – ­ «          » деп жазылады. Бар айырмашылық алғашқы әріптің, яғни «___» таңбасының астына неше ноқат қойылуында ғана. Менің ойымша, Махмұд ибн Уәлидің еңбегін көшірушінің бір ноқатты артық қойып жіберуінің немесе ноқатты сызықша етіп салуының салдарынан «боз» сөзі «йүз» сөзіне айналып кеткен. Басқа түк те емес. Оның солай екенін шығарма авторы Махмұд ибн Уәлидің өз еңбегінде Ақ Орданы да, Иүз Орданы да, Боз Орданы да бір мағынада, тек Ақ Орда мағынасында ғана қолданатыны да дәлелдей түседі. Бұл – назар аударарлық-ақ факт. Мұның бәрі «ерте заманнан жеткен дерек» деп кез келген көне шығарманың берер мәліметін зерттеп, анық-қанығына жетпей, тарихқа кіргізе беруге болмайтындығын көрсетеді. Біз бұлай дегенде Өтеміс қажының «Шыңғыснамасының» деректерін түгелдей теріске шығарудан аулақпыз. Мұнда да өзге дереккөздерінде кездеспейтін құнды деректер бар. Оны, әрине, орынымен пайдалана білген жөн. Сонымен, жалпы айтылғандардан ортақ ой түйсек, біздің пайымдауымызша: 1) Ақ Орда мен Көк Орда атаулары Жошының көзі тірі кезінде далалықтардың елді басқарудың ежелгі қалыптасқан дәстүрі бойынша өз иелігінің шығысын үлкен ұлы Орда Еженге, батысын Батуға басқартуына байланысты шыққан атаулар. Осыған орай Жошы ұлысында бір орталыққа бағынатын: шығысында «Көк Орда», яғни Орда Ежен иелігі, батысында «Ақ Орда», яғни Батудың иелігі пайда болған. Бірақ бұл бір ұлыстың екіге бөлінуі емес, бар болғаны ел басқарудың далалық дәстүрі бойынша бір орталыққа бағынған әкімшілік-аумақтық бөлініс қана. 2) Жошы өлгеннен кейін орталық биліктің тізгініне Батудың ие болуына және оның Шығыс Еуропаны жаулап алуына байланысты енді Ақ Орда ұғымы «Бату Ұлысы» (кейінгі «Алтын Орда») мағынасына ие болған. Бұл кезде де «Көк Орда» жеке иелік ретінде аталғанымен Батуға бағынған. 3) Жошының бесінші ұлы Шайбанның Ақ Орданың да, Көк Орданың да, Боз Орданың да билігіне тікелей өзінің түк қатысы жоқ. Ол өз заманында жеке хандыққа иелік етпеген жан. Шайбан тек Жошы өліп, Бату батысқа жорық жасап, сонда жаулап алған жерлерін туыстарына бөліп бергенде ғана барып, оған үлес тиіп, жеке иелікке ие болған. Ал оның кейінгі ұрпақтарының жеке билік тізгініне қол жеткізуі – кейін 1345 жылы Бату ұрпағының билігі аяқталып, шайбанид Хызыр хан Сарай тағына отырған кезден басталады. Орыс жылнамаларының Ұлы Ұлыстың балама атауына айналдырып жіберген Жәнібектің «алтын ордасын» қиратқан да осы Хызыр хан. Бірақ оның да ғұмыры ұзақ болған жоқ. Шайбан әулетінің Көк Орда билігіне келуі Тоқтамыс хан талқандалғаннан кейін барып жүзеге асқан. Көк Орданың билеушісі Өріс (Орыс) хан мен Тоқтамыс аталас, екеуі де Тоққұлқожаның немересі. Нақтырақ айтқанда, Тоққұлқожаның Бадағұл деген баласынан Өріс хан, ал Тойқожа деген баласынан Тоқтамыс туған. Қазақ хандығының негізін қалаушы Керей мен Жәнібек бастаған көкордалық сұлтандар қашан жеке бөлініп шыққанша Шайбанның ұрпақтарының бірі – Дәулет Шейх баласы Әбілхайыр ханның қол астында болды. Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ.