• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
30 Маусым, 2010

МІНАЖАТ

1794 рет
көрсетілді

1. МЕККЕДЕ Бұл мақалада мен 2004 жылы наурызда Елбасымен Сауд Арабиясына барған сапарды сөз еткелі отырмын. Ол туралы “Егемен Қазақстанның” бізбен бірге болған тілшісі жақсы жазды да. Бірақ мына жазбада сол сапардың мүмкіндігінше рухани жағын көбірек сөз еткенді мұрат еттік. – Сізді Президент шақырады, – деді көмекші біз Риядтағы келіссөздерден кейін Жиддаға қарай әуеге көтерілгенде. Мақсатымыз – Меккеге барып умра жасау-тын. Орнымнан тұрып, алдыңғы салондағы Нұрағаң кабинетінің есігін аштым. – Кел, кел, Әбеке, – деді ол кісі. Ел­басы мені әдетте осылай атайды. Ихрамға кіріп үлгеріпті. Сөйтсек, Мекке маңын­дағы миқатқа жақындап қалыппыз. Нұрағаң миқатта екі ракат намаз оқу керектігін біліп, мені әдейі шақырған. Бұл Елбасының қауырт қызмет үстінде жүрсе де, Ислам рәсімдерін естен шығармай умра талаптарын ыждаһаттап, оны орындауға дайын екендігін байқатты. Осы ретте әлемнің бір жарым миллиард мұсылмандары намаз оқу үшін күніне бес рет жүзін бұратын Мекке мен ондағы мүбарак Кағбаның тарихы жайлы айтпай кетсек әңгіме жүйесіз де, толымсыз болар еді. Қасиетті Құран мен хазреті пайғам­барымыздың (с.а.ғ.с.) хадис шәріптері және жалпы Ислам діні жайлы риуаят­тарда Аллатағала періштелеріне жер бе­тіне халифасы (орынбасары) етіп Адама­таны (ғ.с.) жіберетіндігі жайлы мәлім­дегенде періштелер: “Біз Сені мақтап, қастерлеп жүргенде, жер бетіне күнә­һарлық жасап, қан төгетінді жібересің бе?”, – дейді. Аллатағала ашуланғанда періштелер Оған жақындап, әміріне бағынатындықтарын байқатып, тағын айнала бастайды. Сөйтіп, олар өздерін құдіреті күшті Тәңірі кешіргенше тағын жеті рет айналып (тауап) жасайды. Аллатағала сонда оларға Жаратушы тағын айналғаны секілді, Адам баласы ұрпақтарының да күнәлі болғанда қажылық жасап, тауап етуі үшін жер бетінен үй салуды бұйырады. – Сендерді кешіргенім секілді, оларды да сонда кешірем, – дейді. Бұл туралы Құран Кәрімде: “Ақиқатында адамдардың ғибадат етулері үшін тұңғыш салынған үй сол” (“Әл Имран” сүресі, 96-аят) делінген. Сол дегені – қасиетті Кағба. Ол сөйтіп жер бетінде салынған тұңғыш мүбарак үй. Хадис шәріпте: “Адамата (ғ.с.) мен Һауа ана жаннаттан жерге түсіріліп, ұзақ жылдық айырылудан соң Мекке ма­ңындағы Арафатта кездескенде, Аллата­ғала Жәбірейіл (ғ.с.) періште арқылы екеуіне ғибадат үйі – Кағбаны салуды әмір етеді. Құрылыс біткен соң оны тауап етуге бұйырып: “Сен жер бетіндегі тұңғыш Адам болсаң, бұл – жер бетін­дегі тұңғыш үй”, – деген дейді. Адаматаның (ғ.с.) қажылық жасап, тауап етіп жатқанын көрген періштелер: “Қажылығың қабыл болсын, ей, Адам! Біз де бұл үйді сенен екі мың жыл бұрын зиярат еткенбіз”, деген. Соған қарағанда қасиетті Кағбаны алғаш рет періштелер салып, тауап жасаған. Діни риуаяттарда мүбарак Кағбаның содан бері он рет бұзылып, қайта салынғаны жайлы да айтылады. Ұшағымыз Жидда терминалындағы Корольдің мемлекет басшыларын күтіп алатын әдемі ғимараты алдына тақау келіп тоқтады. Шаһар басшылығы Елбасымызды әдеттегідей салтанатпен күтіп алып, әуежай үйіне бастады. Қасиетті Мекке мен Мединенің үлкен панорамалары ілінген, Құран Кәрім аяттары мен хадис шәріптер де жазылған қоңыр салқын залдағы жұмсақ крес­лоларға жайғастық. Саудтықтар бірақ қарсы алу рәсімін көпке созған жоқ. Ұзамай машиналарға бөліне отырып жолға шықтық. Қызыл теңіз жағасындағы бұл қалада да күн ыстық екен. Меккеге бастайтын даңғыл теңіз жағалай отырып, Жидда­ның Ислам порты тұсына жеткенде шығысқа қарай бұрылып, Меккеге тіке тартатын. Бұл жолы бірақ олай болмады. Қаланың шығыс бөлігіне де екі жақты даңғыл салыныпты. Соның бірімен жүйтки отырып, шаһар шетіне жеткен соң ежелгі Мекке жолына түстік. Әрі қарай қасиетті қалаға дейін шамамен 70 шақырымдай. Президент құрметі, әрі қауіпсіздікке де байланысты болу керек, даңғылдың Меккеге жетелейтін жағында көлік жүрісі біржола тоқтатылыпты. Жолай тәлбия айтып келеміз. Хазреті пайғамбарымыз қажылыққа бара жатып, миқатқа тоқтағанда Жәбі­рейіл (ғ.с.) періште келіп: “Ей, Мұхам­мед! Үмметтеріңе жол-жөнекей “Ләб­байка” (О, Жаратқан! Міне, мен алдың­дамын!) деп дауыстап Аллаға мінажат етуге бұйыр. Қажылар Меккеге “Ләббайкамен” кірсін” деген. Меккеге жақындаған сайын жол жағасындағы үлкенді-кішілі жарнамалар арасында Аллатағалаға мадақ, немесе: “Алланы есіңе ал!” секілді жазулар ұшырасады. Көп ұзамай: “Алдыңызда қасиетті Мекке. Мұсылман еместерге әрі қарай жүруге болмайды”, деп бірнеше тілде жа­зылған паннолар көрінді. Әлем мұсыл­мандарының бас мешітін арабтар “Мас­жид әл-Харам”, яғни “Қасиетті (киелі) мешіт” деп атайды. Сол себепті мұсыл­ман еместер үшін қала қашанда жабық. Меккенің рәмізі болып табылатын – аспанға қарай ашылған қасиетті Құран бейнеленген “қақпа” да артта қалды. Сәлден соң жақпар тасты тау қойнауларындағы мүбарак қаланың алғашқы үйлері көзге түсе бастады. Қасиетті Меккенің Бекка, әл-Бәләд, әл-Әмин, Умм әл-Қура, әл-Харам әл-Әмин іспетті атаулары бар. Меккеге ай сайын жүздеген мың, жыл сайын миллион мұсылман умра және қажылық парызын өтеуге келіп жатады. Жылдан жылға Ислам діні беделінің арта түсуіне байланысты Меккеге келушілер саны да күрт өсе түсуде. Сондай қасиетті қалаға кірдік те оңтүстік жағындағы айналмалы жолмен жүріп отырып, бірнеше туннельдерден кейін солтүстікке бұрылып, ілгерілеп ек, әл-Харам мешітінің биік мұнаралары көріне кетті. Қасиетті мешіттің Абд әл-Әзиз қақпасы маңындағы “Қаср әл-мұтамарат” атты жоғары мәртебелі қонақтар түсетін мейманханаға жетіп бір-ақ тоқтадық. Елбасы Меккеде – штаб пәтері осын­дағы “Рабита әл-әлам әл-ислами” – “Әлем­дік Ислам лигасының” бас хатшысы Аб­долла бин Әбд әл-Мұхсин ат-Түркиді қа­был­дауға келісім берген-ді. Сәлден соң Ел­басы апартаментіне көтерілдім. Тәртіп бой­ынша Президент бас хатшыны қабылдағанда қасында болуым керек болатын. Абдолла бин Абд әл-Мұхсин мырзаны 2003 жылы Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер лидерлері съезінде көргенмін. Бұрын осы қызметіне дейін ол Корольдіктің Ислам істері жөніндегі министрі еді. Нұрағаң апартаменті Король Фаһд бин Әбд әл-Әзиздің Меккеге келгенде тұратын мекен-жайы деседі. Үлкен терезеден бас мешіт пен оның ортасындағы қасиетті Кағба алақандағыдай көрініп тұр. Мейманхана мешіт территориясында тұрғандықтан Король намазды әдетте осы терезе алдында тұрып оқиды екен. Сәлден соң Абдолла ат-Түрки мырза Нұрағаңның қабылдау бөлмесіне кіре берді. Жанында өзі Орта Азия республика­ларына келгенде ертіп жүретін көмекшісі Рахматулла деген азамат бар. Абдолла ат-Түрки Қазақстан Прези­дентін өз еліне ресми сапармен келгеніне қуанышты екенін, әсіресе, қасиетті Мек­кеге умра жасау ниетін құптай отырып, ізгі тілегін де жеткізді. Сондай-ақ ол Нұрағаңды өткен жылы діни құрылтайды тамаша өткізген және “Бадр әл-Кубра” орденімен марапатталуымен де құттық­тады. Өзінің Астанадан оралысымен Корольдік басшыларына кіріп, Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанада Әлемдік діндер лидерлерінің съезін өткізу арқылы Ислам дінінің де беделін көтеріп тастағанын, құрылтайда Ислам дінінің ешқандай да лаңкестікке және өзге де “измдерге” де қатысы жоқтығы бар дауыспен айтыл­ғандығын, оны өзінің әлемнің көптеген елдерінде болғанында да айтып жүре­тіндігін мәлімдеді. – Ханзада Абдолламен кездескенімде, Корольдіктің де халықаралық діни конференция өткізгелі жатқанын айтты, – дей отырып Елбасымыз осы мәселе жайлы білгісі келетінін аңғартты. – Биыл, егер үлгермесек келесі жылы, шынында да сондай жиын өткізгелі жатырмыз. Ол жайлы нақты мәліметті қосымша хабарлаймыз, – деді бас хатшы мырза. Сөйтті де осыдан он жылдай бұрын Мединеде Халифа Алтай аудармасымен шыққан Құран Кәрімнің біраз данасының сақтаулы екенін, соны және мыңға жуық Құран Кәрімнің арабша нұсқасын да Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасына сый ретінде тегін ұсынбақшы екендіктерін, оларды Жиддадағы Президент ұшағына жеткізіп беретіндіктерін мәлімдеді. Корольдіктің хаттама қызметі умраны бастау уақытын айтамыз деген соң күттік. Аср намазының азаны шақырылды. Намазға тұрдық. Жүзіміз қасиетті Кағбада. Әппақ ихрамға оранып мүбарак үйді тауап етіп бір бағытпен айналып жатқан ағыл-тегіл халық легінде толас жоқ. Жаратушы иеміздің пенделері алдамшы күйкі тірлікті ұмытып, өткенін еске алып, біліп, білмей жасаған күнәлары үшін истиғфар айтып, игілік пен ізгілік, екі дүниенің жақсылығын, иман тілеп Тәңірі үйін үздіксіз айналуда. Кенет тауап тоқтады. Өйткені намаз басталды. Ғибадат біткен соң тауап қайта жалғасты. Ұзамай Елбасымыз бастап әл-Харамға бару үшін мейманханадан шықтық. Адамата (ғ.с.) дүние салған соң да ұрпақтары бір Аллаға құлшылықтарын жалғастыра берді. Әйтсе де жер дүниені қаптаған топан судан кейін жұрт қасиетті Кағбадан көз жазып қалды. Көп уақыттардан кейін мұнда Алла­тағаланың қалауымен Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарымыз бен әйелі Ажар және ұлы Ысмайыл (ғ.с.) өмір сүре бастады. Жаратушы иеміз Ибраһимге Кағбаны қайта тұрғызуға әмір етті. Алланың үйі бой көтеріп, биіктеген соң тас қалау қиынға соғады. Сонда Ысмайыл әкесінің аяғының астына жалпақ тас әкеліп қояды. Сол таста пайғамбарымыздың ізі қалған. Ол “мақам Ибраһим” деп аталады. Ол Кағбаның шығысында бірнеше метр жерде. Хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғамба­ры­мыз осы Ибраһим ғалайһис саламның ұр­пағы. Меккеде ол 570 жылы дүниеге келді. Осы жерде оған Аллатағала қасиетті Құ­ранды уахи етті. Пайғамбарлық дарытты. 610 жылдар шамасында осы жерде Аллатағаланың әмірімен жаңа дінді уағыздай бастады. Мүбарак Кағбаны қоршаған мешіт Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғамбарымыздың ізбасары Омар ибн әл-Хаттабтан бастап (VІІ ғ.) аббастық әл-Мұқтадир Билла халифа билігінің соңғы жылдарына (Х ғ.) дейін кеңейтіліп, жөнделіп отырды. Содан оған ХХ ғасырдың 50-жылдарына дейін қол тигізілген жоқ. Әйтсе де жоғарыда айтылғандай қажылардың көбеюіне байланысты 1950 жылдары Король Әбд әл-Әзиз қасиетті мешітті кеңейту, жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Ол патша қайтыс болған соң аяқталды. Мешітті 1980 жылдары осы күнгі Фаһд патша да кеңейтті. Қазір әл-Харамға кірген кісі мешіттің ежелгі бөлігі ішкеріде, ал оңтүстік батыс бөлігі жаңа екенін байқайды. Мешіт қазір 309 мың шаршы метр жерді алып жатыр. Оның көкке бой созған, биіктігі 95 метрлік 9 мұнарасы, ондаған қақпасы бар. Мешітке кірген соң Кағбаны көрісімен сәлем бердік те тауап жасап жатқан жұртқа қосылдық. Қасиетті Кағбаның биіктігі 15, көлемі 12х10 метр. Оның бір бұрышы шығысқа (ар-рукн әл-асуад – қара бұрыш), ал екіншісі солтүстікке (ар-рукн әл-Ирақи – Ирақ бұрышы), үшіншісі (ар-рукн аш-Шам – Шам бұрышы) Шамға, ал төртіншісі оңтүстікке (ар-рукн әл-Йамани) қаратылған. Шығыс жақ бұрышына (жерден 1,5 метрдей биіктікте) “әл-хаджар әс-асуад”, яғни қара тас бекітілген. Ол Аллатағаланың Адаматаға арнайы берген сыйы. Әуел баста ол үңілген адам пейішті көре алатындай әппақ және нұр шашып тұрған. Одан пейішті көргендер пейішке барған. Бірақ кейінірек адам баласы жасаған күнәдан бірте-бірте қарайып кеткен. Мүбарак Кағбаны айналуды қасиетті қара тас, яғни қара бұрыштан бастап шең­бердің шетіне дейін жалғасқан, ені 10 см-дей жалпақ қоңыр жолақтан бастадық. Со­дан Кағбаны тауап етіп, қайтадан әлгі қо­ңыр жолаққа жеткенде оң қолыңызды көте­ріп, қасиетті қара тас жаққа қарап: “Бисми Аллаһу Акбар”, – дейсіз. Бұл сәлемдесу. Тиісті дұғаларды айтып, қасиетті Кағбаны жеті рет айналып шыққан соң гауһар тасты сүю, екі ракат намаз оқу рәсімдерін де атқардық. Алла үйін тауап етудің қасиеті жайында хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғамбарымыз: “Әр күні осы үй үстіне Алланың жүз жиырма рақымы жауады. Соның алпысы оны тәу еткендерге, қырқы ішінде намаз оқығандарға, жиырмасы жай қарап тұрғандарға”, – деген, яғни бұл Аллатағала үйіне барған адам Жаратушы иеміздің мейіріміне бөлініп тұрады деген сөз. Сондай-ақ сахабалардың бірі: “Аллатағала әр күні жер бетіндегі адамдарға назар салғанда, алдымен “Масжиду әл-Харамдағы” ихрам кигендерге қарайды. Кімде-кім қасиетті Кағбаны тәу етіп, намаз оқып, немесе жай ғана Кағбаға қарап тұрса да, күнәларын кешіреді”, – деген. Сонан соң зәмзәм суын ішуге бардық. Зәмзәм құдығын Жәбірейіл (ғ.с.) періште Аллатағаланың әмірімен шөліркеп жылаған кішкене Ысмайыл үшін ашқан. Кейінірек ол көміліп қалған. Оның тұрған жерін Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғамбарымыздың бабасы Әбд әл-Мутталиб түсінде көріп, қаздырған кезде су қайта шыққан. Содан бері зәмзәм сарқылған емес. Енді сағи рәсімін жасауымыз керек. Сағи – араб тілінде жүгіру дегенді білдіреді. Ол Ажар анамыздың шөліркеп жылаған Ысмайылға су іздеп екі қырат арасында жүгірген жер. Бұл рәсім соларға құрмет ретінде қалыптасқан. Ажар анамыз Кағбаның оңтүстігінде 100 метрдей жерде тұрған ас-Сафа қыратына шыққанда, алда 500 метрдей жерде тұрған тағы бір әл-Маруа деген қырат маңынан су ағып жатқанын көреді де соған тұра жүгіреді. Келсе – сағым екен. Артына қараса – өзі келген ас-Сафа қыраты маңынан да су ағып жатқанын көзі шалады. Жүгіріп қайта оралады. Сөйтсе ол да сағым боп шығады. Міне, осылай ол екі қырат арасына 7 рет жүгірген. Қажы, яки умра жасаушылар әуелі ас-Сафа, сонан соң әл-Маруа қыраты үстінде тұрып дұға айтады. Бұл рәсімдердің бәрін де түгел орын­даған соң шаш қысқарттық. Енді умра қажылықтың орындалуымен құттықтауға болады. Түнгі 11-лерде қасиетті Кағбаға баруға дайындала бастадық. Қазір Кағбаның жабық кезі. Бірақ бүгін түнде ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үшін ғана ашылмақ. Түн жарымы болды. Нөлден бастап жұма басталды. Нұрағаң мүбарак Кағбаға өзімен бірге менің де бірге жүруімді айтты. Содан түнгі 1-де қасиетті Кағбаға келдік. Мүбарак үйді ашуға дайындық жүріп жатқанын көрген жұрт қасиетті Кағбаға кіру бақытына ие болған кімдер екен дегендей таңдана қарайды. Ай толыпты. Жұлдыздар жарқырай жымыңдайды. Қасиетті Кағбаның есігі жерден 1 метр 90 см. биіктікте. Сол себепті де баспалдақ әкеліп қойылыпты. Баспалдақ маңында Елбасын Корольдіктің түрлі деңгейдегі мемлекет басшылары мен Меккенің игі жақсылары “мабрук... мабрук” (“құтты болсын”) деп құттықтасып жатыр. Нұрсұлтан Әбішұлы баспалдақпен жеңіл көтерілді. Соңынан мен де ілестім. Жүрек дүрсіл қағады. Жаратушы иеміздің үйіне кіру бақытына ие болғанымыз үшін Аллатағалаға мың да бір шүкіршілік етеміз. Мүбарак Кағбаның екі есігі (сыртқы және ішкі) бар. Ішкісі ат-Тәуба деп аталады. Бірінші есік маңындағы сақшылардан өтіп, Тәуба табалдырығын оң аяқпен аттап Кағбаға ендік. Кағба іші қаракөлеңке. Мұнда жарық жоқ. Есік ашық болғандықтан әл-Харам мешітінің жарығы Аллатағала үйінің ішіне себезгілей кіріп, кісі танитындай етіп тұр. Мүбарак үйде дұға жасап, мінажат еттік. Бой шымырлап, ғаламат бір күй кештік. Елбасының қасиетті Кағбада жан-дүниесінің толқу мен тебіреніске түсіп ерекше күй кешкені байқалды. Ол табиғи да. Аллатағала алдында ел тағдырын өзіне аманат етіп, соның бар ауыртпалығы мен жауапкершілігін арқалап жүрген үлкен парасат иесінің халқының, отанының амандығын тілеп, тебіреніспен мінажат етуі өзінен өзі түсінікті. Сынаптай сырғып уақыт өтіп барады. Бізді ешкім асықтырмаса да орнымыздан тұрып ек, Кағба есігінің оң жағында тұрған ақ сақалды шейх: “Алақандарыңызды жайыңыздар, бата берейін”, – деді. Әуелі ол әлемге тыныштық, мұсылмандарға бейбіт аспан, береке, бірлік, бақилық болғандарға Алланың рахметі мен пайғамбарымыздың шапағатын тілеген соң, қазақ халқына, Елбасымызға амандық, бақытты ғұмыр, ізгілік пен игілік, бұ дүние мен о дүниенің жақсылығын сұрай отырып, барлық ісіне Жаратушы иеміздің жар болуын, барлық істерін баянды етуін тілеп бата берді. Ардақты шейхқа рахмет айттық. Мейманханаға қайтып оралдық. Сонымен “2004 жылдың 5 наурызы, қасиетті жұма күні Елбасымыз мүбарак Кағбаға кірген күн” деп дәптерге жазып қойыппын. Пайғамбарымыздың хадис шәріптерінде: “Адам (ғ.с.) жұма күні жаралған, жұма күні пейішке кірген, жұма күні жерге түскен. Жұма күні тәубесі қабыл болған. Аллатағаланың алдында бұл күн “йаумүл мәзид” – ерекше күн деп аталады. Йаумүл мәзид ахиретте Алланың ұлық дидарын көретін күн”, делінген. Иә, жұма – күндердің ең ұлығы. Осы күні сөйтіп Жаратушы иеміздің өзі нәсіп етіп мүбарак Үйінде болдық. “Ол үйге кірген адам ешнәрседен қатерсіз болады”, – дейді Құран Кәрім (“Әл Ғимран” сүресі, 97-аят). Ләйім солай болғай. Таңертең ерте тұрдық. Бірнеше сағаттан соң жолға шығуымыз керек. Жидда әуежайында қалған ұшағымызбен Мединеге аттанамыз. Уақыт аз болса да Меккеден 25-30 шақырым жердегі Арафат жазығын да көре кететін болдық. Адамата (ғ.с.) мен Хауаана жұмақтан қуылғаннан кейін тұңғыш рет осы Арафатта кездескен. Содан бастап жер бетінде Адам баласының ұрпағы тарай бастайды. Осындай әрі тарихи, әрі қасиетті жерге жыл сайын миллиондаған қажылар келіп, та­ңертеңнен кешке дейін болып, жазық­тық­тың солтүстік шетіндегі Рахым төбесіне шы­ғып бір Алладан тілек тілеп, игілік күтеді. Осы күні Жаратушы иеміз періштелерімен жеті қат аспанның төменгі қабатына дейін түсіп халықтың мұң-зарына құлақ қояды. Арафатта тұру қажылықтың бір парызы. Сол себепті хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғамбарымыз: “Қажылық дегеніміз – Арафат. Арафаттағы уақфқа үлгерген – қажылыққа үлгерген боп саналады”, деген. Нұрағаңмен Рахым төбесінің басында тұрмыз. Елбасы Арафатқа байланысты деректерді құлақ қоя тыңдады. Рахым төбесінен жазықтыққа көз жүгірте қарап біраз тұрды. Елбасымыз жалпы Ислам тарихы мен Құран кәрім, хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадис шәріптері туралы да бір кісідей біледі. Ол жайлы кейде ой бөлісіп те отырды. Сәлден соң кортеж Арафатты артқа тастап қайтадан қасиетті Меккені бетке алды. Қажылар Арафаттан қайтқанда жолай тоқтап, шайтанға лақтыру үшін тас теріп алатын Мұздалифадан да өтіп, Мина шатқалын жанай жүріп барамыз. – Әне, қараңызшы! Әл-Хайф мешіті деп жазып қойыпты, – дейді қасы­мыздағы бір ініміз биік мұнаралы үлкен мешітті көрсетіп. Әл-Хайф та қасиетті жерлердегі үлкен де маңызды ғибадат орындарының бірі. Мұнда бір мезгілде 25 мың адам намаз оқи алады. Енді бірде оң жағымызда қасиетті Құ­ранның ең алғашқы “Алақ” сүресі түскен Нұр тауы, сол жағымызда пайғам­ба­рымыз сахабасы Әбу Бәкр Сыддық екеуі, жауларынан бой тасалап Меккеден қа­шып шыққанда із жасыру үшін ты­ғылған Тур тауы қалып бара жатты. Алла нәсіп етсе оларды тағы бірде көрерміз. Жиддаға тез-ақ жеттік. Ендігі бағыт – хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғамбарымыздың қаласы – нұрсәулелі Медине! 2. МЕДИНЕДЕ Медине – Меккенің солтүстігінде, 420 шақырымдай жерде. Ол Сирия мен Йеменді ежелден жалғаған үлкен керуен жолының үстінде жатыр. 622 жылы Меккеден қоныс аударған хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғамбарымыз осында келіп, Ислам діні үшін күресін жалғастырды. Шаһар тұрғындары хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғамбарымызды қолдап, жаңа дінді таратып, уағыздауда көп көмек көрсетті. Мединеде қасиетті Құранның 28 сүресі Алла елшісіне уахи етілді. Осы қалада Аллатағаланың кәламы жинақ­талып, бір ізге түсіріліп, әрі қарай әлемге таралды. Осы шаһарда хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғамбарымыз Жаратушы иеміз тапсырған уәзипаны абыроймен орындап, дүние салды. Нұрсәулелі шаһар хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғамбарымыз бен оның үш халифасы тұсында Ислам астанасы еді. Халифат орталығы Куфаға (Ирақ), сонан соң Дамаскіге (Сирия) қоныс аудар­ғаннан кейін де мұсылмандар жүрегінде самаладай жарқырап қала берді. Жыл сайын қажылық маусымы ал­дын­да, немесе соңында, яки өзге уақыт­тарда да мұсылмандар мұнда да келіп Ал­ла­тағала елшісі мен оның екі сахабасына сәлем береді. Өйткені пайғамбарымыздың (с.а.ғ.с.) қабірін зиярат ету – сауабы мол іс. Ол туралы Алла елшісінің өзі де хадис шә­ріптерінің бірінде: “Кімде-кім сауап үшін ме­нің мешітімде зиярат етсе, ол көршім бо­лады. Қиямет күні оған шапағат етемін”, деген. Мединеге дейін 40-ақ минут ұшады екен­біз. Жиддадан көтерілген соң Елбасы ме­ні кабинетіне шақырды. Көңілді екен. Олай болатын да жөні бар. Рияд пен қа­сиетті Меккеде Сауд елі қолынан келгенше сый-құрметтің бәрін жасады. Келіссөздер мен сұхбаттар сәтті өтті, нәтижелі болды. Аллатағаланың қалауымен мүбарак Кағбаға кірді. – Жоспар бойынша Мединеде жұма намазын оқып, қаланың тарихи бірнеше жерлерін көрген соң, түс қайта елге атта­намыз, – деді. Елбасымыз бұны осы туралы ойың қалай деп әдейі айтып тұрғандай көрінді маған. – Нұраға! Пайғамбарымыздың қаласы нұр сәулелі – Мединеге он жылдан кейін ке­ліп тұрсыз. Сол себепті, егер мүмкін бол­са, бүгін осында қонып, ғибадат, рәсімдерді асықпай атқарып, діни тарихи жерлерді көріп, елге ертең-ақ ұшсақ қайтеді, – дедім. Оның үстіне ертең сенбі – демалыс күні. Елбасымыздың өзі де осы ойда отырғандай көрінді маған. Елбасымызды пайғамбарымыз қаласы­ның әуежайында да қала басшылары ең жо­ғары, сыйлы қонақтарға көрсетілер құр­мет­пен қарсы алды. Дәстүрлі қош келіпсіздер айтылған соң, машиналарға бөліне отырып қалаға бет алдық. Мұсылмандар үшін Мек­ке­ден кейін Алла елшісінің қаласы – Меди­неден артық жер жоқ. Бұл жердегі мұсыл­мандық амалдардың да дәрежесі жоғары. Сондықтан да хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғамбарымыз: “Менің мешітімде оқылған бір намаз, Масжид әл-Харамнан басқа жерде оқылған мың намаздан артық”, деген. Медине – Жидда, Меккеден шалғайда. Қызыл теңізден де алшақтау жатқандықтан ба, Меккедегі қапырық мұнда аса бай­қалмайды. Әйтсе де қаңтар мен ақпандағы қоңыр салқын күндер мен түндер өз кезегін наурыз айының ортасында-ақ шаһардың солтүстігі мен шығысындағы шөл мен шөлейтті даланың ыстығына бере бастайды. Күн жұма. Жұма намаздың басталуына жарты сағаттай уақыт қалыпты. Әуежай шаһардан онша қашық емес. Тіке жүріп бас мешіттің шығысына, сол жақтағы сырты қоршаулы Жаннату-д бақияға тақау барып тоқтадық. Әрі қарай әл-Харам аумағы басталады. Жұрт жұма намазға кешігіп қалмас үшін лек-легімен сонда ағылып барады. Бас мешітке тіке тарттық. Оның шығыс жағы үлкен алаң. Хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғамбарымыздың ке­сенесі де мешіттің осы оңтүстік шы­ғысында. Осы жақтағы бас қақпа арқылы хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғам­ба­рымыздың мешітіне салауат және сәлем айтып кірген соң солға бұрылып, үш ке­мең­гер зиратының шығыс жағындағы кі­лем төселген 40-50 кісілік бөлмеге келіп тізе бүктік. Алдыңғы сапқа Нұрағаң және мен һәм пайғамбарымыз мешітінің имамы тұрды. Қалғандар артта сап түзеп жатыр. Намазға дейін әлі 5-10 минут бар екен. Сол себепті хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғамбарымыз бен оның екі із­басары Әбу Бәкір Сыддық пен Омар ибн әл-Хаттабқа кезекпен сәлем бердік. Со­дан соң іле-шала жұма намазы басталды. Мейманханаға орналасып бірер сағат дем алған соң, Мединенің діни, тарихи жерлерін араладық. Соның ішінде жұрттың әдетте ден қоятыны Ухуд тауы етегіндегі хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғамбарымыздың меккелік жаула­ры­мен шайқасқан жері. Бұл ұрыс 624 жылы наурыз айында болған. Алла елшісі онда жараланып, немере ағасы Хамза және өзге де бірқатар сахабалары қаза тапқан. Зиратқа ешқандай да белгі қойыл­май, жай қоршала салынған. Саудия­лықтар да біз секілді сүнниттер. Бірақ олардың ханбалдық діни-құқықтық мектебі қайтыс болғандарға жеке құран оқып, ескерткіш қоюды харам дейді. Мединедегі тағы бір тарихи жер – Қиблатайн мешіті. Қиблатайн – екі қыбла деген сөз. Өйткені Ислам діні тарай бастаған алғашқы жылдары мұсылмандар ғибадатты Меккеге емес, Құдыс – Йерусалимге қарап жасаған. Кейінірек бірақ Аллатағаладан аят түсіп, намазды бұдан былай Йерусалимге емес, Меккеге қарап оқу жайлы айтылған. Сол мешіт орнына салынған мына мешіт қабырғасына осы екі аят өрнектеліпті. Хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғам­барымыз Меккеден Мединеге қоныс аударғанда, қаланың оңтүстік шетіндегі пальмалы тоғай маңындағы Құба деген жерде 622 жылы мешіт іргетасын қалаған, осында намаз оқып тұрған. Кейін оны Алла елшісінің халифасы Осман ибн Аффан жөндеп кеңейткен. Сөйтіп, ол әуелде 40-50 адам ғана құлшылық ететін ғибадат орны болса, 1984 жылы Король Фаһд ибн Әбд әл-Әзиз пәрменімен жөн­деліп, көлемі 3 есеге жуық ұлғайтылған. Қазір онда бір мезгілде 15 мың адам намаз оқи алады. Пайғамбарымыз кезінде жиірек келіп, табанының ізі тиген қа­сиет­ті жер болғандықтан, мұнда келушілер де көп. Аллатағала елшісінің “осында оқыл­ған 2 ракат намаз бір умраға теңеледі” деген хадис шәріпі бар. Мешіттен шыққанымызда: – Шам намазын осында оқи са­лай­ық, – деді жергілікті дін қайраткер­лерінің бірі. – Хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғам­барымыздың мешітіне барсақ қайтеді. Онда оқылған намаздың сауабы көбірек емес пе?! Әлде онда баруға үлгермейміз бе дедім. ­– Үлгереміз. – Ендеше, сонда барайық... Мейманханаға оралғанымызда Қа­зақстан Республикасы Президентіне бас мешіттегі хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пай­ғамбарымыз бен оның екі сахабасының зиратына кіруге рұқсат етілгені жайлы хабар жетті. Мұның да мұсылман ел басшыларына көрсетілетін сирек құрмет екенін айтқан жөн. Түнгі 11-де Нұрағаң бастап бас ме­шітке келдік. Бір мезгілде 600-700 мың на­­мазхандарды қабылдай алатын пай­ғамбарымыздың мешіті түнде бос болады. Қала басшылығы мен мешіттің бас имамы Нұрағаңды әуелі пайғамбар мешітінің тарихымен таныстырды. Пайғамбарымыз Меккеден Мединеге қоныс аударған соң, түйесі шөккен жер­ге, яғни осы күнгі ғибадатханасы тұрған жерге мешіт салған. Мешіттің басында үш-ақ есігі болған. Әуелгі мінбері сақталмаған көрінеді. Сұлтан Бейбарыс та 1265 жылы жаңа мінбер жасатып, ол 133 жыл тұрған. Мешітті Омар ибн әл-Хаттаб, соңыра Осман ибн Аффан да кеңейткен. Сол кезден бастап мешіт түрлі әміршілер мен сұлтандар тұсында да өңдеу, жөндеуден өткізіліп тұрған. Қазіргі сән-салтанатты ғибадатханаға Ко­роль Фаһд тұсында ие болды. Ме­шіт­тің қазір биіктігі 72 метрлік бұрынғы 4 мұнарасы және биіктігі 104 метрлік жаңа 6, яғни барлығы 10 мұнарасы бар. Ме­шітке жақын жерлерге әсем де жайлы осы заман талабына сай қонақ үйлер са­лынған һәм бұл іс әрі қарай да жалғасын табуда. Мешіт ортасындағы үлкен күмбез жылжымалы екен. Алып күмбез жайлап сырғығанда аспаннан жұлдыздар жамырап қоя берді. Таза ауа лап етіп, мешіт ішін шарлап кетті. Мешіт үстінің тағы бір орталық бөлігін тағы бір шатыр жауып тұр. Ол да қол шатырдың жиналғанындай жиналады екен. Қысқасы мешітті кеңейтіп салуда әлемдік сәулет өнерінің ең озық үлгілері пайдаланылған. Хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғам­ба­рымыз тұрған Үйіне жерленіп, кейінірек нұрлы қабірі үстіне күмбез тұрғызылған. Хадис шәріптердің бірінде сол үйі мен мінбері арасы жаннат бақтарының бірі екені айтылады. Сол себепті Мединеге келгендер намазды сол жерде тұрып оқуға тырысады. Жасыл күмбез астындағы зират қоршалған. Есіктің жеті құлпы бар. Жеті кілт жеті кісіде. Есікті ашу үшін міндетті түрде олардың басын қосу керек. Түрлі-түрлі киім киіп, мойындарына шынжыр таққан олар бізді күтіп тұр екен. Құлыпқа кезекпен кілт салынды. Ішке кірдік. Хазреті пайғамбарымыздың Үйі бір­неше бөлмелі болған. Әуелгісінде қызы Фатима, келесісінде хазреті Пайғамба­ры­мыздың өзі Айша анамызбен тұрған. Алла елшісі үйінің төбесі ашық. Биікте күмбез. Құдай-ау! Пайғамбарымыз бен Айша, қызы Фатима аналарымыз қалай жұпыны тұрған. Әуелі хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пай­ғамбарымызға, сонан соң Әбу Бәкір мен Омар ибн әл-Хаттабқа кезекпен сәлем беріп, салауат айттық. Аллатағаладан игі тілек тілеп, дұға жасадық. – Жүрейік, – деді имам. Жеті кісі есікті кезекпен құлыптады. Сыртқа шықтық. Мешіттің колон­на­лы шамдары айналаны жарқыратып нұр­ға бөлеп тұр. Қоңыр салқын жел еседі. Ертең елге, Астанаға ұшамыз. Әбсаттар қажы ДербісӘлі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти.