• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Тамыз, 2015

«Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы

647 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Үлкен ел – үлкен отбасы» Қазақстан халқы Ассамблеясының ау­қымды жобасын әзірлеу және жүзеге асыру жөнінде» баспасөз мәслихаты өтті. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, экономика ғылым­дарының докторы Анатолий Башмаков, Президент жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Наталья Калашникова және осы мекеме директорының орынбасары Ғазиз Телебаев қатысты.

Аталмыш жобаны жүзеге асыруға белсенді атсалысып жатқан «Қоғамдық келісім» мекемесінің өкілдерінің айтуынша, шараны халықтық жобаға айналдыру тәсілдері Мәдениет және спорт министрлігімен келісіліп талқыланып жатыр. Бұл шараға еліміздегі 900 этномәдени бірлестік қатысады. Осы жөнінде Президент жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры Наталья Калашникова: «Үлкен ел – үлкен отбасы» ұзақ мерзімді жоба. Қазіргі уақытта бұл жобаның жоспарына енгізілетін шаралар жөніндегі мәселелер талқылануда. Олардың бірнешеуін атап өтейін, «Қазақ халқына жəне бір-бірімізге алғыс күні», əлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған «Қайырымдылық керуені» және «Жібек жолын» зерттеуге байланысты үлкен жобалар. Бұл жобалардың барлығы сәйкесінше қаржыландырылады. Ал бір ерекшелігі оған этномəдени орталықтар мен ҚХА-ның қоғамдық бөлімшелерінің жетекшілері де тартылады, – деді. Ауқымды жоба аясында жыл соңына дейін 12 жоба іске асырылатындығын айтқан ол: «Оның біріншісі – 6-7 тамыз күндері өтетін Медиация орталығының кеңейтілген отырысы. Алдағы уақытта ҚХА бастамасымен аталмыш алаңда Халықаралық медиация орталығын құру жоспарлануда, – деді. Айта кетейік, «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын Елбасы «100 нақты қадамның» 86-шы қадамында тапсырған болатын. Н.Калашникованың айтуынша, бұл жоба халқымыздың біртектілігін қалыптастыруға бағытталған. Одан кейін сөз алған «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Ғазиз Телебаев: «Бәріміз бір ұйым ретінде ұйысып, ұжымдасып, бір-бірімізді бауыр ретінде қабылдасақ, сонда ғана біз үлкен отбасы бола аламыз. Үлкен отбасында бәрі бірін-бірі сыйлайды, құрметтейді. Ол дербес институт болады. Оның басты міндеті – белгілі бір қайшылықтар мен дау-дамайларды болдырмаудың құралдары мен тетіктерін іздеу. Біз қазір қарама-қайшылықтар туындаған жағдайда оларды шеше алатын ақсақалдар кеңесін құруымыз қажет. Сонымен бірге, біз «Қазақстан энциклопедиясы» интернет порталын ашумен қатар, еліміздің өңірлерінде этно-ауылдар құруды және Ұлттық музейден «Қазақстан көп ұлттылығының тарихы», «ҚХА тарихы» залын ашуды да көздеп отырмыз», – деді.

Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.