Биыл Зайсан ауданының Қарабұлақ ауылында форель шаруашылығы қолға алынды. Аудан әкімі Алмас Оңдақановпен әңгімелескенімізде, Зайсан көлінің оңтүстік-шығысында орналасқан шағын тоғанда ағымдағы жылы тұңғыш рет жоғары сұранысқа ие форель балығы өсіріліп жатқанын айтқан еді. «Жақсыны көрмекке» дейді. Тың кәсіпті дөңгелетіп отырған шаруашылықты көру үшін Қарабұлақ ауылын бетке алдық. Ауыл әкімі Қамбар Шилібаев «Зайсан-холдинг» компаниясының директоры Ернар Мұратханұлымен таныстырды. Тосын кәсіппен аталған компания айналысып жатыр екен.
Жалпы, форель балығын бахтах немесе кішкене қызыл шұбар балық деп те атайды. Көпшіліктің көкейіне қонатыны – форель. Қызыл балық тұқымдастарға жататын оның бәсі биік, нарықта сұраныс жоғары.
Ернар Мұратханұлы форель уылдырығын Польшадан сатып алғанын жеткізді. Ал инкубация жұмыстары Алматы қаласында жүргізілді. Өйткені, сегіз сағаттың ішінде уылдырықтан балықтың құртшабағы шығатын көрінеді. Ал Зайсанға ағымдағы жылы ақпан айының соңында құртшабақ күйінде жеткізілген. Содан бері титімдей шабақтар әжептәуір өсіп қалыпты. Шаруашылық басшысы форельмен алғаш рет айналысып отырса да, әзірге ұсақ шабақтарды өсіруде күрделі мәселе туындамағанын, жергілікті артезиан суының құрамы өте таза екенін айтты. Форельге бірден-бір керегі де осы – таза су.
Қазір шаруашылықта ұзындығы 12 метрлік, ені 2 метрлік жеті бассейн бар. Қосымша тағы екі хауыз салынып жатыр. Мұнда жылына 250-300 тоннаға дейін форель өсірілмек. Ернар алдағы уақытта құртшабақтарды бассейнде өсіріп, үлкейгенде басқа тоғанға жіберуді көздеп отырғандығын жеткізді. Аталған тоған бассейннен бір шақырым қашықтықта орналасқандықтан, аса қиындық тудырмайды. Форельді уылдырық кезінен бастап өсіргенде, алғашқы өнім 11-12 айда алынады екен. Яғни, салмағы 300 грамға жеткенде, сатылымға шығарыла бастайды. Бұл межеге шаруашылық иелері күз айларында жетпек.
– Форельге нарықта сұраныс үлкен. Егер өнім көлемін көбірек шығара алсақ, келешекте Ресей мен Қытайға экспортқа шығаруымызға болады. Бүгінгі мақсатымыз – ішкі нарықты қамтамасыз ету, – деді Е.Мұратханұлы.
Бассейнге жіберілетін таза су азоты жойылғаннан кейін, оттегімен байытылады. Негізі, шығынсыз сала. Таза артезиан суы жеткілікті. Суға химиялық заттар қосылмайды. Сондай-ақ, таңғы сағат 6.00-ден кешкі 18.00-ге дейін екі сағат сайын шабақтарға жем беріледі. Кәсіпкерлер балық жемінің килосын 300 теңгеден Алматыдан сатып алатындықтарын айтты. Бұл балықтың бір ерекшелігі – адамдар жанарын салып, қызығып қараса, ауырып қалады екен. Көздің энергиясын көтере алмайды. Тіпті, бассейннің бетіндегі тор қабатқа шағала келіп қонса да, жағдайы мүшкіл. Яғни, шошымалы. Бассейннің бетін торлап қоюдың тағы бір себебі – жергілікті жерде ондатр көп. Ондатр бассейнге бір түсіп алса, шабақтарды түгелімен қырады. Сондықтан, шаруашылық жұмысшылары түнде бассейн күзетеді. Айта кеткен абзал, аталған шаруашылық 6 жұмыс орнын құрып отыр. Жұмысшылардың еңбекақысы орта есеппен 50 мың теңгені құрайды. Солардың бірі Ербол Әденов жаңа жұмысының өзіне ұнайтынын, еңбекақы уақытында берілетінін жеткізді. Ол күндіз балыққа жем беріп, бассейннің суын ауыстырып отырады. Тоғандарды құс пен ондатрдан қорғайды.
Қара базарда форельдің бір килосы кем дегенде 2500 теңгеден сатылады. Бұл жобаға кәсіпкерлер 10 млн. теңге көлемінде жеке қаражаттарын жұмсаған екен. Қарабұлақ ауылының тумасы алдағы уақытта форельдің уылдырығын да өндіруді көздеп отыр.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы.