• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Тамыз, 2015

Ел Конституциясымен ұштасқан Ұлттық жоспар

410 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы ұсынған 5 институттық реформаны жүйелі жүзеге асыру барысында жарияланған «100 нақты қадам» берекелі істің бастауына айналды. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы реформалау ісін жариялай келе, кезек күттірмейтін күрделі мәселелердің бірі – еліміздегі сот саласы екендігін ашып айтты. Сондықтан да осы саланы одан әрі оңалту мақсатында нақты міндеттер жүктелді.

Билік құрылымының үшін­ші сатысын реформалау мақсатында оған қатысты жаңа заңна­маларды әзірлеу бойын­ша жасалуы қажет нақты шаралар легін Елбасы 10 нақты қадам аясында іске асыру керектігін атады. Жалпы, сот саласына қатысты мұндай рефор­малардың іске асырылуы заман талабына сай атқарылып жатқан іс. Өйткені, сот корпусына қойылатын міндет үдесінен табылып отыру уақыт талабы. Ал Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену жолында соттар мен судьялардың ең жоғарғы деңгейден көрінуі – мінсіз орындалуы тиіс міндеттер болып табылады. Судьялыққа үміткер азаматтарға қойылатын негізгі шарт Ата Заңның Соттар және Сот төрелігі аталымы бойынша берілген VII бөлімнің 3-бабында: «Республиканың жиырма бес жасқа толған, жоғары заң білімі, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар және біліктілік емтиханын тапсырған азаматтары судья бола алады. Республика соттарының судьяларына заң бойынша қосымша талаптар белгіленуі мүмкін» деп жазылған. Со­нымен қатар, Ата Заңның 77-ба­бының 4-тармақшасында «Конс­титуциямен белгіленген сот төрелігінің принциптері рес­пуб­ликаның барлық соттары мен судьяларына ортақ және бірыңғай болып табы­латындығы» да атап көрсетілген. Яғ­ни, Конс­титуциямызда көр­сетілгендей судьяларды іріктеу шартының өзін заман ағымы, уақыт талабына сай жетілдіріп, Ата Заң нормаларына қайшы келмейтіндей етіп жағыртып отыру керек деген сөз. Сөз басында бес институттық реформаны іске асыруда 100 нақты қадамның 10 қадамы сот саласына қатысты екендігін атап өткен болатынбыз. Енді осы он қадамның ішінде екшеп айтар тағы бір қадамы ол – сатыланған сот жүйесінің санын қысқарту болды. Осы кезге дейін қызмет етіп келген бес сатылы жүйені (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қада­ғалау жасау) ықшамдап, бірінші, апелляциялық және кассациялық сынды үш сатыға қысқарту арқылы сот төрелігіне көшу ұсынысы айтылған. Мұны жалпы мемлекеттік қызмет көрсету саласын тұтасымен алғандағы реформалаудың ең озық үлгісі десек те болатындай. Осылайша, сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету мен сот жүйесі сатыларын оңтайландыру ісінің қолға алынуы нәтижесінде, аталмыш қызметтің халық арасындағы беделін арттыру көзделген. Сонымен қатар, бұл мәселеге бұқараның сенімін ұялату да негізделген. Өйткені, сот төрелігін осындай мейлінше қарапайым үлгіге көшіру арқылы тараптарға (сот пен қарапайым халық үшін) өзінің тиімділігін таныту болмақ. Қалай болғанда да біз мемлекеттік тұрғыда жүзеге асырылып жатқан реформалау ісінің дұрыстығын дөп басып тани білуіміз қажет. Онымен қоймай, мұндай оңтайландыру жұмысы жайдан-жай емес, Ата Заңымыздың негізінде, сонда көрсетілген қағидалармен ұштастырыла іске асырылып жатқанын білуіміз керек. Мысалы, Конституцияның Сот­тар және Сот төрелігі бөлімі­нің 75-бабындағы 2-тармақ­ша­сында: «Сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қыл­мыс­тық және заңмен белгі­ленген өзге де нысандары арқы­лы жүзеге асырылады. Заңда көзделген жағдайларда қылмыс­тық сот ісін жүргізу алқаби­лер­дің қатысуымен жүзеге асырылады» деп көрсетілген. Ал өз кезе­гінде Қазіргі заманғы мемлекет құрудың «100 нақты қадамы» жобасының 21-қадамында алқабилердің реформаланған сот төрелігі жүйесінде жұмыс істеуін былай меңзейді: «Алқа билер соты қолданылатын сала­лар­ды кеңейту. Заңды түрде алқа билер соты міндетті түрде қатыстырылатын қылмыстық істердің категорияларын анық­тау қажет» дейді. Түпкілікті негі­зін Конституциядағы тармақ­тан алатын алқа билер қызме­ті туралы тармақтар өзара үндес­тігі мен сабақтастығын сақтай оты­рып, бірін-бірі толықтыра түседі.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, журналист.