• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Наурыз, 2015

Экспедиция мақсаты – ел беделін катеру

557 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы шеңберінде, сондай-ақ, Жердің Солтүстік полюсіне: Барнео бекетінен – СП-ке бағытталған бірінші қазақстандық шаңғы экспедициясына арналған баспасөз-мәлихаты өтті. Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, «Қазақ географиялық қоғамы» ҚБ төрағасы Нұрлан Әбдуов, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпараттар комитетінің төрағасы Роман Василенко, Voxpopuli.zk суретті репортаждар сайтының бас редакторы Жанна Ахметова, «Shejire DNA» ғылыми жобасының жетекшісі Нұрбол Баймұханов, сонымен қатар, экспедицияның өзге мүшелері қатысып, сөз сөйледі. Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Voxpopuli.zk суретті репортаждар сайты, Қазақстан блогерлер альянсы, «Қазақ географиялық қоғамы» ҚБ ұйытқы болған шарада сөз алған ҚХА Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов мұндай экспедиция ел тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. «Азаматтардың ниетінің арғы жағында үлкен жол тұр, ол жолдың мәні мен мағынасы еліміз үшін де, еліміздің болашағын ойлайтын азаматтар үшін де маңызды. Тәуелсіздігімізді нығайту тек қана бірлікке байланысты. 2015 жылды Қазақстан Президенті Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп белгілегені белгілі. ҚХА жылы – бұл бірліктің жылы, елдіктің жылы. Сондықтан, экспедицияның азаматтары елдің жүрегіндегі осы ізгі ниетті шет жерге жеткізетін болады. 31 наурызға дейін азаматтар дайындық жұмыстарын жүргізеді. Әрі қарай оларды үлкен жолсапарлар күтіп тұр. Бұл азаматтар жай бара жатқан жоқ, еліміздің Туын, ҚХА жылының туын Солтүстік полюске апарып, бүкіл дүниежүзіне елімізді, жерімізді танытатын болады. Біз экспедиция мүшелеріне: «Жолдарыңыз сәтті болсын!», деп тілек айтамыз», деді Е. Тоғжанов. Сонымен, бұл экспедицияның негізгі мақсаты – шетелдерде Н.Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатын насихаттау, қазақстандық этносаралық төзімділік пен қоғамдық ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп, әлемнің ғылыми, мәдени және гуманитарлық кеңістіктерінде Қазақстанды әйгілеу, отаншылдық рухты тәрбиелеу. Баспасөз-мәлихатында сөз сөйлеген «Қазақ географиялық қоғамы» ҚБ төрағасы Нұрлан Әбдуов те Қазақ хандығының 550 жылдығына, ел Конституциясының 20 жылдығына, Жеңістің 70 жылдық мерейтойына, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуы үшін берілген өтініміне қолдау көрсетуге орайластырылған бас­тама туралы өз ойын білдірді. «Дүниежүзі кеңістігіне елімізді дәріптеп қана қоймай, Қазақстаның халықаралық беделін жақсартуда, жастарымыздың отаншылдық рухын оятуда бұл бастаманың маңызы зор», деді ол бұл орайда. Жиынға қатысушылардың айтуынша, 31 наурызда экспедиция мүшелері Алматыдан Ослоға (Норвегияға), одан әрі Лонгйирге, яғни Шпицберген аралына ұшуды көздеп отыр. Содан кейін, 4 сәуірде Лонгйирден Барнео мұзды аэродромына ұшып барады, сол жерден Солтүстік полюске дейінгі шаңғы экспедициясы бастау алмақ. Бір атап өтерлігі, Барнеодан полюске дейінгі арақашықтық шамамен 200 шақырымды алып жатыр. Сапар мерзімі күн сайын 20-25 шақырымды жүріп өткенді есептегенде, 7-12 күнді құрайды екен. Ал жолсапардың фотохроникасын ресми ақпараттық серіктес – Voxpopuli.zk суретті репортаждар сайтып жүргізіп отыратын болады. Аталған жоба аясында сондай-ақ, Шпицберген аралының тұрғындары мен Норвегияның байырғы тұрғындарының шығу тегіне зерттеулер жүргізілмек, сондай-ақ, географиялық, этнографиялық бағытта зерттеулер жүргізіледі. Зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша, норвегиялықтардың ата-тегі, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі, олардың өзге этнос­тармен тарихи байланыстарын тереңірек түсінуге жол ашылады. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.