• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2015

Қысқы бал

483 рет
көрсетілді

Мүмкіндігі шектеулі 8 балаға қайырымдылық көмек көрсетілді Өскемендегі Назарбаев зият­керлік мектебі мен облыстық Жастар саясаты басқармасы «Қысқы бал» қайырымдылық шарасын өткізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған шараның негізгі мақсаты – көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу, мидың сал ауруына шалдыққан балаларға қамқорлық көмек көрсету. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техни­ка­лық университетінде өткен қысқы балға химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 300 оқушысы мен 100 мұғалімі қатысты. Церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға жұртшылықтың назарын бұру мақсатында ұйымдастырылған кеште домбыраның қоңыр үні күмбірлеп, әуезді әсем әндер шыр­қалды. Кешке облыстық филар­монияның симфониялық оркестрі қолдау көрсетіп, әлем ком­по­зиторлары мен қазіргі заман автор­ларының шығармаларын ойнады. – Қысқы қайырымдылық кон­цертінің қатысушылары мәде­ниет пен сұлулықты, мейірім­ділік пен қамқорлықты алды­мен мұқтаж жандарға арнайды. Бұл – қаламыздағы игі бастамалардың бірі. Өйткені, оқушылардың ортаға салған өнері мен көмекке зәру жандарға қамқорлық танытқан ата-аналардың арқасында жүйке жүйесінің сал ауруына шалдыққан балаларға қолдау көрсетілді, – деді Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Бауыржан Ұзақбай. Аталған шарада церебральды сал ауруына шалдыққан 5 жасқа дейінгі 8 балаға жаңа арба берілді. Оның алтауы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының өкіліне тапсырылды. Басқарма мамандары арбаларды сал ауруына шалдыққан балалардың үйлеріне апарып бермек. Ал қалған екі арба балға дейін облыс аумағында тұратын мүмкіндігі шектеулі балаларға жіберілген болатын. Кеш барысында демеушілік көрсеткен ата-аналар, мектеп қызметкерлері мен өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдерінен құралған қайырымды азаматтар алғыс хаттармен марапатталды. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.