• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Тамыз, 2015

Талибтер таққа таласып жатыр

509 рет
көрсетілді

Әлемді шулатқан «Талибан» қозғалысын білмейтіндер жоқ шығар. Алдымен кеңес әскері барып біраз делебелерін қоздырып қайтқан соң, олар бүкіл әлемнің тынышын алатын болған. АҚШ бастаған НАТО күштері де оларды құрта алған жоқ.

Міне, сол талибтердің халық­аралық күштер Ауғанстаннан кеткен соң, екінші тынысы ашылғандай. Біраз жерде олар ауған елінің ресми билігін мойындамай, бой көтере бастады. Олар соңғы кезде «Ислам мемлекеті» экстремистерімен бірде тату, бірде қату мінез көрсетеді. Түпкі мақсат бір болған соң, күннің-күнінде тіл табысып кетуі де ықтимал. Соңғы кезде сол талибтер дү­ние­сінде айтарлықтай өзгерістер болып жатыр. Олардың көсемі болған молда Омардың қайтыс болып, оның орнына жаңа адамның сайлануы талибтердің арасында дау-дамай, жік туғызды. Сірә, бұл олардың ынтымағын бұзып, күштерін әлсірететін болар. Ең алдымен, молда Омардың беделі күшті болғаны рас. Талибтердің барлығы да оған ант беріп, оның жолын ұстанатын. Оның қазасы туралы әңгіме көптен бері айтылуы, оған нақты жауап берілмеуі де содан. Әйтпесе, қазіргі техниканың заманында оның тірі бейнесін көрсету көп те қиындық тудырмас еді. Енді, оның өлімін жасырын ұстау мүмкін болмай, шындық айтылғаннан кейін талибтер арасында түрлі келіспеушілік, ауытқулар туды. Бүгінге дейін талибтер билігінде екінші адам молда Ахтар Мухаммад Мансұр болғаны белгілі. Ол сонау елде талибтер билік құрған заманда 1996-2001 жылдары Ауғанстан авиация министрі қызметін атқар­ған және шын мәнінде молда Омардың оң қолы болып жүрген. Талай жылғы қауесет әңгімеден кейін молда Омардың қазасы жарияланған соң, «Талибан» қозғалысының жетекшісі болып таңдалуы да, тағайындалуы да заңдыдай көрінген. Осы жолы ол Пәкістандағы талибтердің орта­лығы саналатын Кветта қаласында қозғалыстың жоғары дәрежелі басшылары жиналғанда, Шура (Кеңес) оны басшы етіп сайлады. Бұдан кейін ақпарат құрал­дарында Ахтар Мансұрдың бағ­дар­­ламалық сөзі жарияланды. Онда да ол бұрынғы жолдарынан қайт­пайтынын мәлімдеді. Ресми билік­пен ымыраға келу, келісім жасау мәселесіне де тоқтап, оған ешқашан да бармайтындықтарын айтқан. Со­ған қарап-ақ жұрт Ахтардың молда Омар­дың жолын қуушы, ортақ таң­далған адам екеніне күмән­дан­бағандай да еді. Бірақ, көп кешік­пей, тіпті тым жылдам десе де бол­ғандай, оған қарсылар шықты. Оны заң­сыз, өзіне жақын топтың қол­дауы­мен сайланды дегенді айтады. Қарсылар молда Омар отбасы атынан сөйлейді. Ауған талибтері Жоғары Кеңесінің өкілі және молда Омардың інісі молда Абдул Манан Ниязи Ахтарды кеңеспен келісілмеген дейді. Ал молда Омардың ұлы Якуб та жаңа көсемді талибтердің барлығы қолдай қоймайтынын айтады. Талибтердің кейбір топтары билікті сол Якуб алуға тиіс дейтін көрінеді. Үлкен саясатта талибтерге қар­сылар көп. Әсіресе, осы аймақ­тағы елдер олардың лаңынан, есірт­кісінен қорқады, жау санайды. Жау ішінде алауыздық болған жақсы дейтініміз және бар. Бүлінген нәрсенің бүліне түскені де қиын-ау, кейде. Талибтердің бір бөлігі енді «Ислам мемлекеті» радикалдарымен бірігеді деген де айтылады. Талай қасіретті бастан кешкен ауған халқын тағы бір сын күтіп тұрғандай.

Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.