АСТАНА. 19 ақпан. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздері сәуір-мамыр айларында толық аяқталады. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, бүгінде Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру процестері бойынша келіссөздер соңғы кезеңге шыққан. «Өткен жылдың негізгі қорытындысы Қазақстанның Ұйымға кірудегі басты келіссөзшілерінің бірі – Еуропалық одақпен екіжақты келіссөздерді аяқтауы болды. Біз келісімге қол қойдық», – деді министр.
Сондай-ақ, ол АҚШ-пен келіссөздер бойынша негізгі мәселелерде уағдаластыққа қол жеткізілгенін тілге тиек етті. Қазіргі уақытта АҚШ сауда өкілдерімен фитосанитария талаптарымен байланысты келіссөздер қарқынды жүргізілуде.
«Біздің жоспарымыз – сәуір-мамыр айларында сәйкесінше келіссөздерді толығымен аяқтау», – деген Е.Досаев аталған нормалар бойынша Алматыда Еуропалық одақпен қосымша келісімдер жүргізілетінін атап өтті.
Жолдыбай Базар.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: matritca.kz.