• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2015

Кеңес өткізген келелі жиын

461 рет
көрсетілді

Кеше «Нұр Отан» партиясының жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің үстіміздегі жылғы алғашқы отырысы өтіп, онда Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы іс-шараларын атап өту мәселелері қаралды. Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев желтоқсан айының басында шетелдегі қазақ диаспорасының мәдениеті мен тілінің дамуына Қазақстан тарапынан қолдау көрсету мәселелерін қарау қолға алынатынын айтты. Бұл ретте шетелдергі қазақтың саны 5 миллионнан асады деген мәліметтер келтіріліп жүргендігін айта кеткен жөн. Кеңес төрағасы сөз ретінде сыртқы саясат ведомствосы мен Мәдениет және спорт министрлігі нендей жұмыстар атқаруда деген мәселелер көтері­лерінен де хабардар ете кетті. Бұ­дан кейін отырыс Қазақ ханды­ғының 550 жылдығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жыл­дығын, Қазақстан халқы Ассам­блея­­сының және Қазақстан Консти­ту­циясының 20 жылдығын атап өту­ге қатысты іс-шаралар жоспа­ры­на құрылған баяндамаларға ұлас­ты. Алдымен сөз алған Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ғалым Ахмедьяров Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге сәйкес бірқатар шаралар атқарылғандығына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, 1465 жылды Қазақ хандығының ресми құрылған жылы деуге бола­ды. Сондықтан да Қазақ ханды­ғының 550 жылдығын атап өтудің тұжырымдамасы дайындалды. Айтулы датаны атап өту үш тұ­жырымдамалық негізге жүйеленіп отыр. Біріншісі – патриоттық негіз болса, мұнда Қазақстан халқының Отанына деген сүйіспеншілігі көзделген. Екіншісі – ақпараттық негіз. Ғылыми-көпшілік бағдарламаларды, ғылыми-танымдық деректі фи­льмдерді, қазақ халқының жоғары мәдениеті мен өнегелі қасиеттері туралы фильмдерді жасап, жетекші орталық телеарналар арқылы тарату. Үшіншісі – ғылыми негіз. Қазақ хандығын құру проблемаларын зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу. Және де ғылыми конференцияларды ұйымдастыру. Вице-министр бұл мерейтойды өткізу қазақ тарихын оқуға ынта арттырады, қоғамның идеялық, рухани мәдениеті азаматтардың санасында патриоттық сезімді бекіте түседі деп сенеміз деген ойымен де бөлісе кетті. Жалпы, Үкімет қаулысымен мерейтойды атап өтудің Іс-шаралар жоспары бекітілсе, онымен 103 шара қамтылғандығын айта кеткен ләзім. Негізгі шаралар Тараз бен Астана қалаларында өтпек. Тараз қаласында «Еуразия барысы» атты қазақ күресінен турнир өтеді және археологиялық мұражай ашылып, этномәдени қалашық салынады деп күтілуде. Жалпы, Тараз қаласында өтетін іс-шараларды Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов жан-жақты айтып берді. Қазақстан халқы Ассам­блея­сының 20 жылдығын атап өту іс-шараларын осы ұйымның өкілі Нәзипа Ыдырысқызы жан-жақты баяндап кетті. «Қазақстан хал­қы Ассамблеясының 20 жыл­дығын атап өту Ассамблеяның құ­ры­лымдық деңгейде тойланатын тойы емес, еліміздің 20 жылдағы жеткен жетістіктерін паш ету», деді ол өз сөзінде. Сон­дықтан да жылдың мақсаты «Ме­нің елім – Мәңгілік Ел» деген тақырыпқа бағытталып отыр. Атқа­рылатын шаралардың негізгі бөлігі «Жиырма ізгілікті іс» деп аталса, сол ізгілікті істің бас­тауы ретінде Түркістандағы Киелі қазан – Тайқазан бірқатар облыс­тарды аралап та кеткені ауызға алынды. Мысалы, сондай шараның барысында Ақмола облысында 752 әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасыларға 17 миллион 170 мың теңгенің көмегі көрсетіліпті. Жиһаз, отын, киім немесе тұрмыстық техника әперу сияқты игі істермен көрініс тапқан. Енді негізгі жоспар бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясына дейін Тайқазан бүкіл Қазақстанды аралап, Астанаға жеткізілуі тиіс. Жалпы, Ассамблеяның 20 жылдығы әр-түрлі іс-шаралармен ұласып, желтоқсан айында Астанада өзінің мәресіне жетеді деп күтілуде. Бұдан кейін сөз Жеңістің 70 жылдығын атап өту бойынша Қор­ғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі департаментінің бастығы, Қарулы Күштер Бас штабы басшысының орынбасары Мұхамеджан Тала­совқа берілді. Оның айтуынша, ең басты шара ретінде Астана қала­сында 7 мамырда өтетін әскери парад деп белгіленіп отыр. Онда қазіргі заманауи әскери техникалар ғана емес, сонымен қатар, тарихи көріністер де орын алмақ. Сондай-ақ, бұл парадқа соғыс ардагерлері де қатысады деп күтілуде. Парадқа 5 мыңға тарта жауынгер, 85 дана әскери-әуе техникасы, 220 бронды автотехника жұмылдырылары да аталды. Сонымен қатар, 7 мамырда Жеңіс күніне және Отан қорғаушы күніне арналған мерекелік концерт өтетін болады. Және де 7 және 9 мамыр күндері Астана мен Алматыда отшашу жасалады деп күтілуде. Міне, осындай баяндамаларға ұласқан отырыс барысында зиялы қауымның белді өкілдері Нұрлан Оралазин, Мырзатай Жолдасбеков, Әкім Тарази, Сұлтанәлі Балғабаев өз ойларын ортаға салып, бірқатар ұсыныстарын білдірді. Басқосу барысында Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы Кеңесінің 2015 жылы президенттік сайлау өткізу жө­нін­­дегі бастамасына да қолдау білдірілді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».