• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
09 Мамыр, 2015

Күтемін әлі бір хабар

349 рет
көрсетілді

Міне, әлемнің адал көңілді адамзаты Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесін атап өткелі отыр. Екінші дүниежүзілік соғыс адам ба­ласын тарихта теңдесі жоқ шы­ғынға ұшыратты. Ол миллион­дардың тағдырына дақ түсіріп, жүректерге жазылмас жара салды. Сол миллиондардың бірі – мен. Бұл соғыс менің де жүрегіме міне, жетпіс жылдан астам уақыттан бері жазылмай келе жатқан қасірет табын салып кетті. Шаттығы шалқыған шаңырақтың шәт-шәлекейін шығарып, шырқын бұзды. Дүние есігін енді ашқан менің ата-анамды жалмап, тағдыр тәлкегіне салды. Менің әкем Теміржан Ас­қайұлы 1942 жылы қаңтар айында бұрынғы Семей облысының Абралы ауданынан соғысқа аттаныпты. Әкем майданға аттанарда мен жөргектегі қырқынан да шықпаған нәресте екенмін. Үлкендердің айтуынша, әкем майданға шақырылған серіктерімен бірге ат жегілген шанаға мініп бара жатып, құндақтаулы мені құшақтап тұрып, «Қош, құлыным, сен бесікте қаласың, қан майданға қарсы туған баласың...» атты ұзақ толғауын оқыған екен. Көз көргендердің естелігі бойынша, әкем соғысқа дейін Абыралы өңірінде ұстаз, колхоз бастығы, ауылдық кеңестің төрағасы қызметтерін атқарыпты. Соғысқа Дегелеңдегі Татан ауылдық кеңесінің төрағасы болып жүрген жерінен аттаныпты. Ол кісі ақын-әншілігімен бірге ағаштан домбыра, ер-тұрман қиып жасайтын он саусағынан өнер тамған шебер екен. Осындай сегіз қырлы, бір сырлы жігіт сұлтаны атанған қайран әкем қан майданда хабарсыз кетіпті. «Бәрі жеңіс үшін!» ұранымен майдан да майдан, тыл да майдан атанған сол бір сұрапыл жылдары Семейге кіре тартып жүрген анам Күлшім Қамашқызы қарлы боранда суыққа шалдығып, 1946 жылдың желтоқсан айында Семей қаласында кенеттен қайтыс болыпты. Сөйтіп, мен жөргекте жатып әкеден, бес жасымда анадан айырылып, жалғыз ағам Жақыпжанның (әкемнің туған інісі) бауырында қалған екенмін. Абыралыдан 1942 жылдың қаңтар айында майданға аттанған әкем сол жылдың 26 қыркүйегінде Мәскеу қаласының маңындағы Великие Луки қаласын жаудан азат ету жолындағы ұрыста, 93-ші атқыштар дивизиясының құрамында ерлікпен шайқасыпты. Сол ұрыста сол күні хабарсыз ке­тіпті (мұрағат деректері бойынша.) Міне, содан бергі 70 жылдан астам уақытта, «хабарсыз кетті» деген екі ауыз сөзден басқа ешбір дерек біле алмай сарғаюмен келемін. «Хабарсыз кетті» деген сөз менің де ұзақ уақыт бойы миыма жетпей, тірі кеткен адам қалайша хабар-ошарсыз болмақ, белгісіз бір жерде жерленген болар деп, іздеу салмаған мұрағатым қалмады. Тым болмаса қазіргі жер-жерлердегі ізшілдер отрядтары бір дерек тауып, мүрдесі қалған жерді табам ба деген үмітпен әлі де күдерімді үзбеймін. Ұлы Жеңістің 70-ші арайлы бейбіт таңы да атты. Қазір Абыралы жерінде соғыста шейіт болғандардың есімі жазылған тақта ашылып, мәрмәр ескерткіш қойылды. Отызында опат болған қайран әкеме деген сағыныш сарқылар емес. Жетпіс жыл бойы хабарсызбын. Қабіріңнің басына туған жердің бір уыс топырағын тастай алмай, жылдар керуені жылыстап барады. Өзекті өртеген өкініш осы. Жан әке, жалғызың сені ешқашан жадынан шығарған жоқ! Бибігүл ТЕМІРЖАНҚЫЗЫ, зейнеткер. АЛМАТЫ.