АСТАНА. 24 маусым. Қызылордада Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің филиалы ашылды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен аталған оқу орнының ректоры Айқын Ақанов қатысты.
Филиал Қызылорда облыстық медицина орталығының жанынан ашылып отыр. Бұл аймақтан дәрігерлер даярлап шығаратын білім шаңырағы болмақ. Ең бастысы еліміздің медицина университеттерінде интернатура, резидентура, магистратурадан өтіп жатқан студенттер енді Қызылордада білім ала алады.
Шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев: «Қазір ғылыммен айналысу заман талабы. Яғни, дәрігерлер барлығын зерделеп отыруы қажет. Халықаралық деңгейде жұмыс жасаған жағдайда ғана облыс тұрғындары ем іздеп өзге аймаққа бармайды. Бұл аймақ үшін үлкен жаңалық», – деді.
Аталған университеттің 85 жыл тарихы бар. Онда 200 профессор, 800 доцент, 2 мыңнан астам мұғалім қызмет етеді. Енді осы білікті мамандар Сыр еліне келіп, қызылордалық студенттерге дәріс беретін болады.
«Біздің университеттен 70 мыңнан астам дәрігерлер даярланып шықты. Негізгі мақсат облыстың потенциалын көтеру. Оған мүмкіндігіміз жеткілікті. 2017 жылы бұл филиалды ғылыми зерттеу орталығы ретінде қалыптастырамыз», – деп мәлімдеме жасады ректор Айқын Ақанов.
Айта кетейік, аймақ басшысы облыстық медицина орталығын күрделі жөндеуден өткізуге және техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен қаржы қарастырылатынын жеткізді.
Талғат Райымбек.
Дерек, сурет: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.