• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Тамыз, 2015

Атамқұловқа – табыс, Мырзахметовке – алғыс

247 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан об­лыстық мәслихатының кезектен тыс 41-сессиясы­ның күн тәртібіне облыс әкі­мін тағайындау мә­се­ле­сі қойылды. Сессия жұ­мысына Қазақстан Рес­пуб­ликасы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арна­­йы келіп қатысты. Жиында сөз алған Елбасы Оң­­түстік халқы атына, осында атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірді. Кешегі өткен Президент сайлауында бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ұйымшылдық таныт­қан, Қалекең, Қалтай Мұха­меджановтай сөз зергері ұлыстың ұйытқысы атаған Оңтүстікке жұмыс сапарымен жиі келетінді­гін айтқан Елбасы: «Соңғы 6,5 жылдың ішінде өңір экономикасы 2,5 есеге артып, 300-ден астам мектеп пен 300 аурухана мен емханалар салынды, – деді. – Шуақты өлке диқандары 2,3 млн. тонна көкөніс өнімдерін жинады. Менің тапсырмаммен облыс орталығы көркейіп, мұндағы тұрғындар саны бір миллионға жуықтады. Жүктелген міндеттерді Асқар Мырзахметов орындады, оның атқарған жұмыстарына ризамын – деп атап өтті. Елбасының Жарлығымен енді Асқар Мырзахметов «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Нұрсұлтан Әбіш­­ұлы «Нұр Отан» партиясы үлкен саяси күш топталған ұйым екендігін, оның басшылық құра­­мында елге белгілі, ұйым­дастырушылық қабілеті жоғары беделді адамдар қызмет етуі керектігін айтып, алдағы кезде бұл ұйымның халықаралық ын­тымақтастық деңгейінде жұмыс жасайтындығына сенім білдірді. Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның бұрынғы әкімі Асқар Мыр­захметовке осы қызметте үлкен табыс тілей отырып, облыстың жаңа әкімі лауазымына Бейбіт Бәкірұлы Атамқұловтың кандидатурасын ұсынып отырғандығын айтты. Облыс депутаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Бейбіт Атамқұлов үл­кен қыз­мет сатыларынан өт­кен, тәжі­рибесі толысқан мемлекеттік қызметкер екендігі өмірбаянынан анық танылады. Бұған дейінгі қызметінде Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы лауазымында болған Бейбіт Бәкірұлына үш миллионға жуық халқы бар Оңтүстікте атқаратын жұмыстар жеткілікті. Мемлекет басшысы облыс активімен өткен кездесуде облыс әкімі Б.Атамқұловтың тәжірибесі, білім деңгейі жоғары екендігіне тоқталып, аймақтың алға қойған міндеттерін абыроймен орындайтынына сенім білдірді. Сонымен қатар, активте Елбасы мемлекет алдында тұрған қадау-қадау мәселелер төңірегінде ой өрбітіп, әлемдегі экономикалық ахуалдың ушығып тұрған кезеңінде қолда бар қаржыны тиімді пайдалануға басымдылық берілетіндігін, бұл барлық деңгейдегі әкімдердің жұмыс көрсеткіші сапасының деңгейін көрсететіндігін атады. Мемлекет тарапынан дағда­рыстарды еңсеру үшін жүйелі шаралар қабылданғанын, индус­трияландыру экономикасын орнықтыруға, шикізаттың әлемдік бағасына тәуелсіздікті азайтуға, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыруға басымдылық берілетіндігін айтты. Бұл ретте «Нұрлы Жол» бағдарламасы темірқазық бола алады. Елбасы облыстың бүгінгі жағдайын таразылай келе, алдағы кезде жүзеге асырылатын бірқатар негізгі мін­деттер жайын да таратып берді. Сонымен, Оңтүстікті мем­­лекетіміз тәуелсіздік алған­нан бері ең ұзақ, нақты айт­қанда, 6,5 жыл басқарған Асқар Мырзахметов жауапты қыз­метке ауысты. Осы уақытта бұқараның Асқар Исабекұлына құрметі жоғары болғаны анық. Елбасының тапсырмаларын орындауда өзі де тыным тапқан жоқ, жауапты мамандардың жайбарақат жүруіне де мұрша берген жоқ. Асқар Мырзахметов Оңтүстіктегі бар ауылды түгелдей аралап, әлеуметтік картасын жасады. Мұның тиімділігі сол, қай ауыл­да қандай проблема бары тайға таңба басқандай көрініп тұратын. Ретімен шешіліп жатты. Елбасы аймаққа келген бір сапарында «шағын және орта бизнесті Оңтүстіктен үйрену керек» деген. Айтқандай, өнім көлемі 90,9 млрд. теңгені құрап, 16,4 млрд.теңгеге артты. Қар­қынды бау шаруашылығына қажетті көшеттермен облыстық шаруалар толықтай қамтамасыз етілді. Үй іргелік жерлерді тиімді пайдаланудың үш жылдық іс-шарасы әзірленді. Тамшылатып суару әдісі бойынша республикалық көр­сеткіштің 73,3 пайызына жетті. Жылыжайлар 1000 гектардан асып, республикада 87 пайызды құрап, жеке-дара көш бастады. Бұған бау-бақша өнімдерін сақтайтын қоймалар, «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» сияқты бағдарламаларды қосыңыз. Мем­лекеттің келешегі үшін индус­триялық аймақтардың маңызы зор. Елбасының өзі ерекше мән беріп отырған салада бір Шымкенттің өзінде ашылған индустриялық аймақтардың саны, сапасы республикадағы кез келген облыстың аймақ көрсеткішерінен асып түседі. Асқар Мырзахметов облыс орталығынан бөлек бар­лық аудан, қалаларда мүм­кін­діктерін, табиғат, жер бай­лы­ғы ерекшеліктерін ескеріп индустриялық аймақ ашуға жер телімдерін бөлгізді. Индус­трияландыру картасы бойынша іске қосылған 137 жобаның 130 жобалық қуаттылығы 100 пайызға жетті. Осы көрсеткіш бойынша облыс республикада алдыңғы орынға шықты. Былай айтқанда, бірінші бесжылдықта іске қосылған әрбір 5-ші жоба облыстың үлесіне тиеді. Қысқаша қайырғанда, Елбасы қызметі үшін алғыс білдірген Асқар Мырзахметовтің жемісті жұмысы осындай болып келеді. Елбасы облыстың жаңа әкімі Бейбіт Атамқұловқа бір­қатар міндеттер жүктеді. Әлем­дегі уранның 35 пайызы Оңтүс­тіктен өндіріледі. Сондық­тан уран өндірумен айналысатын ком­паниялардың орта­лық кеңселері Оңтүстікте шоғыр­ландырылып, уран кластерін құру қажеттігін айтты. Шағын және орта бизнес­те қол жеткен табыстарды әрі қарай еселеуді, тұрғындарды сапалы ­ауызсумен қамтуды тапсырды. Білім ошақтарын салу мәселесінде Оңтүстік көп үлес алғанымен, үш ауысымдық мектептер әлі де жұмыс істеп келеді. Осы өткір мәселе мектеп оқушыларының республика бойынша бестен бір бөлігін құрап отырған аймақта түбегейлі шешімін табуы тиіс. Активпен өткен кездесуде Елбасы облыс әкімі Бейбіт Атамқұловпен бірге осы мәселелерді іске асыруда бірлесіп жұмыс жасауды тапсырды. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.