• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Тамыз, 2015

Болашақ тұғыры – озық технология

1626 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «G-Global-ЭКСПО-2017» халықаралық жобасы аясында нанотехнология, роботты техника, мұнай-газ кен орындарын зерттеу, гидродинамика, гендік инженерия, обыр ауруын туғызатын клеткалар биологиясы, ДНК репарациясы мен мутагенез салалары, азық-түлік қауіпсіздігі және генетикалық ізденістер саласында әлемдік деңгейдегі сұраныстарға сай зерттеу­лер жүргізіліп, нәтижесін «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесінде мақтанышпен көрсете алатындай нұсқалар алуына тілектестік білдірді. Ол үшін қазақстандық ғылыми кадрлар әлеуетін жас ғалымдармен толықтыруға, ғылыми-зерттеулер мен әзірлемелерді ынталандыруға бағытталған стратегиялық және тактикалық бағыттар айқындалды. Бүгінгі таңда республикамызда ғылыми-зерттеулермен 23,7 мың адам айналысады. Олардың ішінде 1688 ғылым докторы (9,8 %), 4915 (28,6%) ғылым кандидаттары, 218 (1,2%) PhD докторлары, 605 (3,5%) кәсіптік бағыттар бойынша докторлар, 9774 (56,8%) ғылыми атағы жоқ ізденушілер бар. Ғылыммен айналысатындар арасында 35 жасқа дейінгілердің үлес салмағы 38 пайыз болса, 45 жасқа дейінгілердің үлес салмағы 56 пайызды құраған. («Егемен Қазақстан», 2015, 2 ақпан). Сонымен қатар, жоғары білім беру жүйесінде де іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулерді, басқа да ғылыми-техникалық, тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыстарды жүргізумен тікелей айналысатын зерттеу университеттері құрылған, ондаған техникалық жоғары оқу орындары жанынан олардың құрылымдық бөлім­шелері ретінде ғылыми және тәжірибелік-өндірістік орталықтар жасақталған. Олар білім беруді, ғылымды және өндірісті бір-бірімен жақындастырып, өздерінің ғылыми ізденістерінің нәтижесінде ашылған өнертапқыштық жаңалықтары алынған өнімдерді тікелей өндіруші желілерде енгізуде. Бұл түсінікті де. Себебі, Қазақ­стан тек табиғи ресурстарға тәуелді экономикалық ел ретінде ғана емес, жоғары технологияларға негізделген өнімдерді де өндіре алатын өнеркәсібі әртарапты елдер қатарына ұмтылуда. Сондықтан, елдің өндіруші құрылымдарын жаңалау, өндіру жүйесіне жаңа инновациялық және жоғары технологиялық желілік күштерді енгізу уақыт талабынан туындаған өзекті міндет. Қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі өндіргіш күштер бесінші технологиялық циклді артқа тастап, жаңа білім көздеріне негізделген өндірісті, атап айтқанда, алтыншы цифрлық экономикалық құры­лымдарды жасақтауға кірісіп кетті. Алтыншы технологиялық базис­тің танымдық және практикалық өзегін табиғат, қоғам және адам дамуының негізгі заңдылықтары мен өзара байланыстылығы туралы жаңа ғылыми білім алуға бағытталған теориялық және эксперименттік зерттеулер құрай­ды. Дәл қазіргі кезеңде жоғары деңгейдегі нанотехнологиялық өндірісті барынша жандандырып, одан мол пайда тауып отырған елдер санаулы, дүниежүзі бойынша бұл ретте негізгі 12 елдің ғана аты аталады. Солардың қа­тарында шағын ғана Тайвань елі бар. Бұл ел әлемдік рынокқа шығарылатын ноутбуктың 94 пайызын, желілік сервердің 87 пайызын, кабельдік модемнің 86 пайызын өндіреді. Әлемдегі ғылымы барынша дамыған елдердің алдыңғы төрттігін АҚШ, ЕО, Жапония және Қытай бастайды. Мәселен, Қытайда ғылымға бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын 17 пайызға өсіріліп отырады. Әлемдік рыноктағы ғылымды көп қажет ететін өнімдердің 30 пайызын АҚШ, 30 пайызын Жапония және 17 пайызын Германия өндіреді. Әрине, мұндай жетістіктерге қол жеткізу жас Қазақстан ғылымы үшін әлі де биік меже. Десек те жоғары технологиялық өнімдер өндіру ісін жандандыруды қамтамасыз ету мақсатында біршама ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар жасақталып, зерттеу жұмыстары қолға алынды. Атап айтқанда, нанотехнологиялар мен жаңа материалдар өндіруге бағдарланған іс-әрекеттік жобалар бойынша зерттеу­лер жүргізілуде. Сонымен қатар, биотехнология, көмірсутекті және тау-кен металлургиялық салалар және олармен байланысты сервистік салаларға арналған технологиялар; ядролық технологиялар және қалпына келтірілетін энергетика технологиялары, ақпараттық және ғарыштық технологияларды дамыту мақсатында кешенді шаралар іс жүзіне асырылуда. Елдің интеллектуалдық әлеуетін дамыту салалары бойынша да іргелі және қолданбалы зерттеулер тиянақты атқарылуда. Егер, 2010-2014 жылдары аралығында ғылыми-зерттеулерді мемлекет есебінен қаржыландыруға 16,9 млрд. теңге бөлінген болса, бұл сома алдағы үш жыл аралығында 20,0 млрд. теңгеге жеткізілмек. Ғылыми инфрақұрылымды дамыту мақсатында ғылымның басым бағыттары бойынша 5 ұжымдық ұлттық зертхана пайдалануға беріліп, толық жабдықталды. Жетекші жоғары оқу орындарының жанынан 15 инженерлік бейіндегі зертхана ашылып, ойдағыдай жұмыс істеуде. 6 инновациялық білім беру, соның ішінде екі халық­аралық консорциум құрылды. Бүгінгі таңда ерекше өзекті болып отырған мәселе, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге жас мамандардың аз тартылуы. Осыны қаперге алған еліміздегі Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның халықаралық сараптама кеңесі «ғылыммен және технологиямен айналысатын білікті зерттеушілерді даярлау және олардың еңбегін тиімді пайдалану қажет» деген шешім қабылдады. Осы шешімді басшылыққа алған Қазақстандағы техникалық жоғары оқу орындары өз студенттері ішінен өнертапқыштық пен инновациялық рационализаторлық ойлауға бейім­ділерін іріктеп алып, оларды әріптестік келісімшарт жасасқан өндірістерде ашылған ғылыми өндірістік немесе тәжірибелік-конструкторлық құрылымдарда даярлауда. Іріктеп алынғандардың ішінен де ең таланттыларын таңдап алып, ауқымды халықаралық ғылыми жобаларға қатыстыру арқылы жоғары технологиялық өнімдер өндіруге баулуда. 2014 жылы шетелдік ғылыми орта­лықтарда 150-ден астам қазақстандық жас ғалымдар осындай тәжірибеден өтті. Шетелдік ғылыми ұйымдардағы ағылшын тілін тереңдетіп оқыту курстарына 500-ден астам жас оқытушылар мен ғалымдар тартылды. Жоғары оқу орындарын бітіруші талантты жастарды ғылым саласында еңбектенуге тартудың жолдары көп-ақ. Тек оларды қызықтыра білу керек. Мысалы, өзінің бар өмірін ғылым жолына арнап, ғылымның белгілі бір саласында орасан зор жаңалық ашқан бір ғалымның өмірбаянына еліктеу немесе әртүрлі жағдайды байыппен түсіндіру арқылы оның ой-сезіміне қозғау салу, сонымен бірге, ірі ғылыми-техникалық көрмелердегі әртүрлі өнімдердің жасалу технологиясын пайымдату арқылы да қызықтыруға болады. Осы ретте «Болашақ энергия­сы» айдарымен бүкіләлемдік ЭКСПО-2017 көрмесінің Астанада өтуі, онда көрсетілетін ғылым жетістіктері мен жоғары технология жемістері кімді болса да қызықтырары сөзсіз. Басқасын айтпағанның өзінде, бұл көрме өндіргіш күштерді бесінші техно­логиялық циклдан жаңа білім мен ғылым жетістіктеріне негізделген алтыншы, яғни цифрлық эконо­микалық құрылымдарға көшірудің бастауында тұр. Өйткені, Аста­нада өткізілетін ЭКСПО-2017 бүкіләлемдік жетістіктер көрме­сінде білімнің, ғылымның және өндірістің ең үздік жетістіктері, жоғары технологиялық өнімдердің үлгілік нұсқалары паш етілмек. Ал мұның өзі көрмені тамашалаушы көпшілікті ғана тамсандырып қоймайды. Жоғары оқу орындарын бітіруші талантты жастарды ғылым саласында еңбектенуге құлшындырып, оған тартатындығы да анық. Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 көрсетілімдері елімізді индус­трия­лық-инновациялық тұр­ғыдан дамытуға бағдарланған страте­гиялық іс-әрекетке де тың сер­пін беріп, көрмеге қойылған жоғары технологиялық өнімдерді Қазақстанда да өндіруге бола­тындығына сенім тудыруы тиіс. Қалай дегенмен де, біз үшін жаһандық қажеттіліктерді қана­ғаттандыру үшін көмірсутегі емес технологиялық инновация­ларды дамытуды талап ететін күнді көруге көп уақыт қалмаған сияқты. Демек, бүгіннен бастап жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін өнімдерді көптеп өндіруге, зиянды энергия көздерінің орнына қоршаған ортаға ешбір залалын тигізбейтін балама қуат көздері – күн сәулесінен, желден, теңіз толқындарынан, жердің термалдық қуат көздерінен және биомассадан «жасыл энергия» өндіруге бет бұрған жөн. Мұның өзі, сөз жоқ, білім беруге, ғылыми ізденістерді жетілдіруге де айрықша назар аударуды талап етеді. Осыны терең түсінгендіктен болар, Қ.А.Ясауи атындағы халық­аралық қазақ-түрік универ­ситетінің медицина факультетінде терең білім берумен қатар, бірқатар ғылыми-зерттеулер жүргізілуде. Мәселен, осы мақала авторының жетекшілігімен университетте «Молекулярно-генетические маркеры метаболического синдрома» атты жоба іске асырылуда. Бүгінгі күні жер шарының қай бөлігінде болмасын жүрек-қан тамырлары аурулары мен қант диабеті бар науқастарда метаболизмдік синдромның эпидемиологиялық жағдайын зерттеп, оның мәнін ашуға айрықша назар аударылуда. Оның ішінде әсіресе, ғылыми зерттеудің метаболизмдік синдром құрылымының генетикалық аспектілерін анықтауға зор мән берілуде. Өйткені, оны анықтау аурудың алдын алып, емдеу шараларын тиімді жүргізуге негіз қалайды. Гүлназ НҰСҚАБАЕВА, медицина ғылымдарының кандидаты, А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің кафедра меңгерушісі. ТҮРКІСТАН.