• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Тамыз, 2015

Мақта – маңызды мәселе

1206 рет
көрсетілді

Шымкентте «Rixos Khadisha Shymkent» қонақ үйінде #Talks2050 TED конференциясы аясында «Мақта: маңызды немесе маңызды емес» форумы өтті. «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы, Мәдениет және спорт министрлігі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен өткен жиында Оңтүстік диқанда­ры үшін маңызды мәселе көтерілді. «Қазақстан-2050» Жалпы­ұлттық қозғалысының медиа директоры Қанат Әуесбай мақта өсіруге тиісті алқаптардың жылдан-жылға азайып бара жатқандығына ғалымдардың алаңдап отырғанын жеткізді. Мақта шаруашылығын диқандар мен кәсіпкерлер үшін қалайша шығынды емес, табысты етуге, мақта өсіруге аса қат су тап­шылығы түйткілінің түйінін қалай тарқатуға болады? Сала­дағы еңбек қатынастарын реттеудің жолы қандай? Жаңа технологиялардың пайдаланылуы қаншалықты? Мақта кластері дамуының келешегі қалай? Оңтүстікте мақтадан гөрі бау-бақша өнімдеріне басымдылық беріліп, жер көлемінің жыл сайын қысқартылып отырғандығы рас. Себеп көп. Ең алдымен ағын су тапшылығы сезіледі. Оңтүстікте тау басынан құлап ағып жатқан арынды өзендер жоқ. Шардара су қоймасына қырғыз мемлекетінен, Тянь-Шань тауларындағы еріген қар суынан келеді. Ала тақиялы ағайындар қолда барын бұлдап, жазда су көлемін қысқартса, көрші ала топылы ағайын да «Достық» арнасы арқылы келетін Қазақстан үлесіне көз алартып, шөміштен қысып қалады. Көктемде сор шаюға, жазда суаруға су жетпей, мақта алқаптарының қаталап қалатындығының үлкен себебі осы. Ауа райының қолай­сыз­дығынан да диқан зиянға шығып жатады. Оның үстіне түрлі мақта зиянкестері көбейіп кетті. Жығылғанға жұдырық дегендей, бау-бақша өнімдеріндей емес, мемлекеттік субсидия мақтаға аз төленеді. Кейде үлкен бейнетпен өсіріл­ген мақтаны бағалауға келгенде Ливерпульдегі мақ­та биржасының төмен баға ұсынуы бұл кәсіптен қол үзуге мәжбүрлейді. Бұл ба­ғытта Мақтаарал ауданындағы Мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Ибадулла Үмбетаевтың айтары бар. – Егер де мақтаға біз жеміс-жидек пен көкөніске жасаған жағдайды жасайтын болсақ, мақта олардан да көп табыс береді. Мақтаның бүгінгі таңда абыройын түсіріп отырғаны оған деген көзқарастың төмендігі, – дейді ол. Негізі, мақта шаруашылығы қазақстандық шаруалар үшін таңсық емес. Қазір елімізде мақ­таның отандық 10 сорты бар. 6 түрі өсіріледі. Оның артықшылығы сол, гектарына 55-60 центнерден өнім алуға болады дейді ғалымдар. Мол өнім алудың тағы бір төте жолы ұсақ шаруа қожалықтарды біріктіру. Форумда осындай мәселелер айтылды. Жылда азғантай жеріне мақта еккендіктен, ауыспалы егістіктің жоқтығынан жердің құна­ры кемитіндігі сөз болды. Бұрындары біз де осылай ойлайтын едік. Соры бетіне шығып, суды сіңіре алмай батпақтап жататын алқаптар жерді тоздыруға апаратындай көрінетін. Гәп жерде емес, диқанның өзіне де қатысты екен. Мақтаарал ауданын ұзақ жыл басқарған, Мәскеудегі Тимирязов атындағы ауыл шаруашылығы университетін бітірген білікті басшы Серік Тұрбеков бұл пікіріміздің қате екендігін дәлел­деген. Қызмет бабымен шетелдерде көп болған. Мақтаулы шаруа қожалықтарының жұмы­сымен танысқан. Әр шаруаның қолында бір-бір планшет. Өз жерінен бөлек, әлемдегі жер табиғаты, оны өңдеудің озық технологиясы қолындағы план­шетінде жинақталған. Озық технологияның тәтті жемісін сол ағайындар жеп жүр. Америкалық фермер ұдайы мақта егуден жер тозады дегенде күледі дейді. Өзіне тиесілі жерінде бабасы мақта еккен. Атасы еккен. Әкесі еккен. Өзі де мақта егіп жатыр. Агротехника талаптарын сақтайды. Жерінен бір уыс топырақ алып, ғылыми-зерттеу институтына апарады. Олар жер құрамын тексеріп, қандай минерал беру қажеттігін есептеп береді. Бар болғаны осы. Ал, біз жерге не керек екенін білмей, фосфор мен селитраны төкпелеп бере береміз. Яғни, қай дақылға болса да ғылымға негізделген қамқорлық керек. Мақта керек пе, керек. Маңызды емес деп мәселе қоюға болмайды. Жақында Елбасы Оңтүс­тік Қазақстан облысына Бейбіт Атам­құловты әкім етіп тағайындағанда, өнеркәсіп өнімінің үлес салмағын арттыру және жыл сайын жиналатын 360 мың тонна мақтаны терең өңдеуді жолға қоюды тапсырды. Өйткені, ақ алтын – біздің үлкен байлығымыз Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.