Басқыншыға бас имей, халқымның қайтсем азаттығын қорғап қаламын деп бүкіл өмірін бәйгеге тіккен ардақты хан, жаужүрек батыр Кенесарының тағдыры кімнің де болса жүрегін шымырлатпай қоймайды. Елім деп еңіреудің, жұртым деп тебіренудің үлгісі жайлы бір замандары Мұхтар Әуезов қалам тартса, сол үрдісті қазір талантты жазушы Думан Рамазан әр жанырда жалғастырып келеді. Оның “Кенесары-Күнімжан” драмасы елорда мерекесіне орай Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында алғаш рет қойылды. Драманы сахналаған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.
Мұндағы басты оқиға азаттық үшін күрескен Кенесары мен Күнімжан арасындағы шынайы сүйіспеншіліктен басталып, арты бітіспес дауға жалғасады. Күнімжан көркіне ақылы сай, қазақтың ерге бергісіз қызы еді. Ақмоланың аға сұлтаны Қоңырқұлжа дәулетін пұлдап, қызметін құндап Күнімжанға үш үйір жылқы беріп, үшінші әйелдікке өзіне атастырады. Осы тұстағы Кенесары мен Қоңырқұлжа арасындағы келіспеушілікті патша үкіметінің қазақ жеріндегі жандайшаптары тиімді пайдаланып, “жабайыларды” бір-біріне айдап салып, қырғынға ұшыратуды көздейді. Бірақ әділдік, әділеттілік жеңіске жетеді. Патшаның өкілдері мен Қоңырқұлжа соңында халықтың қаһарына ұшырап, бірін-бірі құрбандыққа шалады.
Осындай трагедиялық көріністерді театр әртістері әдемі ойнады. Тәуелсіздікке жету жолының оңай болмағанын, қаншама арыстардың, аяулылардың шейіт болғанын баяндап, сол жылдағы қайыспас қайраткерлердің аузымен айтылатын ұлттық рухты жанитын сөздер көрермендерді серпілтіп қана қоймай, сергітіп, елдіктің алтын діңгегін теңселтпей сақтағанда ғана мынандай қияметті күндерден аулақ болатынын сезіп отырды.
Кенесары бейнесін сомдаған Сырым Қашқабаевтың, інісі Наурызбайды бейнелеген Жанат Оспановтың бойларындағы жігер мен қуат сол дәуірдің қилы кезеңін, күрескерлер тұлғасын көз алдыңа әкелді. Ал Күнімжан – Айнұр Жетпісбаева қазақтың қызына тән ізет пен инабат, сұлулық пен сымбат тең түсуімен ерекше есте қалды. Қоңырқұлжаны бейнелеген Жанқалдыбек Төленбаевтың патшаның “оң көзі” саналатындарға жайылып төсек, иіліп жастық болып, сұлтандық жолда халқын қансыратуға дейін баратын сәті, Күнімжанды көрген кезде табанға тапталуға әзір екендігі – оның бүкіл болмысын айнадағыдай айқындайды. Сол секілді Горчаков, Карбышев секілді отарлаушылардың жендеттерін бейнелеуде тың қадам жасалыпты. Бұрын мұндай бейнелер көп жағдайда қазақтан асып, сөзі тасып тұратын. Бұл жолы ондай асқақтық көп байқалмайды. Есесіне ұлтымыздың бет бейнесі, батыр тұлғалар алға шыққан. Бұл пьесаның құндылығы да, жетістігі де осында жатқан тәрізді.
Сүлеймен МӘМЕТ.