• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2015

Енді бәсекелестікпен бетпе-бет келеміз

233 рет
көрсетілді

Елбасының Үндеуінен еліміз­­дің кәсіпкерлеріне әкенің балаға жаны ашитындай жақын­­­дықты әрі алдағы кездесетін қиындықтардан сақтандыру жағдайын ұқтық. Ешқандай мемлекет көрпесінің ше­тін тұйықтап, ешкіммен аралас­пай тұрмайды. Байланыссыз шаруа­сын оңтайынан келтіре алмайды. Қанша жерден төрт құбыласы тең мемлекет болғанымен, ішкі және сыртқы нарықты реттемей ісі алға жүрмейді. Мемлекет басшысы Қазақ­станды әлемдегі озық елдердің қатарына қосу үшін осы мәселені бізге жиі ескертіп келді. Біз ерте ме, кеш пе Дүниежүзілік сауда ұйымына кіретінімізді білдік. Мемлекеттік жеңілдіктердің жақсылығын сезінген сайын алда үлкен жауапкершілік барын ұқтық. Қорқатын түк те жоқ. Мұны мен, әйел заты, бүгінгі күннің тілімен айтқанда шаруа қожалығының басшысы айтып тұрмын. Себебі, Үкімет өз тірлігімді икемдеймін деген азаматтардың қолын қаққан жоқ. Ауыл шаруашылығы салаларына барынша жеңілдіктер берді. Қора салсақ, артезиан құдығын қазсақ, шығарған ақшамыздың жартысын төлеп берді. Өндірген өнімдердің белгілі бір пайызын мойнына көтеріп алды. Соның арқасында жаңа технологияларға қол жеткіздік. Мысалы, менің ша­руашылығым көпсалалы. Сауын сиыр, шағын наубайханам бар. Үлкен тауық фермасын аштым. Малды соятын қасапхананы іске қосып жатырмын. Расы керек, кей-кейде дайын өнімдерімізді өткізетін жер таппай қиналып қаламыз. Өйткені, біз сияқты шағын және орта бизнес­пен айналысатын шаруашылықтар көп, тұтынушы аз. Сондықтан, ендігі бәсекеде сапасы жоғары, баға­сы төмен тауарларға сұраныс артады. Басқа мемлекеттерге қара­­ғанда жеріміз кең, мал басын өсі­руге де, бау-бақша өсіруге де қолайлы. Оның үстіне дүние­­жүзінде азық-түлікке тапшылық қатты сезіліп келеді. Сондықтан, Дүние­­жүзілік сауда ұйымына кіру біз­­дің шаруаларға қосымша артық­шылықтар береді деп ойлаймын.   Гүлсара СЕЙІТЖАНОВА, «Жаңа жер» шаруа қожалығының төрайымы. Оңтүстік Қазақстан облысы.