• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2015

90 жас және 9 мамыр

665 рет
көрсетілді

Жеңістің 70 жылдығына орайлас 9 мамырда 90 жылдық мерейтойын атап өткен майдангер жазушы Қалмұқан Исабай жиылған көпшілікке: «Мамыр айы сияқты, барлығыңның өмірлерің мереке мен берекеге бай болсын!..» деген риясыз ақ тілегін арнады.

Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмұқан Исабайдың өмір жолы көптен-көп өнегелі ғибраттар шертеді. 1943 жылдың қаңтарында он сегіз жасында оныншы сынып партасынан майдандағы әскер сапына алынады. Соғыс аяқталған соң табаны күректей 9 жыл бойы әскери қызметте жүріп, Германияның Ильменау қаласының коменданты болады. Ерлікті білекпен ғана танытпай, жүрекке түйген Қалағаң бейбіт өмірге араласқан жылдарда қазақтың аса қадірменді қайраткер жазушысына айналды. Халқына қырықтан астам сүбелі кітаптар жазып ұсынды. Солардың ішінде оқырман ілтипатын еншілеген «Арна», «Айқыз» романдары, «Шоң би» атты ауқымды трилогиясы бар. Қалағаңның бейбіт өмірдегі ерлікке бергісіз кереметтері «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде журналист болып жүрген сонау алпысыншы жылдары басталған. Ол сонда «Ертіс-Қарағанды» каналының ұзына бойымен 500 шақырым жаяу жүріп өтіп, осы ұлы құрылыстан одан кейін де он жыл бойы қол үзбей, тақырыпты талмай зерттеп, талай-талай тамаша кітаптар, жүздеген мақалалар тудырған-ды. Қалағаң жасаған ғажаптардың бастыларын ғана жіпке тізіп көрейікші. Берлин көшесіне Абай аты берілуі, қаскөй отаршы Ермактың аты қазақ жерінен өшіріліп, ескерткішінің аласталуы, Италияның Триест қаласында 1943-1945 жылдары осы қала мен Гориция облысын азат ету кезінде қаза тапқан 104 кеңес жауынгеріне, оның ішінде, қаншама қазақ боздақтарына арналған ескерткіш орнатылуы, Абайдың мәрмәр тақтаға қашалған «Қараңғы түнде тау қалғып...» аударма өлеңінің Габельбахтағы Гете музейіне қойылуы, Тюрингияда шырқалған Абай әнін 60 мың адам тыңдауы – осының бәрі қазақ жазушысы Қалмұқан Исабайдың табандап ізерлеуінің арқасында мүмкін болған, мақтан етерлік жағдайларымыз. Одан қала берді, халқымыздың толағай тұлғалары: Шоң би Едігеұлын шығармасымен ұлықтады, ақын Сұлтанмахмұт есімін кеңшарға бергізді, Екібастұз кенін ашқан қара қазақ Қосым Пішенбаевтың есімін жарыққа шығарып, ескерткіш қойғызды. Осы аталған еңбектердің өзі де елім деген бір кісінің тақиясына тар емес-ау. Майдангер жазушының 90 жылдығы Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен тұспа-тұс келіп тоғысуы жақсылық нышанына баланды. Мерейтой иесін Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау жолдап қуантса, ҚХА мүшелері Асылы Осман, Қазақбай Қасимов ұлт мерейін асырған ұлағаттарын құптай сөйледі. Ал әдебиетіміздің абыздары Серік Қирабаев, Шерияздан Елеукенов, белгілі жазушылар Ғаббас Қабышұлы, Оразақын Асқар, Марал Ысқақбай, Қабдеш Жұмаділов, Ахат Жақсыбаев, Софы Сматаев, Бексұлтан Нұржекеев жақсының жақсылығын айтып одан әрі сүйіндіре түсті. Қазақстан Жазушылар одағының басшылары, сенатор Нұрлан Оразалин мен ақын Ғалым Жайлыбай тоқсанның төріндегі қарт тарланның иығына шапан жауып, құттықтау хатын тапсырып, игі тілектерін ағынан жарыла ақтарды. Алматы қаласындағы Медеу ауданының өкілі соғыс ардагерінің кеудесіне Жеңістің 70 жылдығы құрметіндегі «Мерекелік медальді» ілтипаттап тақты. Павлодардан арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әшімбетов облыс әкімінің құттықтау хаты мен туған өңірінің тарту-таралғысын жүрекжарды лебізін білдіре табыс еті. Бір ғажабы, осы азаматтың әкесі Кемерге жазушы 1991 жылы Шоң би туралы кітабын: «Сендердің шаңырақтарыңда да Шоңдардың шығуына тілектеспін» деген қолтаңбамен сыйлаған екен. Енді, міне, сол аманат-тілек орындалып, Нұржан Кемерұлының отбасында үш жарым жастағы кішкентай Шоң өсіп келе жатыр екен. Майдангер жазушының өмір жолын, шығармашылық белестерін кестелеген деректі фильмді көпшілік қызыға тамашалады. Сондай-ақ, балалары Баян, Айқыз, Қали, Алманың демеушілігімен шыққан «Өтелген парыз» атты өмірбаяндық романы, сұхбаттар мен мақалалар кірген жаңа кітабы той тәбәрігі ретінде таратылды. Бір айта кететін жайт, Қалағаңның 57 жыл отасып, қосағымен қоса ағарған жары Зәбира апайға да алғысты лебіздер молынан айтылды. Әлбетте, Қалмұқан Исабай ағамыз Ұлы Отан соғысының ғана емес, «Егемен Қазақстан» газетінің де ардагері екендігі әсте ұмытылмады. Сіздің тілшіңіз майдангер жазушыға бас басылым басшыларының дұғай сәлемі мен құттықтауын жеткізіп, иығына оқалы шапан жапты, сондай-ақ, Жеңістік 70 жылдығы құрметіндегі сыяпатты сыйақысын табыс етті. Осы орайда өзі ерекше жақсы көретін Қалмұқан ағаға арналған өлең шумақтары да аса бір жаймашуақ, ғанибет жағдайда оқылып еді. Сол өлең мінеки: Бойы бұлдырықтай Қалағам, Кеңірдегі қылдырықтай Қалағам. Он сегізде солдат боп, Аламанға түсер арғымақтай жараған. Қолтоқпақтай болса да, Қанына қарға бойлы Қазтуғанның, Қайсарлығы дарыған Қалағам. Баянауылдың байтағында, Жасыбайдың ойпаңында, Кіл ұлылардың ой таңында туып, Қазағым деп арыған да налыған, Қайратын намыстың Үнсіз де жүріп жаныған Қалағам. Қаршығадай Қалағам, Қолдан бермес намысты Осы екен ғой нар ағам. Жиырмасында комендант боп Жігер-қайрат тасытқан, Намысұлы Нар ағамды елестетем көзіме Неміс елі – Ильменаудай қаладан. Фраулар қанша сұлу болса да, Жырауларды ұмытпаған Қалағам. Германияны Абайдың әнімен жаулап, Өз бабаларын, Өз даналарын ұлықтаған Қалағам. Фашисті жеңген Қалағама Шовинистерді омақастыру қиын боп па?! Гитлерді құртқан нар ағама Ермак бұйым боп па?! Бабасы Сәтбек батырдай айбатты, Көрсетті Қалағам қайратты. Қаскөй Ермакты қайта тұрмастай құлатып, Көлденеңінен гүрс еткізіп сұлатып, Қазақтың Қалмұқан Исабаевы жайратты. Өшкеннің жанды шырағы, Кеткеннің қайтты есесі. Триесте – боздақтарына қазақтың Қалағам орнатқан ескерткіш, Берлинде – Абай көшесі Еуропаға жаяу жеткен Қалағам Қазақтың ұлан-байтақ даласында, Қара Ертістен Қарағанды қаласына, Жаяу Мұса бабасындай, Жаяулап қыдырса, Сірә да таң қаласың ба?! Халайық, қарайық: Қарсы алдымызда дана адам отыр. Жан-жүрегі періштедей бала адам отыр. Бейбіт күнде де ерлік жасаудан тынбаған батыр, Өзі кішік, істері сара адам отыр. Қарадан шығып хан болған Шоң бидей, Тоқсанның өрінде, Құрметтің төрінде Қаһармандардың ішіндегі ең қарапайымы, Қарапайымнан шыққан қаһарман Қалағам отыр... Нағыз Нар Адам отыр... Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсірген Айтжан Мұрзанов.