• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Таным 23 Қаңтар, 2026

Қарамола жарғысы

20 рет
көрсетілді

Бұл жәдігер – 1885 жылы Абай Құнанбайұлы төбе би болған Қарамола съезінде қабылданған жарғы. Заң Қазан қала­сындағы Императорлық университеттің баспаханасынан басылып шықты.

Қазақ даласында тұңғыш жарық көрген 73 баптан тұра­тын «Ереже» деп аталатын заң нұсқасы бұрынғы Семей облысының Қарамола дейтін жерінде бес дуан елі билерінің съезінде қабылданып, бекітілген. Заң әу басында «Қарамола заңы» деп аталып, кейін «Билер ережесі» деген атауға ие болған.

«Қарамола жарғысы» – ХІХ ғасырдағы адам құқықтарының сақталуы мен бостандығы хақында хакім Абайдың құрастырып шығарған, халық арасына кең таралған ережелердің бірі. Бұл құжаттың қабылдануы мен ел арасына таралуы туралы дерек пен естелік өте көп. Бұл туралы М.Әуезовтің «Абай жолы» романында да көрініс береді. Алайда қазіргі әліпбиге аударылған нұсқасы кейін белгілі болса да, басылымның түпнұсқасы немесе көшірмесі беймәлім болып келген көрінеді. Мәселен, 1959 жылы Ғылым академиясының қызметкері, ғалым Қарта Қаңтарбайұлы Қазан қаласынан тауып, аудар­масын ғана жасаған. Осы аударманың мәшіңкеде терілген нұсқасы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің қорында сақтаулы тұр.

«Қарамола жарғысы» адам құқығы мен бостандығын қор­ғау туралы ережелер жинағы. Кодекс 1885 жылы Қарамола елді мекеніндегі съезде, Абай жоғарғы би болып сайланғанда қабылданған. Ресей үкіметінің жергілікті өкілдері хакімнен заңдар жинағын жазып беруді өтінген. Үш күн ішінде билермен кеңесе отырып, Абай осы жарғыны шығарды. 2018 жылы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы қызметкерлері Қазан қаласына сапар жасаған кезде заңдар жинағын тапқан», дейді музей директоры Ұлан Сағадиев.

Бір қызығы, белгілі этнограф Зейнолла Сәніктің еңбектерінде аталған құжаттың 73 емес, 74 баптан тұратыны айтылады. Автор ол деректерді «Шыңжан қоғамдық ғылымы» журналынан алғанын ескерткен. Мәселе – тіпті құжаттың неше баптан тұратынында емес, яғни бұл деректен аталған құжат Шығыс Түркістандағы қазақтардың да темірқазығы болғанын көреміз.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар