• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2015

Әйел үшін ең жаманы – жалғыздық

605 рет
көрсетілді

Жақында әлеуметтік же­лі­лерде Қытай елінде білім алып жүрген қазақ қыздарының кө­бісінің ішімдікке құмар екені, араққа сылқия тойып алып, жа­тақханаларда жын-ойнақ жасайтыны туралы ақпараттар елді дүр сілкіндірген-ді. Абырой болғанда артынша олардың жалған екені, әлдекімдердің қы­састықпен жария етіп жібергені мәлім болды. Әйтсе де, соңғы жылдары әйелдердің алкогольді ішімдікке құмартып бара жатқаны тосын жаңалық болмай қалды. «Ауруын жасырған өледі» деген. Отбасының берекесі болуы тиіс аналардың араққа салынып ке­туінің себебі неде? – Бүгінгі таңда диспансерлік есепте 8620 адам тіркелген болса, оның 1011-і әйелдер, – дейді бұл жөнінде Жамбыл облыстық наркологиялық диспансерінің бас дәрігері Жақып Жексембиев. – Шынын айту керек, күнделікті өмірде әйелдердің маскүнемдігі жайында көпшілік жақсы біле бермейді. Мәселен, ащы сумен дос болған әйелдердің саны ерлерге қарағанда, әлде­қайда аз дейді. Бірақ бұл – қате. Шындығында, ерлердің ішімдікке салынуы бірден көзге түсіп қалады. Ал әйелдер болса мұндай жаман әдеттен ұялады, көп ретте ондай қылықтарын жа­сырып жүреді. Әсіресе, ет жа­қын­дарына білдірмеуге тырысады. Біздің диспансерде емделіп жүрген әйелдердің бірі жұмыс сатысы бойынша алға басудың орнына бос уақытын бала тәр­биелеуге арнайды. Былайша қарасаңыз, ешқандай сөкеттік жоқ. Әйтсе де, қырық жасқа аяқ басқан кезде ерлі-зайыптылар арасындағы арақатынас өз­герген. Жұбайлардың ортақ әңгі­месі азайып, бір-біріне деген қызы­ғушылықтары жоғалады. Мұн­дай көріністердің соңы көбіне шаңы­рақтың шайқалуына әкеліп соғады. – Біздің түсінігімізде әйелдің араққа салынуына негізінен тұр­мыстың төмендігі, күнкөрістің қиындығы себеп болатын сияқты еді... – Әрине, әйел күйзеліске ұшыраған кезде ішіп ке­туі мүмкін. Бірақ, қазір мұн­дай­лардың қатарында дәулетті от­басылардың әйелдері де бар. Оларда бәрі бар. Күйеу, бала, үй, байлық. Бірақ күйеуі тек өз жұмысымен ғана айналысады, балалары мектепте немесе балабақшада. Көрдіңіз бе, әйел тағы да жалғыз қалды. Отбасы, жұмысы бар, бірақ, өмірден ләззат алмайды. Осыдан кейін алдымен қымбат ішімдік ішіп, кейіннен есірткі пайдалануға бейімделіп кеткен әйелдер де жетерлік. Тіпті, ұйықтау үшін немесе ашуын басып, өзін тыныштандыру үшін жиі-жиі ащы судан ұрттап, алты ай немесе бір жылдай уақыт өткенде сол «дәрісінен» бас тарта алмайтын жағдайға жеткендер де бар. Өкінішке қарай, біздің қоғамда әлі де саламатты өмір салтын ұстанып, бассейнге, фитнес-орталыққа бару деген жүзеге аспай отыр. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.
Соңғы жаңалықтар