Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың басымдықтары кеше Орталық коммуникациялар қызметінде кеңінен сөз болды. Бұл жолы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Сергей Плотников пен осы комитет мүшесі Қуаныш Айтаханов шықты.
Ауыл шаруашылығы ел экономикасының шешуші салаларының бірі екендігін атаған Қ.Айтаханов халықты сапалы да арзан азық-түлікпен, өндірісті шикізатпен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеп, экспортқа шығару арқылы республикалық бюджетке қомақты қаржы түсіру міндеттері тұрғандығын ерекше атады. «Соңғы уақытта шикізат ресурстарына әлемдік нарықтағы бағалардың төмендеуі еліміз экономикасының дамуына өз әсерін тигізуде. Түбінде жер қойнауы байлықтары таусылуы да мүмкін. Ал, әлем халықтарының саны мен олардың әл-ауқатының өсуі ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұранысты арттыра түседі», деді Қуаныш Айтаханұлы.
Сенатордың пайымдауынша, жердің құнарлылығын арттырып, инновациялық технологияны ендіріп, пайдалана білсек, ауыл шаруашылығынан тұрақты түрде мол өнім алып, табысқа жетуге болады. Сондай-ақ, депутат 2015-2017 жылдарға арналған бюджетті оңтайландыру мәселесі қаралған Үкімет отырысында Елбасы агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауды ұлғайтуға тапсырма бергендігін, Үкімет нақтылаған 2015 жылдың бюджеті туралы заң жобасында бюджет тапшылығына қарамай, ауыл шаруашылығына 20 млрд. теңге қосымша қаржы бөлу ұсынылып отырғандығын жеткізді.
Тағы бір белгілі болғаны, республикалық бюджетті оңтайландыру барысында 2015 жылға жоспарланған макроэкономикалық көрсеткіштер экономиканың барлық салаларында төмендесе де, ауыл шаруашылығы бойынша жоспарланған күйінде немесе 102,7% көлемінде қалып отыр. Қ.Айтаханов осының өзі ауыл шаруашылығы саласының әртүрлі экономикалық қиыншылықтарға төзімді сала екенін дәлелдейді дегенді баса айтты. «Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Үкімет отырысында мемлекеттік қаржыларды үнемдеуге ерекше назар аударды. Бюджет қаржыларын тиімді, қайтарымы мол салаға бағыттау қаржы үнемдеудің ең дұрыс жолы екені белгілі. Осы бағыттардың бірі суармалы жерлерді тиімді пайдалану», деді сенатор. Бүгінде агроөнеркәсіп кешені саласында 7 мыңнан астам заңды тұлғалар мен 200 мыңға жуық шаруа қожалықтары және 2 миллионға жуық адамдар жұмыс істейді.
Сенатордың сөзінен мәлім болғанындай, 2014 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2,5 трлн. теңгені құраса, бұл өткен жылғы деңгейден 0,8%-ға артық. Саланы дамытуға 208 миллиард теңге жұмсалса, бұл 2013 жылмен салыстырғанда 4%-ға көп. Ал 2015 жылы салаға 227 млрд. теңге бөлінсе, бұл 2014 жылғы деңгейден 9%-ға артық. Депутат мемлекет беретін субсидиялар көлемі жыл сайын өсіп келе жатқанын, 2013 жылмен салыстырғанда субсидия көлемі 88 миллиард теңгеден 148 миллиардқа немесе 68%-ға өскенін ерекше атады. Бұл тұрғыдан келгенде сенатор сөзін былайша қорытты: «Ауыл шаруашылығын әртараптандыру, ірілендіру, кооперациялау, жаңа технологияларды ендіру, агроөнеркәсіп кешеніндегі шағын және орта бизнесті дамытуды барынша қолдау арқылы, арзан, сапалы азық-түлік өнімдерін өндіру мен еңбек өнімділігін арттыру, агроөнеркәсіп кешенін бәсекеге қабілетті салаға айналдыру керек». Комитет төрағасы С.Плотников қазір әлемдегі жағдай ушыққан күйінде қалып отырғандығына назар аудартты. Сенатордың айтуынша, геосаяси дағдарыс пен алдыңғы қатарлы державалардың енгізген санкциялары әлемдік экономиканың қайта қалпына келуіне кедергі келтіріп отыр. Сондықтан да мемлекет тарапынан нақты шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол» бағдарламасын толықтыру үшін жаңа дағдарысқа қарсы шараның бірі ретінде агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауды арттыру қажеттігін ерекше атағаны мәлім. Бұл ретте С.Плотников Ауыл шаруашылығы министрлігіне бөлінген қаржы толық игерілерін, алайда, жаңа және қомақты қаражатты қажет ететін жобаларға кетуі тиіс шығынның оңтайландырыларын да тілге тиек ете кетті.
Депутаттың мәлімдеуінше, «Агробизнес-2020» бағдарламасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жаңа ғылыми зерттеулерге 70 миллиард теңге қарастырылса, соның 3 миллиарды немесе 4,2 пайызы оңтайландырылып отыр. Ал «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-тың әкімшіліктік шығындарына 200 миллион теңге немесе 12 пайыз түзету енгізіледі. «Ауыл шаруашылығына қосымша 20 миллиард теңге көзделсе, бұл қаржылар АӨК субъектілерін субсидиялауға – мал және құс шаруашылықтарына 11,5 миллиард теңге, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қаржылық жағдайын оңалтуға бағытталған лизингтік және несиелік мөлшерлемелердің өсіміне 5 миллиард теңге, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтарды сатып алу жөніндегі несиеге сыйақы 3,5 миллиард теңге қарастырылған», деді Сергей Викторович.
Оның мәліметіне қарағанда, көктемгі егіс жұмыстарына және күзгі егінді оруға қажетті сома 97 миллиард теңге көлемінде белгіленіп отыр. Ал лизинг бағдарламасына сәйкес ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға 28,5 миллиард теңге қарастырылатын болады. Қазірден белгілі болғандай, 1610 ауыл шаруашылығы техникасын жеткізу жоспарланыпты. Саланы мемлекеттік қолдаудың бірқатар жаңа құралдарын жүзеге асыру және қаржыландыру үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіп кешендері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Агроөнеркәсіп кешенін және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заңдардың қабылданғанын жеткізді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».