• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Волонтер Кеше

Еріктілер – ел мен еңбекке адал жандар

10 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумының ашылуына қатысып, бұл басқосудың шын мәнінде ерекше маңызға ие екенін айтты. Жиынға еліміздің әр аймағынан қоғам игілігі үшін қызмет етіп жүрген отаншыл, жасампаз 500-ден аса белсенді волонтер келді. Президент жиналған қауымды форумның ашылуымен құттықтап, волонтерлік қозғалыстың қоғамдағы рөліне тоқталды.

Елдік мұрат-мүдде бәрінен биік

Биыл бүкіл әлем Халықаралық еріктілер жы­лын атап өтіп жатыр. Бұл бастаманы Пре­зи­­дент Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-сес­сия­­сында көтерген еді. Еліміздің ұсынысы жаһан­­­дық ауқымда қолдау тапты. Осы орайда фо­­румда Мемлекет басшысы еріктілердің қо­ғам­­­­дағы рөлі мен олардың үлесін жоғары ба­ға­­­лап, волонтерлікті нағыз азаматтық жа­уап­­­­кер­­­шілік пен патриотизмнің көрінісі деп атады.

– Біз өркениетті ел ретінде күллі адам­­зат­қа ортақ құндылықтарды дәріптейміз, оны келешек ұрпаққа аманат етеміз. Ерікті болу – игі істер жасау, жақсылық істеп, басқаға үлгі көрсету, Отаныңа адал қызмет ету, туған жеріңе жанашыр болу деген сөз. Ниеті түзу, жаны таза адамдар осы жолды таң­дай­­ды, еріктілер қатарына қосылып, қажыр­лы еңбек етеді. Еріктілерді озық ойлы қоғамның айнасы деп айтсақ, артық болмайды. Нағыз волонтер тұтас қоғамның игілігін ойлайтын, еліміздің мұрат-мүддесін биікке қоятын саналы азамат екені сөзсіз. Осы орайда, бүгін мен барша еріктілерге шынайы алғы­сымды айтамын. Сіздер барлық игі істің басы-қасында, халқымыздың арасында жүр­сіздер! Еліміздің дамуына елеулі үлес қосып келесіздер, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қоғамды ізгілендіруді көздеген жиында бірқатар азамат сөз сөйлеп, салмақты ой­ларын ортаға салды. Президент ұтымды ұсыныс­тарды қолдайтынын, ең пайдалысын жүзеге асыру бойынша тапсырма беретінін жеткізді.

– Халқымыз «Ақыл – жастан» деп бекер айтпаған. Қазақстанның болашағы – осындай белсенді әрі жігерлі ұл-қыздарымыздың қолында. Бәріңізге «Жарайсыздар!» деп айтқым келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ ұлы Абайдың сөзін еске сала отырып, волонтерлердің ақынның өсиетіне сай еңбек етіп жүргенін ерекше бағалады. Әрі сын сағаттарда волонтерлер кез келген шаруаға жауапкершілікпен қарап, белсенді жұмыс істегенін атап өтті.

– Қазақ – болмысынан кеңпейіл халық. Қиналған адамға қол ұшын беру – ұлтымыздың бойында бар асыл қасиет. Бабаларымыз жақыныңа жанашыр болуды, табиғатты аялау­ды адамгершіліктің белгісі санаған. Әрдайым ынтымақ пен бірлікті сақтап, тату-тәтті өмір сүруді ұрпағына өсиет еткен. Ұлы Абай «толық адам» болудың бір шарты – жұртқа жақсылық жасау, шапағатыңды тигізу деген. Сіздер осы өсиетке сай еңбек етіп, «Адал азамат» деген атқа лайықты істерді атқарып жүрсіздер. Әсіресе сын сағаттарда волонтерлеріміз кез келген шаруаға зор жауапкершілікпен қа­рап, белсен­ді жұмыс істеуде. Пандемия к­езін­де ерік­ті­лердің ерлігіне бүкіл ел куә бол­ды. Күрде­лі кезеңде мыңдаған волонтер алдың­ғы шеп­те еңбек етті. Олар дәрігерлерге, тәр­тіп сақ­шыларына, мұғалімдерге, мұқтаж жан­дарға көмектесті. Алапат тасқын кезінде ерікті­лер құтқарушылармен бірге ортақ іске атсалыс­ты. Апат күндері 50 мың волонтер табанды жұ­мыс істеді. Жалпы, мұндай мысалдар аз емес, көп. Халқымыз «Жақсыны ісінен таны» деген. Сіздер қазақтың мейірбан ұлт екенін іс жүзінде көрсетіп жүрсіздер, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өз сөзінде еріктілер қозғалысына ерекше мән беретінін, еліміздегі «волонтер болам, қоғамдық іспен айналысам» деген әрбір азаматты қолдауға әрқашан дайын екенін білдірді. Есепке шақсақ, қазір елімізде 1 ұлттық және 20 аймақтық фронт-офис табысты жұмыс істеп тұр. Арамызда адамгершілік, ізгілік қасиеттерін ту еткен, өзгелерге жанашырлық пейілін танытып жүрген жандар қатары да артып келеді. 2020 жылы республикада 50 мың волонтер болса, бүгінде олар 300 мыңға жетті. Елге пайдалы жұмыспен айналысатын ұйымдардың саны төрт есеге жуық өсіп, 800-ден асты.

– Қазіргі таңда еріктілеріміз экология, білім, мәдениет және басқа да салалар бойын­ша маңызды бастамалар көтеруде. Соның ішін­де «Жас ағаш», «Эко бақылау», «Білім волон­тер­лері» жобаларын ерекше атап өтуге бола­ды. Осындай іс-шараларға 100 мыңға жуық ерікті қатысты. Әр бастаманың елге, қоғам­ға берер пайдасы мол. Мен өздеріңіз сияқты жасам­паз жастарға зор үміт артамын. Біз бәрі­міз бір ел болып, ауқымды шаруа ат­қар­дық. Енді тоқтамай, тек қана алға қарай жүру үшін заман ағымына сай болу өте маңыз­ды, – дей келе Қасым-Жомарт Тоқаев ерік­ті­лер қозғалысын дамытуға қатысты бірнеше өзекті міндетке тоқталды. 

Мемлекет басшысы айқындаған міндет

Президент әуелі волонтерлік қызметте жаңа технологияларды кеңінен пайдалану керек екенін баса айтты.

– Мен Жолдауымда еліміз үш жыл ішінде толық цифрлық ел болуға тиіс деген міндет қойдым. Соған сәйкес нақты жұмыс істеліп жатыр. Ел өмірінің барлық саласына озық технология тәсілдері, әсіресе, жасанды интеллект жүйесі енгізіле бастады. Еріктілер қозғалысы да бұл жұмыстан шет қалмауы керек. Мен волонтердің цифрлық паспортын жасау туралы ұсынысты толық қолдаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Одан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ықпалдастықты арттыру міндеті тұрғанын еске салды. Мемлекет басшысы тәжірибе алмасуға және халықаралық деңгейдегі волонтерлік бас­тамаларды үйлестіруге арналған жаңа платформалар құру қажет екенін айтты.

– Қазақстан БҰҰ Еріктілер бағдар­ламасына атсалысып келеді. Бұл біз­дің азаматтарымызға жаһандық волон­терлік құрылымдарда бірегей тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Ерікті­леріміздің осы Бағдарламаға алдағы уақытта да қатысуын қамтамасыз ету маңызды. Тәжірибе алмасуға және халықаралық деңгейдегі волонтерлік бас­тамаларды үйлестіруге арналған жаңа платформалар құру қажет деп санаймын. Қазақстан БҰҰ-мен қатар ШЫҰ, АӨСШК, ТМД секілді маңызды ұйымдар аясында еріктілер қозғалысын дамытып жатыр. Мәселен, биыл біздің бастамамызбен Қазақстанда Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдер еріктілерінің алғашқы форумы өтеді. Өздеріңізге мәлім, еліміздегі Халықаралық еріктілер жылы «Орнықты келешек үшін бірге!» ұранымен өтуде. БҰҰ қолдауымен Астанада биыл сәуір айында өтетін Өңірлік экологиялық саммиті аясында волонтерлер үшін арнайы сессия ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл іс-шара экология саласындағы үздік волонтерлік жобаларды жүзеге асыруға ықпал етпек. Бұдан бөлек, Каспий теңізіндегі іс-қимыл апталығы мен Арал маңындағы табиғатты қалпына келтіру жөніндегі халықаралық волонтерлік апталық өткізу көзделген. Аталған жиындарға түрлі мемлекеттерден еріктілер шақырылады. Кең байтақ өңіріміздің қайталанбас экожүйесін сақтауға бағытталған бұл бастамаларды қолдаймын, – деді Президент.

Азаматтардың экологиялық мәде­ниетін арттыру қажет. Мемлекет басшысы айқындаған үшінші мәселе осы ойдың төңірегінде өрбіді.

– Бұл – өркениетті қоғамға тән өте маңызды құндылық. Бүгінде еріктілер елді-мекендерді көркейтуге белсене атсалысып жүр. Олар былтырдың өзінде «Таза Қазақстан» аясында өткен 1300-ден астам іс-шараға қатысты. Сондай-ақ волонтерлер ағартушылық сипаттағы түрлі бастамаға ұйытқы болды. Осындай игі істер ар­қылы елімізде жаңа экологиялық мәде­ниет қалыптасып жатыр. Бұл бағыт­тағы жұмысты күшейте түсу керек, себебі экологиялық мәдениеттің жоғары болуы кез келген елдің озықтығы мен жасам­паздығының айқын көрінісі. Ал Қазақ­стан ең дамыған елдердің қатарында болуы қажет, бұл – біздің ұлттық стратегия­мыз­дың аса маңызды бөлігі. Әсіресе кәсі­би эковолонтерлерді даярлап, әр аймақ­та тұрақты ұжымдарды жасақтау өте маңыз­ды. «Таза Қазақстан» қозғалысын ұлтт­ық идея және мемлекеттік саясат ретін­де мін­детті түрде кеңінен дәріптеп, жалғастыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

«Мейірім» ордені тағайындалады

Президент волонтерлікті дамыту үшін мемлекет деңгейіндегі жаңа жүйелі шаралар қажет екенін баса айтты.

– Биыл еріктілер ісін дамытуға арналған үш жылдық Жол картасын іске асыру мерзімі аяқталады. Сондықтан Үкімет 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды құжат әзірлегені жөн. Бұған дейін қабылданған шаралардың тиімділігіне баға беру және Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сай волон­терлік қозғалысты нығайту үшін қосым­ша ынталандыру тетіктерін қарастыру маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев корпоративтік еріктілер қозғалысын дамыту өте маңызды міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бизнес әлеуметтік жауапкершілікті сезіне білуге тиіс.

– Мемлекетіміз ұлттық буржуазияны үнемі қолдауда, ал біздің кәсіпкерлер халқымызға қамқор болып, әрдайым көмектесуі керек. Тарихта мұндай мысалдар аз емес. Бақуатты азаматтар мектеп салып, оқу-ағарту ісін дамытуға үлес қосқан. Кітаптар, газет-журналдар шығаруға, халықтың сауатын ашуға зор еңбек сіңірген. Бір сөзбен айтқанда, ұлттың бойында, болмысында жаңа қасиеттер қалыптастыруға белсене атсалысқан.

Қазір де көптеген жомарт жанды азаматтарымыз бар. Олар қайырымдылық және басқа да әлеуметтік маңызы бар шараларға еріктілерді көптеп тартатын болды. Бизнес өкілдері корпоративтік волонтерлік қызметке назар аударып, осы бағыттағы жобаларға барынша қолдау көрсетуі керек. Қызметкерлердің қоғамдық жұмысқа белсене атсалысуына жағдай жасауы қажет. Мемлекет жұртқа жақсылық жасап, қоғамдық істерге ұйытқы болып жүрген кәсіпкерлерді қолдайды. Сондықтан мен былтыр арнайы «Мейірім» орденін тағайындау туралы шешім қабылдадым. Бұл марапат халықтың қамын ойлайтын отаншыл азаматтарға деген шынайы құрметтің белгісі болмақ, – деді Президент.

Түбірімен өзгерген жаңа құжат

Волонтерлер форумы елдің тағдыры, ұлттың болашағы айқындалатын шешу­ші сәтте өтіп жатыр. Былтырғы Жол­дауда Мемлекет басшысы алдағы сая­си жаңғырудың негізгі бағыттарына қатысты ұсыныстарын айтқан еді. Бүгінде бұл бастамалар қоғамнан кең қолдау тауып, оны бүкіл ел талқылады. Міне, жарты жылдан бері конституциялық реформаға қатысты қызу пікірталас жүріп жатыр. Партиялардан, депутаттар мен сарапшылардан, заңгерлер мен қоғам белсенділерінен мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Онда мемлекеттің институционалдық негіздерін өзгертуден бастап, Ата заңның мәтінін редакциялауға дейін, өте көп мәселе қамтылды.

Азаматтардың белсенділігін ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Қызылордадағы отырысында бірқатар бастаманы жұртшылықтың назарына ұсынды. Оның бәрі мемлекетті басқару жүйесін тиімді, орнықты әрі теңгерімді етуді көздейді. Президент форумда қазіргі алмағайып кезеңде бұл маңызды мәселе екенін жеткізді.

– Халықтан келіп түскен ұсыныстарды жүйелеп, жинақтау үшін Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына барлық аймақтың өкілдері мен түрлі санаттағы азаматтар, халық қалаулылары, орталық атқарушы органдардың басшылары, құқықтанушы ғалымдар, тіл мамандары және белсенді жастар кірді. Қоғам өкілдерін қамту ауқымы, кәсібилік пен азаматтық жауапкершілік тұрғысынан алғанда, мұндай комиссия елімізде бұрын-соңды болмаған деп сеніммен айтуға болады. Комиссия жұмысы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпін берді. Комиссия мүшелері конституциялық реформаға қатысты әр мәселені егжей-тегжей қарап, жан-жақты талқылап, ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Осыған дейін Комиссияның 5 отырысы өтті. Оның бәрі әлеуметтік желіде тікелей эфирден көрсетіліп, ақпарат құралдары арқылы кеңінен таратылды. Мен талқылау барысын мұқият қадағалап отырмын. Осы орайда, Ата заңымызға қатысты көптеген прогрессивті, инновациялық ұсыныс берілді деп сеніммен айта аламын. Түптеп келгенде мұның бәрі еліміздің Ата заңына негіз болады. Бұл әлемде қалыптасқан қазіргі күрделі кезеңде біртұтас Қазақстан халқына бағыт сілтейтін маңызды құжатқа айналады деп сенемін, – деді ол.

Мемлекет басшысы егер болашақта Конституцияға қандай да бір өзгерістер, тіпті, шағын өзгерістер енгізу керек болып жатса, ондай қадамды тек референдум арқылы ғана жасауға болады деген ойда екенін айтты.

– Конституция, бұл – кез келген елдің ең басты жол көрсететін құжаты, темір­қазығы. Конституцияны бәріміз білуіміз керек, бағалауымыз қажет. Сондықтан егер болашақта Конституцияға қандай да бір өзгерістер, тіпті, шағын өзгерістер енгізу керек болып жатса, ондай қадамды тек референдум арқылы ғана жасауға болады деген ойдамын. Бұл да халқымыздың азаматтық құқығын күшейтудің маңызды тәсілі деп сенемін. Тағы бір айта кететін маңызды жайт: Комиссия Конституцияға қатысты ұсыныстың бәрін мұқият саралап шықты. Мұқият ойластырылған түзетулер Конституцияның барлық не­гізгі бөлімдері мен баптарын, преамбу­ла­сын түгел қамтитын болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қолданыстағы Ата заң еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде дамуына елеулі үлес қосқанын, мұны ешкім жоққа шығармайтынын тілге тиек етті.

– Кешегі отырыстағы пікірталаста Комиссия мүшелері «Ата заңға енгізілетін өзгерістер ауқымына қарасақ, жаңа Конституция қабылдауымыз керек» деген байлам жасады. Шын мәнінде, ұсыныл­ған түзетулер жобасы елді институ­ционалдық-құқықтық тұрғыда жаңғырту­мен ғана шектелмейді. Сонымен бірге бұл қадам тұтас мемлекеттік жүйені қай­та түзуге жол ашады. Түбірімен өзгер­ген мүлдем жаңа құжаттың бейнесі қалыптасты.

Ата заңымызда жарқын болашаққа нық қадам басқан бүгінгі Қазақстанның тұғыры әбден бекіген мемлекет ретін­дегі идеалдары, қағидаттары мен басым­дықтары көрініс табады. Әрине, қолда­ныстағы Ата заң Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуына елеулі үлес қосты. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Сондықтан былтырғы 30 тамызда Конституцияның 30 жылдығын кеңінен атап өттік, – деді Мемлекет басшысы. 

Құндылықтарды қалыптастыру маңызды

Комиссия мүшелері ұсынған заң­намалық ережелерде адам құқықтары бәрінен жоғары тұратыны және адам капиталы ең қымбат құндылық екені айқын көрсетілген. Сондай-ақ әр азаматтың өз әлеуетін іске асыруға теңдей мүмкіндік беретін әділ қоғам құруды көздейді. Ғылым-білім, инновация салаларын дамытудың маңызына ерекше назар аудары­лып отыр. Президент пайымын­­ша, жаңа тарихи кезеңде еліміздің цифрлық дәуірге бейімделуі жеткіліксіз.

– Жасанды интеллект және басқа да озық технологиялар біздің қоғамға қызмет етуі қажет. Сондықтан даму көшінің бағытын нақты айқындауымыз керек. Ата заңымызда адамгершілік құндылықтарды ерекшелеп, бөлек жазу ұсынылды. Бұл да – өте маңызды. Басқаша айтқанда, адам жасанды интеллектіге қызмет етпейді, керісінше, адамзаттың ақыл-ойынан туындаған жасанды интеллект тұрмыс-тіршіліктің барлық саласында толайым табысқа жетуі үшін азаматтарға көмектеседі. Конституцияда гуманитарлық құндылықтарды қалыптас­тыру маңызды деп санаймын. Атап айтқанда, жалпыұлттық бірегейлікті нығайтуға, табиғатты аялауға басымдық беру жөнінде сөз қозғап отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол бұл мәселе баяндамашылардың сөзінде қамтылғанын атап өтіп, идеяларды қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар бай мәдени мұрамызды сақтауға, дәріптеуге бағытталған волонтерлеріміздің қызметін де қуаттайтынын растады.

– Конституцияға енгізілетін өзгерістер еліміздің дамуын жаңа әрі сапалы деңгейге көтереді. Бүкіл мемлекеттік жүйені қайта құрып, билік пен қоғамның ықпалдастығын жетілдіре түседі. Ұсынылған түзетулердің ішінде жауапты әрі жасампаз отаншылдық туралы идея бар. Патриотизм – құр ұран емес. Бұл қасиетті ұғымға жауапкершілікпен қараған абзал. Мен бұл жайында жақында өткен Ұлттық құрылтай отырысында айтқан болатынмын. Отаншыл азамат дегеніміз – жауапкершілігі жоғары және жасампаз азамат. Мен еліміздегі әрбір еріктіні – баршаңызды дәл осындай нағыз отаншыл азаматтар деп санаймын. Жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясы әрбір волонтердің жанына жақын. Менің бұған еш күмәнім жоқ. Әрбір азамат өзінің және қоғамның игілігі жолында күнделікті адал еңбек етіп, әлемді жақсарта түсуге ұмтылуға тиіс. Отанға деген шынайы сүйіспеншілік – осы. Танымал қоғам қайраткері пас­тор Мартин Лютер Кинг «I have a dream», яғни «Менің де арманым бар» деген еді. Сондықтан «мына әлемді жақсарта түсемін» деп армандаңыздар. Мұраттарыңызға жетесіздер деп ойлаймын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Отанымызды көркейту, яғни Заң мен тәртіп үстемдік құрған, Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет екенін еске салды.

– Әлемдегі ахуалды көріп-біліп отырсыздар. Түрлі қақтығыстар мен шие­леністер ушығып, болашақты болжау қиынға соғуда. Соған қарамастан еліміз өсіп-өркендеп келеді. Біз табанды еңбектің арқасында барлық мақсат-мұратымызға жетеміз. Кез келген сын-қатерге төтеп береміз. Өскелең ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, ұқыпты, тәртіпті, жинақы болғаны, жақсы мен жаманды айыра білгені айрықша маңызды. Тағы да атап өткім келеді: мен халқымыздың, әсіресе, жас буынның күш-жігеріне, жасампаз рухына сенемін. Қазақстан – біздің жалғыз Отанымыз, бәріміздің қастерлі мекеніміз. Елімізді ешкім сырттан келіп көркейтіп бермейді. Қазақстанның мықты, қуатты, озық болғаны тек бізге ғана керек. Сүйікті Отанымызды көркейту, яғни Заң мен тәртіп үстемдік құрған, Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет. Осы міндетті орындау үшін бәріміз бір қоғам болып еңбек етейік, достар! – деп сөзін түйіндеді Мемлекет басшысы.

Форумда сондай-ақ Парламент Мәжі­лі­сінің депутаты, «Ұлттық волонтер­лік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Вера Ким, «Медицина жас­тары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абылайхан Әбдіраш, «Dosco» қоғамдық қорының директоры Айнұр Аймұрзина, эковолонтер Бауыржан Жақыпов, тарихи-мәдени мұралар саласындағы волонтер Андрей Лутошкин, Халықаралық волонтерлер жылының Еуропа мен Орталық Азия бойынша аймақтық үйлестірушісі, БҰҰ-дағы қазақстандық ерікті Зарина Мирабдуллаева сөз сөйледі.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумына қатысушылармен бірге суретке түсті. 

Соңғы жаңалықтар