Мемлекет тарапынан ағартушы салаға айрықша қолдау көрсетіліп, қомақты қаражат бөлінгеніне қарамастан, Жамбыл облысында әлі күнге дейін 1 апатты және 11 тозығы жеткен, 17 оқушы орны тапшылығы бар білім ордасы тіркелген. Тоз-тозы шыққан білім ордасы шалғайдағы Мойынқұм ауданына қарасты Күшаман ауылында орналасқан.
Рас, кейінгі жылдары Президент бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасының аясында өңірде бой көтерген заманауи білім ошақтарының саны артты. Ата-аналардың айтуынша, аталған мектептердегі білім сапасы көңіл көншітетін көрінеді. Оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай қарастырылған. «Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да – осы» деген Президент сөзі облыс орталығынан бөлек аудандарда іс жүзінде нақты көрініс тапқаны расында да құптарлық қадам.
Әйтсе де өңірде бой көтергеніне 73 жыл болған Мәншүк Мәметова атындағы білім ордасы секілді мектептер әлі де баршылық. 1951 жылы салынған білім ордасының мәселесі осы жылы шешімін табуға тиіс. Өзге де талапқай сай келмейтін оқу ордаларының жай-күйі жергілікті жұртты алаңдататыны рас.
Өңірлердегі ағарту саласындағы өзекті мәселе мәжіліс қабырғасында да айтылғаны мәлім. Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров тозығы жеткен мектеп санын азайту мәселесін шұғыл түрде шешудің маңызы зор деп есептейді.
«Жамбыл облысында тозығы жеткен мектептер әлі де баршылық. Осы жылы өңірлер үшін бюджетке субвенция ретінде 6 трлн теңге қаражат бөлінеді. Екі жылдың бедерінде әбден ескірген білім ордаларының мәселесін толығымен шешкен жөн. Біз бұл бағытта қолдан келгенше тер төгуге әзірміз», дейді Мәжіліс депутаты.
Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтің айтуынша, өткен жылы 11 білім беру нысанына 11 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылып, күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. Сонымен қатар 26 мектеп пен 14 балабақша және 1 арнайы мектеп ағымдағы жөндеу жұмысымен қамтылған.
«Өңірде үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешілді. Ал қазіргі уақытта облыс аумағында 1 апатты, 11 тозығы жеткен және оқушы орны тапшылығы бар 17 мектеп тіркелген. Осы жылы 12 білім беру нысанын пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Соның арқасында оқушы орны тапшылығы бар 2 білім ордасының, тозығы жеткен 4 мектептің, сондай-ақ спорт залы мен асханасы жоқ 6 мектептің мәселесі шешіледі.
Бұдан бөлек Мойынқұм ауданына қарасты Күшаман ауылындағы Амангелді атындағы апатты мектептің орнына 80 орындық жаңа білім беру нысанының құрылыс жұмысын бастауға ниеттіміз. Осылайша, шалғай ауылдағы өзекті мәселені шешуге ден қойып отырмыз», дейді басқарма басшысы.
Расында да Күшаман ауылындағы білім ордасының жағдайы кімді де болса алаңдататыны анық. Дәл осы білім ордасы мен Мәншүк Мәметова атындағы мектептің мәселесі БАҚ бетінде талай рет көтерілгені мәлім. Сондықтан осы екі мектептің проблемасы осы жылы шешілсе, жергілікті жұрт дән риза болатыны сөзсіз. Қалай болған күнде де ата-ана баласын тозығы жеткен білім ордасына бергісі келмейтіні белгілі ғой.
Әдетте жаз мезгілінде ауылдардағы көптеген мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізілетіні баршаға белгілі. Алайда миллиондаған тендерді алған компаниялар жұмысты баяулатып, білім ордасы жаңа оқу жылына дайын болмай жатады. Салдарынан ауыл оқушылары мәдениет үйлерінде оқуға мәжбүр болады. Өңірде жаңадан бой көтеретін білім ордалары да уақтылы аяқталмай, жұрттың жүйкесін жұқартпаса екен дейміз.
Әлбетте, өңірдегі ескірген мектептердің мәселесін бір жылда толығымен шешу – қиынның қиыны. Оған қаржылық мүмкіндік те жоқ шығар. Әйткенмен, жамбылдық шенеуніктер ағарту саласындағы басты проблеманы толықтай биыл еңсермесе де, алдағы жылы шешсе деген тілек бар.
Жамбыл облысы