Еліміздің ерлер құрамасының капитаны болып Диас Досқараев тағайындалды. 6–7 ақпан аралығында Астанада Монакоға қарсы өтетін Дэвис кубогінің плей-офф сайысында дәл осы маман біздің жігіттерге жетекшілік етеді.
Диас Досқараев кезінде жақсы ойыншы болды. Туған ағасы Олжас екеуі ғасырлар тоғысында түрлі жарыстарда атой салды. Ағайындылар бірқатар елішілік, халықаралық додада дараланды. Олжас – қазақ теннисшілері арасынан шыққан тұңғыш спорт шебері. Алайда ол білім-ілімнің жолына түсіп, АҚШ-қа аттанды да, үлкен спортпен қош айтысты. Сөйтіп, спорттық мансабын ерте аяқтады. Диас та Америкадағы Оңтүстік Алабама университетінде оқыды. Дегенмен теннистен қол үзбеді. Кезінде Испанияда, әйгілі Эмилио Санчес Академиясында шеберлігін шыңдаған Досқараев еліміздің екінші ракеткасы дәрежесіне дейін жетті. Сол кездері «Egemen Qazaqstan» газетінде халықаралық жарыстарда елеулі табыстарға қол жеткізіп жүрген жалғыз қазақ теннисшісі жайында құлаш-құлаш мақалалардың жарық көргені көзіқарақты оқырмандардың есінде болар.
Кортпен қош айтысқаннан кейін де Диас Бауыржанұлы үлкен спорттан алыстаған жоқ. Федерацияда бірқатар басшылық қызмет атқарды. 2012–2019 жылдар аралығында ұлттық құраманың капитаны болды. Сол кездері жерлестеріміз үш рет Дэвис кубогінің ширек финалында ойнады. 2019 жылы жаңа форматтағы жарыстың финалына шықты. Одан кейін ұйымның вице-президенті болды. Бұл ретте де Д.Досқараев біраз шаруа тындырып, үнемі игі істердің басы-қасынан табылды. Енді, міне, республикалық теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов қазақ маманының іскерлігі мен білімдарлығын, талапшылдығы мен табандылығын, өз ісіне деген адалдығы мен ұйымдастырушылық қабілетін ескеріп, оған дүбірлі дода қарсаңында аса жауапты міндет жүктеді. Бұл міндетті Диастың абыроймен атқаратынына сенім мол.